Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
– Ғалияш! Демін бір жұтып өзін әлденіп алған секілді сезініп, әйелін тағы да шақырды.
Ғалияш таңғы ұйқысын қимаса да қасына келді. Әнуар алты айдай төсек тартып жатып қалған болатын. Себебі нашақорлыққа салынып, үйін тоздырып жіберген, енді жарты жылға жуық сал болып, аяқ қолдары дірілдеп, кейде сөйлеуге де шамасы келмей қалатын өлімсек күй кешіп жатыр.
Әнуар жанары солғын тартқан күйде:
– Ғалия, маған су әкеп бер де қасыма отыршы, – деді. Ғалия үндемей бір кесе суын берді. Әнуар жұтынып отырып ішті де:
– Ғалия, сен мені кешір! Мен есірткінің не екенін біле тұрып, нашақор болдым. Сені де, екі ұлымды да, әке-шешемді де, қарындастарымды да шығынға түсірдім. Олардан кешірім сұрауға уақытым қалмады, сондықтан менің кешірімімді айтарсың, – деген кезде Ғалия селк ете қалды. Өлім туралы ой солқ еткізіп өте шықты. Ғалияның мұндай хәлін Әнуар іштей сезді де, көзінен байқады да, әрі қарай сөзін жалғастырды.
– Ғалия, осы алты айға жуық жатқанымда мен жай жатқан жоқпын ғой. Мұндай халге қалай жеттім, не себеп болды, кім кінәлі? Сонда рухымның әлсіздігі ме деген сұрақтарға іштей жауап бердім. Үлгергенімше, шамамның келгенінше өсиет қалдырдым. Нашақор адам қандай өсиет қалдырар дерсің деп күлмеңдер. Әрине көп нәрсені жаза да алмадым. Бірақ жазғанымның өзі келешек ұрпаққа сабақ болар. Осыншама жасқа келіп, Отанымның үлгілі азаматы болудың орнына есірткі деген бәлеге төтеп бере алмадым. Ұят-ай десеңші!..
Әнуар тоқтап қалды. Әрі қарай сөйлеуге шамасы келмей, тілі күрмелді. Орнына жатқызайын десе Әнуар көз жұмған екен. О, Алла! Адам өлімі қаншама табиғи нәрсе болса да, жас адамның, осыншама қорланған жанның, отбасына, қарындастарына, әке-шешесіне қиянат жасаған адамның өлімі жантүршігерлік екен.
Әнуардың өлгені жақын адам ретінде Ғалияштың жанын ауыртты. Өзін-өзі ұстау үшін Әнуардың өлімі үйіме тыныштық әкеледі-ау деген де ойға келді. Не қайғыратынын, не шүкіршілік айтып, жеңілденерін білмей, біршама уақыт мең-зең болып тұрып қалды. Есін жинаған соң туған-туыстарға хабар берді...
Жерлеп, жетісін, қырық күндігін өткізгеннен соң қолы босағандай сәт туды. Жерлеудің өзі Әнуардың әлемін өзге қырынан танытқандай болды. Қайғыға ортақ болған адамдар келіп, түрлі ой-пікірлерін айтты. Неге екенін, Әнуарды мақтағандар көп болды. Екі ұлы ұйқыға кеткен кезде Ғалияш Әнуардың өлер алдында айтып кеткен сөздерін есіне алды. Қалай өмір сүргендері, бірге жүрген, қуанған, соңғы бес-алты жыл ішінде үйдің ішінде күніге ұрыс-төбелес, айқай-шу кетпей қойған күндері еске түсті.
Екеуі үй болған кезде, аса келісті, бойы ұзын, жігіттің сұлтаны еді. Көп құрбыларының арманына айналған жігіт болатын. Сол бірнеше қыздың ішінде Ғалияны таңдап, отау құрды. Жұмысы да алға жүрген азамат еді. Үйдің жағдайын жасап, бала-шаға сүйді. Біреудің алды, біреудің арты болып өмір сүрді. Соңғы бес-алты жыл бойы Әнуар есірткіге беріліп, жарайды-ау деген дүниесін сатып, көрінгенге қарыз болып, үйінде жанжал, ұрыс-керіс көбейіп, отбасылары тозып кеткен болатын. Әсіресе Әнуардың әке-шешесінің жылаған кезде етегі көз жасына толатын. Қабырғалары қайысып, маңдайы жерге жететін. Қартайған шағында баланың бұзақы болғанын ешкімнің басына бермесін. Әнуардың нашақор болғанына күйінген туған-туыстары далбасалап балгерлерге де апарды, тәуіптерге де көрсетті. Қанша шығындалса да, ақыл-кеңестерін айтса да Әнуар күннен-күнге адамдық қасиетін жоғалта берді. Мұнысы қалай екен? Сонда үй ішіндегі он бес адамның бір адамға әлі келмегені ме? Мүмкін бір адамның нашақор болмауына бір отбасының шамасы жетпесе керек, онымен бүкіл қоғам, айналадағы орта, әлем күресуі керек шығар. «Есірткі – ХХІ ғасыр тажалы» дегенді білген адам айтқан ғой, сірә. Әйтпесе, отбасындағы жанашыр бауырлары қолдарынан келген көмегін аямады. Бастарынан мұндай сорақылық өтпеген адамдар мұны түсіне ме екен? Түсінсе есірткіге қарсы күрес әлдеқайда алға жылжитын еді ғой.
Әнуардың айқайы, балаларды, өзін ұрғаны, дүние-мүлікті сындырғаны, болмайтын тиын-тебенге сатып жібергені көз алдына елестеді. Нашақормен нан бөлісіп, бір шаңырақтың астында өмір сүру деген өте қиын.
Осындай ойға шомып кеткен оның есіне, күйеуінің өсиет қалдырдым дегені түсті. Жатқан жерін жиыстырып жүрген кезде төсектің астында жазуы бар бірнеше парақ табылған болатын. Оны Ғалияш жазу үстелінің бір бұрышына қоя салған еді. Әнуар жазып кеткен қағаздарды алып оқи бастады.
«Дүниені менше сүйіп, менше жеріген кім бар екен? Есірткі сатушы адамдар мүмкіндігінше байып алады. Сорлағанда мен сорладым. Әке-шешемнің, төрт қарындасымның жүзін төмендетіп, қара бет қылдым.
Өзімнің әйеліме, екі ұлыма не көрсеттім, қандай өнеге қалдырдым? Бәрінен де айырылдым, енді менде бақыт та, береке де, ынтымақ та, мансап та жоқ. Әрине мұның бәріне де бірінші өзім кінәлімін. Бұған қоса, дискотекалардағы рок-музыкалар, шетел эстрада жұлдыздарының ашық сұхбаттары, шетел кітап беллетристикасы, есірткі сату, қолдану, таратуды табыс көзі, өркендейтін бизнес ретінде көрсететін кинофильмдер кінәлі сияқты. Менің есірткіге алғашқы қызығушылығым нашақорлардың түрлі композициясынан басталды-ау деп ойлаймын. Бір күні жұмыстан жүйкем шаршап келіп, теледидарды қосқан едім, шаршаған, бұзақы, ащы дауыспен, қара киінген адамдар опиумды стилистика деп өлең айтып жатыр екен.
Бұл «Агата Кристи» еді. Осыдан шаршағанымды басатын опиум ба, әлде осыған ұқсас бірдеңе болар, соны ертең іздестіріп бір-екі тартып шаршағанымды басып көрейінші деген ой келді. Ертеңіне дискотека болатын жерге іздегенімді табармын деп бардым. Бұл жерде өз-өздеріне риза болып, бақытты сезініп жүрген жандарға тап болдым. Сөйтсем, мұнда марихуана шегіп, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы америкалық коммуналарда өскен хиппилердің прогрессивті рок-музыкасын және психоделикалық рокты тыңдап, есірткі шеге бастаған адамдар жиналады екен. Әрине ол жерден құр қол кете алмайсың. Есірткі шегіп, өз-өзімді рахат сезіндім. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Әйтеуір осы бәлеге құштарланып алдым, онсыз өмір де сүргім келмей кетті. Есірткі туралы ақпаратты, кітаптарды, фильмдерді қызыға көріп, тыңдай бастадым. Сөйтіп кітапханаға барсам есірткі, нашақорлық жайлы көркем әдебиеттер таптым. Көбі шетел әдебиеті екен.
Бірақ кітаптардың біреуінде де соңғы нәтижесінің қандай болатыны айтылмаған. Бар болғаны одан рахат алатының, табыстың көптігі, ақша үшін бір-бірін өлтіру жайында әсерлі жазылған. Сонда бұл қалай, отбасымнан басқаға денімнің сау, тәні таза азамат болуым керек болмағаны ма? Есірткінің таралуына барлық жағдай жасап қойған ба деймін. Есірткіні қалай қолданатынын, сізді ләззатқа баулайтынын білгіңіз келсе – рок музыка десеңіз – тыңдаңыз, кинофильм көремін десеңіз көріңіз, әдеби кітап оқимын десеңіз – оқыңыз. Қандай парадокс. Мұны түбіне дейін шешуге менің мұршам да, денсаулығым да, миымның қабілеттілігі де қалмады.
Айтар сабағым «Басыңды көтер, басқа елдің жаман қасиеттерін арқалағанша, отбасыңа, әке-шешеңе, қарындастарыңа көмек көрсет, ата-бабаларыңның аруағын сыйла, солардың қалдырып кеткен алтын қазынасын сақтай біл деген екен. Лайым, шаңырақтарыңызға есірткі, арақ деген бәлелерді жолатпасын. Зардабы – кемсеңдеп жылаған әке мен шеше, қабырғалары сөгілген іні мен қарындастар, артыңда жылап қалған жесір әйел мен жетім бала-шаға». Әнуар осылай жазыпты. Ғалия әрі қарай оқи алмай көз жасына ерік берді...
Гауһар МЕДЕУОВА