11 Наурыз, 2018

Әскери құтқарудың қауырт қызметі

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» кәсіпорнының  Маңғыстау  филиалында  республикалық БАҚ өкілдеріне   арналған  пресстур  ұйымдастырылды.

Әскери құтқарудың қауырт қызметі

Журналистер қауымына Маңғыстау филиалының  бүгінгі   қызметі   таныстырылып,  құтқарушылардың  қауіпті  де   жауапты  жұмыстарынан  жаттығу дабылдары назарға ұсынылды, сондай-ақ,  өңіріміздегі  жалғыз   әскерилендірілген  кәсіби  мекеменің құрал-жабдықтары  мен арнайы техникасы  таныстырылды. Журналистер назарына өнеркәсіптік альпинизм  оқу-жаттығуы нақты  түрде  ұсынылды. Құтқарушылар биіктікте зардап шегушіні  алып   шығып, алғашқы  көмек  көрсетті.

-Зардап  шегушіні  бұрғылау  құрылғысынан  альпинистік  құрал-жабдық арқылы алып шығу – оңай шаруа емес. Ереже бойынша іс-қимыл 15 минутқа созылады. Егер, көмек уақытылы көрсетілмесе, зардап  шегуші  өліп  кетуі  мүмкін.  Диспетчерден болған оқиға туралы  ақпаратты алған соң, бірден қажетті құрал-саймандарды  дайындаймыз. Жаңа ғана биіктікте зардап шеккен адамды құтқарып  алдық, 20  құтқарушы өнеркәсіптік альпинизм бойынша арнайы курстан өтті, дейді взвод командирі Тұралы Кочербаев.  

Одан әрі журналистер филиал   базасындағы  құрал-саймандар  мен арнайы техникамен  танысты және оқу залында тәжірибелі инженер Есен Қанаев дәріс өткізді, тілшілер  құтқарушылардың қиын  да  жауапты  жұмысы жайындағы бейнероликті тамашалады.

Журналистер филиал қызметкерлерінің бір күндік жұмысымен танысып, алдағы уақытта ақпараттық қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді.     

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы