Қолдауға лайықты бастама
Министріміздің «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек» деген бастамасын қолдауымыз қажет. Бәрі де ұрпақ үшін, болашақ үшін жасалып жатқаны жақсы ғой. Жаңа заманға лайық жаңғырып, жаңарып отыру – уақыт талабы. Оның үстіне бұл – біздің төл мерекеміз. Түркі халықтарына ортақ мейрам болғанымен, Қазақ даласының қан-базардай қайнаған өмірінің мән-мағынасын аша түсетін, бейбіт күннің бесігін тербетіп, ел бірлігін нығайтатын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қайта жаңғыртып отыратын айтулы күн. Әрине, мұндай айтулы шараны ел болып қолға алып, қолдауымыз керек. Әсіресе, бұл шарада жұмыла көтеретін жүктің салмағы өнер адамдарына түсетіні белгілі. Сондықтан мен осы руханият саласында жүрген барлық әріптестерімді, ұлтымыздың ұлы мейрамы – Әз Наурызды өз деңгейінде ұрпаққа ұлағат етуге шақырамын.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі
Рухани жаңғыруға арналған жоба
Қазақстан Наурыз тойын 1988 жылдан бастап қайтадан атап өте бастады. Алайда, бүгін Наурыз мерекесі көбіне қатардағы іс-шара ретінде тойланып, сахналық қойылымдар шеңберінде ғана аталып өтіп келгені тағы рас. Ал шын мәнінде Наурыз күн мен түннің теңеліп, тіршілік ұйқыдан оянып, барша дүние жаңаратын, ежелгі қазақи таныммен айтсақ «Самарқанның көк тасы жібитін» кезең. Нағыз Жаңа жыл осы! Алайда, елімізде нағыз жаңа жыл – Наурызға дайындық ресми Жаңа жылға қарағанда мүлде елеусіз жүргізіледі деген реніштер көптеп кездеседі. Әрине, қазір заман басқа, талап басқа болғандықтан ендігі жерде елдің Наурыз тойын атап өтуге қоятын талабы да жаңара түсетіні заңдылық. Осы орайда ел қалауының тамырын дөп басып, Наурыз мерекесін жаңаша атап өтуге ұсыныс жасаған еліміздің мәдениет саласының тізгінін ұстаған Арыстанбек Мұхамедиұлының төл мерекемізді қалай атап өту керектігін көрсеткен ойлары – ұлтымыздың шын мәнінде рухани жаңғыруына бағыт беретін іргелі жоба деп ойлаймын. Сондықтан бұл бастаманы қолдап, ондағы айтылған ойдың жүзеге асуына баршамыз атсалысуға тиіспіз. Елбасымыздың ұлт болашағына негізделген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын басшылыққа ала отырып, Наурыз мейрамын ұлықтауды қолға алған министр қоғамның барлық сұранысын ескере келе, ең бірінші үлгі көрсетуді мәдениет саласының қызметкерлерінен талап етуі заңдылық. Биылғы Наурыз мүлде басқа реңкте өтетіндіктен осынау төл мерекемізді атадан жеткен дәстүріміз бен мәдениетімізді заман талабымен үндестіре отырып барынша жоғарғы деңгейде ұйымдастыру – парызымыз деп білеміз. Бала кезімізде ауылда өтетін Наурызда әрбір үй наурызкөже пісіретін. Наурызкөже басталғанда көженің алдын «баланың көңілі – таза, тілеуі – оң», – деп балаларға ішкізетін. Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурызды ең әуелі балдырғандарға арналған мейрам ету керек дегені сол дәстүрді қайта жаңарту деп білеміз. Жалғыз ол ғана емес, Наурыз мейрамын атап өтуді бірнеше салаға жіктей отырып, осы мерекенің аясында ұлттық киім мен ұлттық асхананың абыройын көтеруге, адамдарды татулыққа жетелейтін бабадан жеткен «Амал дәстүрін» жаңғыртуға, Наурыз мейрамының өзіндік символын бекітуге үндеуі, бақуатты адамдарды қайырымдылыққа шақыруы көкейге қонымды құнды бастама деп есептеймін.
Гүлмира МҰХТАРОВА,
Алматы облысы «Есік» қорық-музейі директоры
Танымдық маңызы зор
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміздегі рухани кеңістікке тың серпіліс әкелгені мәлім. Осы соқталы дүниемен үндес, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісімен келелі әңгіме жүргізген екен.
Аталмыш әңгімеде министр соңғы жылдары Наурыз мейрамының бұқаралық сипатынан айырылып, сахналық шоуға айналып, аста-төк дастарқан мен жеңіл-желпі сауық-сайранның тасасында қалып, о бастағы тәлімдік-танымдық маңызы азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Сондықтан да Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыздың тәрбиелік мәнін арттырып, мазмұнын байытуда жаңашыл идеялар ұсынады. Өз ойын «Иә, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспай жүргені рас. Сол себепті мерекенің өзіне сәйкес айшықтарын түлете отырып, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізуіміз керек. Бұл мәселеде Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту деген асқақ ой жатыр», деп түйіндейді.
Наурыз мейрамы ең алдымен, балалардың көкейінде өшпестей болып ұялауы қажет екеніне тоқталады министр. Шынымен де еліміздің ертеңі – балдырғандарымыздың балалық бал шағында санасына түйген дүние өміршең болары хақ. Осы ретте, мейрамның ең әуелі балалар үшін жан елітерлік мазмұны болу керек екені қуана құптарлық жайт. Сонымен бірге мифологиялық бейне – Қыдыр [Қызыр] атаның бұл бұқаралық мейрамдағы орыны әлі нақтыланбағанын тілге тиек етіп, нақты жолын ұсынып, терең ой-толғанысын білдіреді.
Министр әңгімесі санада сартап болып қатталған көрнекті мемлекет қайраткері, ел есінде ізгі әрекеттерімен жатталып қалған жетпісінші жылдардағы мәдениет министрі І.Омаровтың ұрпаққа жазған хатын еске түсірді. Заманында Ілекеңнің: «Халық мұрасы дегенім – әсіресе, сол дәуір, замандар көшінде өзіңнің қайталанбас, тозбас, қасиетімен бізге дейін жасап келген ән, күй, музыка мұрасы, дастандар, жырлар түйдегі. Бұлар – менің көзіме де, көңіл сарайыма да халқымның аса мықты тұлғасы, сын-сипаты болып елестейді. Осыларды жаңғыртса, жаңартса осы өз дәуіріміздің қажет-мұқтажына, қызметіне бар бояу, кестесімен жеткізе жарату міндеті алдымызда тұра береді...» – деген толғанысы мен бүгінгі руханият басшысы А.Мұхамедиұлының жоғарыдағы ой өрімі рухтас, сабақтас, ниеттес екені байқалады.
«...Дәуірімізді дәріптеп, асыл мұрамыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бастауы» деп ұғады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»-деп айтқан сөзі бар», – деп атап өткен А.Мұхамедиұлы: «Бүгінде ұлттық түйсік, тарихи сананы сырып қойып ұлттық көркем дүние жасауға талпынатын «суреткерлер» үшін айтылғандай тіпті. «Сырты жылтырағанның бәрі алтын емес», – демекші, құрғақ, бутафорлық сыртқы пішін ұлт жан дүниесінің айнасы емес қой? Ұлттық дүниенің мазмұны ұлттық кодтан тін тартпаса, бос кеуек болары анық. Сол себепті де алдымен жадымызды байытып, сосын жаңа әрекеттерге барғанымыз дұрыс-ау...» – деген ұсыныс айтады. Ойланарлық байлам.
Осы ретте тағы да Ілияс Омаровтың жазбасы жаңғырады: «...Шынында ойлаңыздаршы, біздің осы қазынамызды дүние көлемінде қай өнерпаз халықпен жарыса, болса да жарастыра, жарқырата көрсетсе, біздің бай тарихымыз, арғы-бергі өтіп кеткен жолымыз аян да анық болмас па еді? Сонда ғана барып, аса бай көне мұра мен жаңа өнердің құшақтаса қабысып, ұласа өркендегенін көрер едік...».
Иә, алдыңғы толқын ағаларымыздан қалған озық үлгілер бар. Оны бүгінгі буын толықтырып, жаңаша түр, мазмұн, әр беріп, Ұлыстың ұлы күнін жалпыхалықтық мерекеге айналдырудың тың жобаларын, өміршең бастамаларын ұсынғанына өз басым қуандым. Осы орайда, Арыстанбек Мұхамедиұлының ел басылымында айтып өткен жоғарыдағы өзекті ойларын, көкейкесті ұсыныстарын көп болып неге қолдамасқа?
Ұлан Нүсібәлі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері