Аймақтар • 14 Наурыз, 2018

Президент үндеуі болашағымыз үшін жасалған қамқорлық - Абдрахман Найзабеков

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жария еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі дер кезінде қолға алынар шараларды нақтылап берді. 

Президент үндеуі болашағымыз үшін жасалған қамқорлық - Абдрахман Найзабеков

Көтеріліп отырған осы әлеуметтік мәселелердің бесеуі де қазір өте өзекті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда еліміздің экономикасы қарыштап дамыды, Қазақстанды әлем таныды.

Экономиканы дамыту, әлем­дегі мойны озық отыз елдің қата­ры­­нан көріну үшін ауқымды, тиім­ді мемлекеттік бағдарламалар жүзе­ге асырылды, ол қазір жалғасын тауып та отыр. Мемлекеттің дамуы тек эко­но­микалық көрсеткіштермен ғана шек­тел­меуі тиіс екені белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту да даму өзегінің бірі. Елбасы Үндеудегі бастамаларын «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруден» бастады. «Өз үйім – өлең төсегім» деген емес пе халқымыз? Жаңа отбасын құрған жастардың көбіне баспанасыз жүретініне кәдімгі өмірдің заңы сияқты етіміз өліп бара жатқандай еді. Баспанасыз олар көптеген қиындықтарға тап болады, содан жас шаңырақ шайқалып та жатады. Нұрсұлтан Әбішұлы осы Үндеуінде бас­пана алу үшін несие төлемінің мерзімі 25 жылға, үстемесі 7 пайызға дейін төмендетілетінін айтты. Мұндай көмек пен жеңілдікті біздің отандастарымыз әлі сезінген емес, бұл – жастарға үлкен әкелік қамқорлық. 

Өзім білім саласында әрі жастармен жұмыс істейтіндіктен Елбасы Үндеуі көктемнің алтынкүрек желіндей жастардың жүрегін ерекше қуанышқа бөлейтінін сезінгендеймін. Қазір білім, мамандық алуға құштар, бірақ грантқа іліне алмай, ақылы бөлімдерде оқуға қаржысы болмай уақытын жоғалтатын жастар аз емес. Олардың көбі білім алу үшін көрші Ресейге, өзге де шетел­­дерге кетіп қалатынын да көріп жүрміз. Өйткені осыған дейін Ресей­де халық­тың санына шаққанда грант­тың саны жоғары болатын. Енді Қазақ­станда да халық санына шаққанда грант­тың саны Ресеймен теңесіп қалды деуге негіз бар. Елбасы қолдауының ар­қа­сын­да жастарымызға өзіміздің елде ақысыз білім алуға зор мүмкіндік туды. 

Жатақхана мәселесі де жастар үшін өте өзекті еді. Жасыратыны жоқ, еліміздің барлық шалғайында да сту­денттерге жатақханаларда орын жетпейтіні ащы шындық болатын. Ата-ана баласының оқуына, оның жалдайтын пәтеріне, тамағы мен киіміне шығынданатын, сол үшін жоғары пайызбен амалсыз несие алатын, оны төлеуі тағы бар. Елбасы Үндеуінде айтылған студенттердің жатақханадағы жағ­дайын жақсарту мәселесі өте орынды әрі дер кезінде көтеріліп отыр. Өзімізде әлеу­мет­тік жағ­дайы жақсарса, жастарға сырт елдерге кетіп оқуға қажеттілік те бол­майды. Ал білім сапасын тереңдету үшін қазір жоғары оқу орындарының әлемдегі дәстүрі озық, іргелі білім ордаларымен байланысы жеткілікті, олардан профессорлар, мамандар шақырту бүгінде қиындық туғызатын мәселе емес. Президент «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын», деді. Мұның, әрине, білім ордаларының жағдайын жақ­сар­татуға, студенттердің күн­көрісіне алаңдамай сабаққа алаңсыз қарауына ықпалы зор болары сөзсіз. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да елді цифрландыру үдерісіне байланысты техникалық мамандар дайындау керектігін айтқан болатын. Осы жолғы Үндеуінде бөлген 20 мың білім грантының 11 мыңы тех­никалық мамандар дайындауға жұм­са­латынын еске салды. Бұл да өте дұрыс шешім. Елдің экономикасын дамыту үшін өндіріс қашан да ту ұстаушы болып қала бермек. Қазір бұл саланы жаңа технологиялармен дамыту үшін цифр­ландыру жұмыстары басталды. Оған инженерлермен, технологтармен қатар ІТ-мамандар өте қажет. Бұл іске біздің Рудный индустриялық институты үлес қосып келеді. Гранттың бөлінуі заманауи мамандықты ақысыз оқитын жастар қатарын көбейтеді.

Үндеуде жария етілген «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүкте­месін азайту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» секілді мәселелердің көтерілуі елдің әлеуметтік жағдайын, әр адамның тұрмысын көтеруде маңыз­ды. Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы тәуел­сіз Қазақстан дамуының деңгейін де биіктетеді. Қуатты елге айналудың қарекеті екені анық. 

Абдрахман НАЙЗАБЕКОВ,
Рудный индустриялық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор

Қостанай облысы,
Рудный қаласы