Алайда ұлттық мұрамыздың жандануына теңдессіз үлес қосқан ұлы күйші-композиторға арналған іс-шараның ұлан-байтақ еліміздің бір ғана батыс өңірімен шектелуі еш қисынға келмейді. Басқа өңірлер Құрманғазыға жат па еді?
Күй ұлтымыздың үні мен сөзі болған, халқымыз дүниеге әкелген көркем құндылықтардың шыңы. Ал Құрманғазы ұлт мәдениетінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік деңгейге шығарған өнер иесі. Халқымыз үшін күй мен Құрманғазы есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым. Құрманғазы бір облыстың немесе бір аймақтың перзенті емес. Ол ұлтымызға, елімізге ортақ, адамзат мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға.
Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын атап өту күйшіні ұлықтау ғана емес ең алдымен халқымыздың төл өнері – күйді ел іші мен шет мемлекеттерде кеңінен насихаттау мақсатын көздеуі керек. Елбасы өзінің мақаласында: «Халқымыздың тарихи, өміршең тәрбие берерлік музыкалық мұраларын айтқанда даңқты бабамыз Құрманғазыға соқпай өте алмаймыз. Құрманғазы күйлерін өз елімізде ғана емес, шетелдер арасында да насихаттамай әлемдік өркениеттің көшіне ілесу қиын», – деген еді.
Сондықтан Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын мемлекеттің мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шарасы мәртебесінде өткізу қажет. Бұған республиканың барлық аймақтары, мәдениет пен ішкі саясат және ақпарат саласындағы, басқа да мемлекеттік органдар жұмылдырылуы керек.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні екенін атап көрсеткен. Сондықтан күйшіні мемлекеттің бір аймағында ғана еске алу қоғамда кеңінен талқыланып, сынға алынып жүрген жершілдікті қолмен жасағандай әсер қалдырары да сөзсіз.
Осы айтылғандарға байланысты біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, төмендегі шараларды өткізуді ұсындық:
- Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын республиканың барлық аймақтарында атап өтудің кешенді іс-шаралар жоспарын дайындау;
- Шетелдерде, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу;
- Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік сапарларын ұйымдастыру. Оның ішінде күйші жерленген Ресей Федерациясының Астрахань облысында арнайы концерттер өткізу;
- Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар мен парламент-
аралық байланыс алаңдарын пайдалану арқылы қазақ күй өнері мен күйші өмірін насихаттау;
- халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулар өткізу;
- күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар және басқа да танымдық іс-шаралар ұйымдастыру;
- республикалық бюджетті нақтылау кезінде осы шараға қажетті қаржы көзін қарастыру;
Күй атасын ел болып құрметтеу басты парызымыз екенін ұмытпаған жөн.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутаты