Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Жан баспаған жасылын тапқан ақын

1309 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әбубәкір Қайран ақын інімнің от жүректі отыздардағы кезі. Өлең оқыған кездегі ақындық алапаты керемет-тін. Әлі де солай. Бірақ жас кездегі жалыны мен жарасымы мүлдем бөлек. Ақынмен бірге тыңдаушы да бір сырлы да шуақты әлемге еніп жүре береді, ғажайып күйге бөленеді. Жұрт жиыла қалған жерде Әбубәкір өршіл өлеңдерін дүрілдетіп оқып ала жөнелді. Жатқа оқиды. Шашы жал­бырап, арқаланып, аруақтанып, кө­зінен от шашқан шалқар да дарқан ша­бытпен буырқанып, көмейінен лақыл­датып селдете, тау өзеніндей күріл­деп тасып оқиды.

Жан баспаған жасылын тапқан ақын

«Аңсар» мен «Ағын», «Қиял» мен «Метафора», «Қараңғыда» мен «Екі сәт» оқылады. «Әбіш, енді «Қасқырды» оқы, «Аспанды» оқышы!» деген дауыс­тар шығады... Сонда деймін-ау, тыңдап отырғандар да қатарлас құрбы, «менмін» деген мықты-мықты ақындар. Бірақ нақ өлең оқыған кезде Әбубәкірдің әуселесі озып, мысы басып кетеді. Бәрі бірауыздан ылғалсыз ақ жүрекпен Әбубәкірді мойындайды, жақсы көреді.

«Көкбөрі деген бөлек ұғым ғой, ал кәдімгі, «Болса дағы қаталдықтың, қаскөйліктің бейнесі», қасқыр болып ойланған да толғанған қазақтың тұңғыш ақыны осы біздің Әбубәкір. Адамның құрған қақпанына түсіп, сирағын қақпан кесіп өлгелі жатқан қасқырдың зары сай-сүйегіңді сырқыратады, адамдарға айтқан өсиет-сыры жаныңды толқытады.

Ата жолын жалғастырдым бұрынғы,

Адал болдым өз ісіме болаттай.

Қасқыр арын қастерледім,

Атыма кір жолатпай.

Қатал адам қақпан құрды,

Қулық қылды,

Қуаламай, оқ атпай.

Ой-хой шіркін,

Өз жолы үшін күйіп кеткен бір пенде

Бар ма екен мен секілді молақтай?!

...Әлде біз де қоямыз ба адал

асты асауды,

Адамдардан оқимыз ба

қулық-сұмдық жасауды?

...Қор болады-ау қасқырлығым,

қайратым,

Қайда сыйып жүрер екен айбатым.

Көріп өлген жолбарыстың уысын,

Бақытты екен менің Көкжал туысым.

Мен – бақытсыз!

Сен не дейсің жарық Ай?

Халім бітті... Көрінесің...

Көрінесің тарыдай.

Міне, осындай әсерлі, аянышты әрі дәл сурет жалын жүрекпен оқылғанда сенің де жаның шығып кетердей шыр­қыр­айды. Қасқырға жаның ашиды, адам­дар­дың қаталдығына беттен басып қын­жы­ласың, налисың. Одан әрі:

Соңғы тілек –

Қасқырларым қасқырлыққа

құнықсын,

Ал адамдар қасқырлықты ұмытсын.

Мен де жедім Адам жеген тәтті асты,

Неге олар меніменен қастасты?

Айт оларға,

Қақпандарын... Қақпандарын әкетсін.

Адамдығын өздеріне бас етсін,

Адалдығын қасқырларға паш етсін!

Былай қарағанда аса қарапайым, бірақ ішкі қуаты ересен осынау жыр қасқырлардың ғана емес, адамдық пен адалдықтың да гимні болғандай. Қасқыр қасқырлығымен, адам адамдығымен қасиетті деген ойды аңғартады.

Әбу­бәкір­дің қасиет пен киенің, тектілік­тің тереңіне бойлаған жырлары аса тағ­дырлы жырлар болғандығына өмір куә. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ­тың бір топ жас ақын-жазушылары Мәскеуге бүкілодақтық кеңеске барды. Жиыннан жақсы мерейленіп қайтып келген соң қазіргі белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек айтады: Сонда орыс, әзербайжан, армян, грузин, басқа да ұлттардың жас ақын-жазушылары сөзін, мағынасын ұқпаса да, Әбубәкірдің өлең оқығанын қызықтап тыңдауға қайта-қайта келіп, ақынның арқалы шабытына таңғалып сүйсінді, дейді. Мақамына, сарынына, жырдың құйылысына, тау құлатардай сарқыраған екпін-ағы­ны­на, ақын жігіттің біресе күздей күр­сінген, бір­есе көктем боп күлімдеген құбы­лы­сына қатты әсерленеді. Иә, шынайы ақын­дық құдірет осындай болса керек.

Әбубәкірдің біраз өлеңдері өзін тудырған ақыннан бөлек, өз бетінше өмір сүре бастады. Олай дейтініміз, ана бір жылы қазіргі көпшілікке танымал өнерпаз Нұрлан Әлімжанов Өскемендегі көркемсөз оқу сайысында Әбубәкір ағасының «Қасқырын» оқып, халықты қарық қылады, өзі қанжығасына бас бәйгені бөктереді. Көпшілік мазмұнды, мағыналы өлеңге де, оны келістіріп оқыған дарынды шеберге де разы. Залда отырған сол кездегі облыс прокуроры, генерал, ел ағасы Хакім Көшқалиев риза болғандығы сондай, сол арада өз атынан жеке марапат тағайындап, Нұрланға «Қасқырды» қайтадан оқытып, керемет қасқыр терісін сыйға тартқан еді. Бұл күнде әлеуметтік желіге жүктелген «Қасқырды» тәнті болып оқушылар саны он мыңға жетті. Жаркенттен, Көкшетаудан, басқа жерлерден ақын Әбубәкір Қайран­ның «Қасқырын» ерекше іңкәр-ынты­зар­лық­пен оқып, өнер додаларында бәйге алу­шы жеткіншектердің жаңа легі шыға бастағанын естіп қуанулымыз.

Әбубәкірдің сонау сексенінші-тоқ­саныншы жылдардағы алау шабы­ты­ның серт семсеріндей, ғажайып өмір гимні сияқты өлеңдерін жыр сүйетіндердің білмейтіні кемде-кем-ді. Солардың дені өзекке шоқ түсіретін, жанам деген жүрекке от түсіретін ойлы да сойлы, нұрлы да сырлы, ақынның әмбе азамат­­тың темірқазық асқақ мақсатын айқындаған мұратты һәм миятты жырлар болатын.

Ағын. Ағын.

Өмірдің бәрі де ағын.

Осы ағындар қалдырар жазып әнін.

Осы ағындар от өзен секілденіп,

Ошағыңның орайды жалындарын.

Осы ағындар озған ат, жеңген ердің

Мәңгі қорғап қалады ар-ұжданын.

Ағын. Ағын.

Ақынның жаны да ағын.

Қара сөзбен қалдырар қазына мың.

Ағын емей немене ағылған тіл,

Уын сыртқа шығарар бар ызаның,

Ағындардың ішінде ақбас толқын –

Ақындардың ішінде табынарым.

Ағындардың ішінде ақкөйлек қыз –

Арулардың ішінде сағынарым.

Ағындарды аралап бара жатыр

Өз жүрегім, өзімнің жаным-арым.

Біздің Әбубәкірдің де шабытты ша­ғын­дағы жан сезімі – толассыз ағын­дардың арпалысы. Оның поэзиясы мимырттықтан, мәймөңкеден, көлгір­лік­тен, жылтырлықтан ада, жөңкілген жойқын ағылыс. Өмірде де осылай ағыл-тегіл болып жүреді. Кешегі Қасымдарға, Мұқағалиларға тән нағыз ақындық болмыс пен батырлық мінез де Әбубәкірдің бойынан молынан табылады. Жаңағы айтқан сексенінші-тоқсаныншы жылдарда Алматыда пәтерден- пәтерге көшіп жүргеннің өзінде оның үйі бейне жас ақындардың әдеби салоны іспеттес болатын. Жұматай Жақыпбаевтың әйгілі поэзия қағанатының иықтарын жұлып жеген сен тұр, мен атайын нояндарының бәрі осында да жиі-жиі жиналып бас қосушы еді. Өлеңдерін оқып, пікір таластырып, мәре-сәре қызыққа батушы еді. Жұмағаң шерткен күйлерді, дәмдеп айтқан әңгімелерді тыңдаушы еді. Өз басым күні кеше дүниеден озған дүлдүл қалам­гер Рақымжан Отар­баевпен, Семей­де­гі пырақ ақын Тыныш­тықбек Әбді­кә­кімұлымен әм басқаларының бі­ра­зымен «провинция­дан» келе сала осы Әбу­бәкірдің «әдеби са­ло­нын­да» та­нысып, та­лай-талай ғанибетке ке­нел­­ген­імді әсте ұмы­тар­мын ба.

Белгілі ақын Бауыржан Жақып сол шақты кейінірек: «Қасқыр» мен «Аспанды» оқып біздің Әбіш, қарсы келген жауын да құлататын» деп еске алса, сонысы нағыз шындық болатын. Бұл күнде Маңғыстауда жатқан, ол кезде Алматыда еркіндеп жүрген бөлек­ше дарын Светқали Нұржан да осы пікір­ді қуаттап, Мұқағали қарғып тұрып сұра­са, жыр-ғұмырыңды жалғастырған Әбу­бәкірің бар деп айтармын деп тол­ға­ныпты. Ал бүгінде Астананы жайлаған батыр мінезді Баянғали ағасы сол жалынды жырларды, жайлау күндерді сағынышпен еске алып, жүрегін былай­ша бүлкілдетеді: «Ақ қағазға түс­пе­ген­мен дастан боп, Таңғажайып сәт­тер өтті бас­тан көп. Әбубәкір ақын інім екеуміз Түнгі бақты кезуші едік мастау боп. Аппақ қарға аунап жата кетуші ек, Өлең оқып «Аспан! Аспан! Аспан!» деп». Жыр құдіреті, поэзиядағы ағыл-тегіл сезімдердің ағыны жүректерді, міне, осылай елжіретеді.

Тегінде, Әбубәкір өлеңдеріндегі көк­бөрілік рухымызды ардақ тұтатын арда мінез өмірден көрген өнегелерінен тамыр тартады, балалық шағындағы қайнары мөлдір, қайрағы қатты болғанын аңғар­тады. Ол мінезді дарытқан – «көк­пар­шы мен атбегінің әулеті», «киелер­ге – түйелерге иегер, қабағынан қар бора­ған қара шал». Иә, қисық кеткен кез­деріндегі осы қара шалдың қам­шы­мен тартып жіберер шақтарын сағынары да бар. Бұл – тілге ұста, ділде нұсқа әкесі Рахметолла. Түйебазы, құты­рын­ған буралардың арасында жүрегі шай­лық­пас, түйе қомы, ат жалын жолдас етіп, Тарбағатайдың тарғыл тасындай қайратты болып өскен өжет бала осы Әбубәкір еді.

«Шегірткелі, шеңгелді, шұбар шилі, Жерімді аңсап жүрегім сыңарсиды. Өзе­гімді өртесе өткен күндер, Өн бойым­нан өлең мен мұң аңқиды» деп өзі айтқандай, Әбубәкірдің жан-жүре­гі тек өле­ңнен ғана балқытып құйып жарат­қан­дай боп көрінеді. Жыр­ла­рын­дағы табиғилық пен шынайы­лық, тұнық тазалық пен алғаусыз адалдық тәнті етеді. «Қара жерден үзілсе қайран табан, Тікенегін жерімнің қайдан табам?!» деп ағынан жарылуы қапысыз сендіреді.

Кейінірек өзі «Өнерге жер көп өте бай, өтері сенен жоқ бірақ» деп жыр­ла­ғандай, ақын жырларының бір алтын бесігі – студенттік албырт шағы өткен Семей. Әбубәкірдің «бауырсақтай бауырмал» жүрегі «Терек діңін кісі екен деп, Жапырағын құс екен деп қалатын» лүпілдеген ағынды, аңсарлы шақтары да осы. Әдебиеттанушы абыз ағалар Қайым Мұхаметханов, Төкен Ибрагимовтар болашағынан үміт күтіп, талай тағылым дәрістерін тыңдатушы еді. Ағалар алдында Әбубәкір жасындай жарқылдап, жосылта жыр оқушы еді. Әсіресе Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Мағжандар жайында сол 19-дағы өрім шағында алғаш Қайымдай қайраткер ағаның
аузы­нан естіп еді.

Осы әз ағалар ақ батасын беріп, ас­қақ ақын болсын деп Әбубәкірді астанаға аттандырған-ды. Әдеби ортаға қал­тқысыз араласты. Өлеңін алғаш тың­дағанда-ақ Ғафу, Қадыр ақындар «Бәрекелді!» дескен. Бұған дейін прозамен көбірек әуестеніңкіреп жүрген талап­кер өлеңге осыдан соң шындап кірі­сіп, жырұйыққа біржола бойлады. «Жан баспаған жасыл бар, мен табамын!» деп сертті сөзін айтып, ақын­дық­тың мият жайқынына құлаш ұрды.

Жан баспаған жасылды Әбубәкір тапты. Ол өзгеге ұқсамайтын өзінің ерекше, ақындық салқар әлемін жасады. Өмірін өлеңінен, өлеңін өмірден әсте бөлектемейтін Әбубәкір жыр­ларын­дағы асқақ рух, мөлдіреген мейірім, қаза­қы қуақылық, шыншылдық пен шынайы­лық қазақ поэзиясының әр кезеңін­­дегі ең бір жарқын беттерді еске салатындай. Асылы, ол Қасым, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Жұматай ақын­дардың жұлдызды шоғырымен үндес, рухтас, жалғас. Қазағын риясыз сүйген ақынның Абай хакім атасы сияқты кей сәттердегі шымбайға батырар сыншылдығы да адал ниеттен туып, аза­мат ақынның шын шамырқанысын аңда­тады, «улы сия, ащы тіл, не жазып кетсе жайы солдың» қиясын меңзейді. Жүрек­тің ызасын, көңілдің назасын да күлбілтелеп, жасырып-жауып, айтпай бұғып қалатындардың сойынан емес. Ақын жүрегінің айнымас темірқазығы парасат пен ақиқат нысанасынан әсте адастырмайды. Шабытты шақтарында «Әлемнің бүкіл ақ нұрын бойына жиып, ғарыштан келген сияқты ғажайыптанады». Көлгірсуге жаны қас. Поэзияға дәл Әбубәкірдей адал ақын сирек. Оның поэзиясының өн бойында «Ойсылқара жарықтықтар заңғардай, теңселеді тым зиялы жандардай». Оның өлеңдерінің аңсары биік, алауы – ақ жалын, шабыты – сәулелі сезімдердің жөңкілген ағыны. Қазақтың Әбубәкір ақыны «сәукеледен сығалаған сәулелі ойға» сүйінеді, ал «әйел тұрмақ, еркек біткен сыбырлап» кетсе, күйінеді. Кей-кейде «ең тәтті дәм – өмірдің уы ғана!» деп ащы айтып, ақиқатқа жүгінеді. Жан-жүрек­тің осы күйзелістерін «Ұл боп ту­ып қатынынан қазақтың, Құл болуға тиіс­ті едің сен неге?» деген шырқыраған жанайқайға жеткізеді.

Иә, шынымен-ақ, ақынның өмірде тау-
сылмас мұңы да, сарқылмас ғажабы да – қазағы. Сол үшін Қаракерей Қабанбай батыр бабасының рухына ша­ғы­­нып, Махамбеттің қоржында кеткен зарлық басын жоқтайды. Желтоқсан көте­рі­лісінен кейін іле-шала Албан Ұзақ батырдың өлер алдындағы ақырғы сөзін айтып, «Орыстың ұлығындай пасық бар ма, Қанымды ұрттап ішіп қасықтарда!» деп шамырқанады. Желтоқсаннан кейінгі сүргін-сойқанда қаладан қашқан қазақ жігіттің зары болып төгіледі өлеңі. Сонымен бірге «Қазақ деген азап көрген арыстан, Есіркей көр жарық таң!» деп болашақтан үміт етеді.  Әбубәкірше тол­ғасақ: «Халықтың орны өлшенсе бо­ла­шақпенен, Шын қазақ болып қалуға жа­расақ дер ем».

 Заман мен қоғамның, адам мен табиғаттың қалтарыстағы талай сырларын қапысыз жырлаған, еңселі, есті дүниелерге толы «Маңдайдағы жазулар» атты жыр жинағы үшін Әбубәкір Қайран 2004 жылы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Осы тамаша жыр жинағын жаны жәннаттан жай тапқыр жақсы ағамыз, қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Иманасовтың «Жыл кітабы» деп бағалауы біраз жайды білдірсе керек-ті. Одан кейінгі жылдарда бірінен бірі өткен «Ерасыл», «Жасыл жаңбыр», «Наркескен» атты толымды жыр кітаптарын тудырған Әбубәкірдің ақындық ағыны бір сәт те бәсеңдеген емес.

 Қазақ поэзиясындағы баллада мен поэ-
ма жанрларын көркейтудегі көрнекті бір үлес Әбубәкір Қайранға тиесілі дер едік. Қабанбай батырдың жастық жырлаған «Ерасыл» жеткіншектер үшін таптырмас хрестоматиялық поэма. Ал қазақтың ең жақсы жүз поэмасының қатарына қосылған «Кенесары» тарихи дастаны осынау көк­жал тұлғаның қасіретін, замана сипа­тын кеңінен толғап, ақынның эпи­ка­лық қуатын айқын танытты. Қазақ хан­дығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бәйгелі болған тағы бір тарихи дастаны «Низам» Тәуке ханның «Жеті жарғысының» дүниеге келуі орайындағы ауыр тақырыпты әдемі бипаздап алып шықты. «Мұрын ана – Жүзей қыз» толғауы да Әбубәкірдің тари­хи тақырыпқа шаппайкерлігін та­ғы бір айғақтады. Ал Желтоқсан көте­рі­­лісіне қатысушы жігіттің трагедия­сын то­лайым шабытпен шебер бейнеле­ген, «Жұлдыз» журналында жарияланған соң­ғы дүниесі – «Ол» қисса-хикаяты өлең мен қара сөздің қорытылған құй­ма­сын­дай, мазмұн мен форма тұр­ғы­сы­­нан алғанда да тың соныға бас­тап, ақын­ның жаңа, тұғырлы биігін нұс­қай­ды.

Алпыс жасының асқарында «Мен ғашықпын ғаламға» деп жар салған ақын жаны мазасыз. Алашын алғаусыз аймалаған ақын жырлары күллі адамзатты да айқарып құшағына алады. «Мен – жерлікпін!» деп айтуға да ерлігі мен кеңдігі, пейілі мен мейірімі жетеді. Халқын қалтқысыз сүйген ақынның жан тебіренісіне біз де қосылып:

Елдік пен ерлік байқалар әлі,

Шайқалар әлі талай көк.

Кеткенін халқым қайта алар әлі,

«Алла!» деп... Сонсоң «Абай!» деп – Әбубәкірге ілесе қайталағымыз келеді.  Арқыраған ағыннан байсал ағысқа көшкен, тамырында «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» бүлкілдеген осынау сабат поэзия қазақтың өлең сүйер қауымына дәйім қуаныш сыйлай берсін.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»