2011 жылғы 16 қарашада, Парламент мүшелерінің бастамашылығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын 2012 жылғы 16 қаңтарға тағайындады.
Сайлау туралы заңның 97-бабының 5-тармағына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қарашада басталады.
Сайлау туралы заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Қазақстанның Коммунистік партиясы бұл процеске қатыса алмайды, өйткені сот шешімі бойынша оның қызметі уақытша тоқтатылған.
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 51-бабы 4-тармағымен белгіленген талаптарға сәйкес болуы, сондай-ақ Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тармақтарына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс.
Осылайша, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты болып сайлана алады.
Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.
Біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды партиялық тізімге енгізуге құқығы жоқ.
Саяси партияның жоғары органының шешімі азаматты партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
Саяси партиялар партиялық тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады.
Сондай-ақ, 16 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындау және тиісті Күнтізбелік жоспарды бекіту туралы қаулы қабылдады.
Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауымен қатар өткізу туралы шешім заңның сайлауды тағайындау мен өткізуге қатысты нормалары, сондай-ақ бұл сайлаулар Президент сайлауымен және Парламент Сенаты депутаттарының сайлауымен бір мерзімде өткізілмейтіні туралы талаптары толық сақталып отыр».
Сайлау науқанының негізгі кезеңдері келесі мерзімдерде өтетін болады:
• Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында кандидаттарды ұсыну 16 қарашадан бастап 2011 жылғы 5 желтоқсанға дейін жүреді, ал партиялық тізімдерді тіркеу 16 қарашадан бастап 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
• Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан арасындағы кезеңде өтеді. Бұл ретте мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен – азаматтар жүзеге асырады.
• Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау рәсімдерінің мерзімі партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы үшін анықталған мерзімдермен сәйкес келмейді. Заң бұған жол береді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 16 желтоқсанда басталады.
Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы барлық қажет кадрлық және материалдық ресурстарға ие және сайлауды тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге, азаматтардың және барлық сайлау процесіне қатысушылардың өздерінің конституциялық құқығын ерікті әрі тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге дайын.
Сайлау науқандарын әзірлеу мен өткізуге қажетті сайлау құжаттарының үлгілерін Ортсайлауком бекітті.
Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары толығымен жасақталған және жұмысқа қабілетті.
Халықаралық байқаушылар институты ашылған. Сайлау заңнамасына сәйкес, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша 2012 жылғы 10 қаңтарға дейін жүргізеді.
Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлауды байқауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған жағдайда іске асыруға құқылы. Бұл ретте халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілдеріне, жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен жағдайда, бір аудармашы ілесіп жүре алады.
«Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бұл сайлауда пайдаланылмайды.
Алдағы сайлауда сайлаушылар үш бюллетень алатын болады. Олардың біреуі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында саяси партия үшін дауыс беруге арналған. Екінші бюллетень – облыстық мәслихат депутаттығына кандидат үшін дауыс беруге, ал үшінші бюллетень – аудандық немесе қалалық мәслихаттың депутаттығына кандидат үшін дауыс беруге арналған. Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары екі бюллетень алады. Бұл қалаларда аудандық мәслихаттар жоқ болғандықтан, мұнда сайлаушылар өз дауысын саяси партияға беруі және қалалық мәслихаттың депутатын сайлауға тиіс болады.
Қазіргі уақытта Ортсайлаукомның күші барлық қажетті дайындық шараларын өткізуге, алдағы сайлауға тиімді ақпараттық қолдау көрсетуге, сондай-ақ сайлауды ұйымдастырушыларды оқытуға жұмылдырылып отыр.
Олар үшін 25 қарашада Орталық сайлау комиссиясында өткен республикалық семинар-кеңестен басқа өңірлік семинарлар да өткізілетін болады.