Бұл орайда көпті көрген қариялар биыл егіннің бітік шығатынын, елдің ырзығы мол болатынын айтып жатты. Ал ақпан аяқталып, наурыз келісімен жаңбыр армансыз жауды келіп. Кейбір елді мекендерге таудағы қар суы еріп, сел жүру қаупі туындағанымен, жауынның да өзіндік пайдасы бар. Көктем ерте шығатын Әулиеата өңірінде көктемгі дала жұмыстары күн тәртібіндегі мәселе. Шаруалар да ширап, жылдағы жоспарлы жұмысына кіріседі. Бұл науқанның жыл сайын өңір өркендеуіне қосып отырған үлесі де аз емес.
Қалың қардың көбесі сөгіліп, жердің тоңы жіби бастағаннан-ақ көктемгі дала жұмыстарының дайындығы пысықталады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы 2017-2021 жылдарға арналған меморандумға сәйкес, биылғы жылы облыс бойынша ауылшаруашылық дақылдары 602,7 мың гектарға межеленген екен. Оның ішінде 255,5 мың гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдарды, 6,5 мың гектарға қант қызылшасын, 85,7 мың гектарға майлы дақылдар, 37 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдарын, 8,8 мың гектарға картоп, 216,8 мың гектар жерге мал азығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, 2018 жылдың өнімі үшін жаздық дақылдарға қажетті тұқым көлемі 52534,3 тоннаны құраса, бүгінде оның 42009,4 тоннасы дайындалған. Сонымен қатар жаздық арпа дақылына 23959,4 тонна тұқым қажет болса, бүгінгі күнге оның 22599,5 тоннасы дайындалыпты. Өзге де қажетті дақылдардың тұқымдарын дайындау жұмыстары жүргізілу үстінде.
Ағымдағы жылы егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында 800 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 8,7 мыңнан астам ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылатын болады.
Биылғы жылы Үкімет тарапынан Жамбыл облысына көктемгі дала жұмыстары үшін 15500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Оның 10000 тоннасы наурыз айына арналса, мамыр айына – 2500 тонна, маусым айына – 3000 тонна отын қарастырылған. Жалпы, облыстың көктемгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан қолдау көп. Ендігі жерде аудан әкімдері барды ұқсата алса, қара жердің қойнауынан құт өріп, несібе молайғалы тұр.
Сонымен қатар облыс аумағындағы суармалы егістік алқаптарды тиімді пайдалану және өңірдегі гидроқұрылымдарды жаңғырту арқылы суармалы егістік алқаптарын ұлғайту мәселесі өзекті. Осы орайда жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметов Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевпен және аталған министрлікке қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевпен кездескен болатын. Кездесу барысында облыс аумағында суармалы егістік алқаптарын суландыру жұмысы 5 су қоймасы, 13 су торабы және ұзындығы 3077 шақырым болатын каналдар жүйесі арқылы жүзеге асырылатыны, алайда қазір өңірдегі суармалы жерлердің 114 мың гектары ғана қолданыста екендігі айтылды. Егер кездесу барысындағы жоспарлар жүзеге асатын болса, өңірдің егістік алқаптары бұдан да ұлғаяды деген сенім бар.
Дала төсі дүбірге бөленетін күн жақын. Көктемнің көкөскін шағында егілген дақылдардың қыс бойы азық болатыны сөзсіз. Ендігі жерде Үкіметтен қолдау тапқан бағдарламалар облыста лайықты жүзеге асса, сол олжа.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы