3.Ұлы істердің дәуірі
Алшындардың үш бұтағының әртүрлі руларынан құралған сол әскердің басшысы боп саналған ол өз өмірін, тағдырын солармен мәңгілікке қосақтады, өз халқының бостандығы мен бақыты үшін күреске бүкіл күш-жігерін жұмсады, өзі айтқандай «барлық оттың ортасында жүрді» ғұмырын, жанын қиды.
XVIIІ ғ. екінші онжылдығы қазақтар тарихында ұлы өткелек болып қалды, қазақ жадында «Жаугершілік заманы» болып сақталады. Бұл кезде үш жүздің рулық және тайпалық жауынгер қосындары еуразиялық көшпелілер әскерлерінің ең күштісі – ойрат әскерлерімен қатал айқастарға үздіксіз түсіп отырды. Осы дәуірде қазақ-ойрат соғыстары бірінен соң бірі қайталанып отырды. Солардың ең ауырлары 1711-1712 және 1716-1717 жылдары өтті де, бұл зұлмат қазақтардың басты жауға тойтарыс беру үшін шектен тыс ширығуын талап етті. Осы соғыстар «алаштың үш ұлының» тәні мен жанын тең шынықтырды, олардың озық өкілдері өз қандастарын бірлік пен жұдырықтай жұмылуға, өз халқының ар-намысын қорғауға шақырды. Алайда сол жылдардағы әскери оқиғалар халықтың сенім-үмітін ақтап, ауыр қасіреттердің соңы бола алмады, дала жұртын одан да ауыр сынақтар мен қасіреттер күтіп тұр еді.
Екі көрші халықтың әскери текетіресінің ұшынған тұсы – 1723 жылдың ерте көктемінің қасіретті оқиғалары еді. Қонтайшы Себен-Раптанның үлкен ұлы Лаузан-Шоно нойон бастаған мыңдаған жоңғар әскері оңтүстік қазақтарының бейғам отырған ауылдарына кенеттен шабуыл жасады да, 1723-1725 ж.ж. жоңғарлар Қазақ хандығының астанасы Түркістанды, оның оңтүстігіндегі Сауран мен Ташкентті басып алды. Бұдан соң Сырдың орта және құяр тұсындағы үш жүздің жайлауларын түгел иемденді.
Қазақ тарихындағы қасіретті кезең – «Ақтабан шұбырынды» басталған еді...
Қазақтың көбі Орта Азияға қашты: Ұлы жүз бен Орта жүздің азғантай бөлігі Ташкент сыртына, Қаратегін мен Ферғанаға, Орта жүздің басым бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүздің үлкен тобы Хиуа мен Бұқарға ауып кетті. Құты қашқан Орта Азияда тұрақтай алмаған Кіші жүз қашқындарының ірі бөлігі 1723 жылы солтүстік-шығыс, солтүстік Арал бойына келіп, одан Оңтүстік Орал тарапына ығысты.
Қазақтардың жаппай Оңтүстік Оралға ығысуы геосаяси жағдайды өзгертті. Кіші жүз қазақтары еділдік қалмақтарды Жем мен Жайықтың солтүстік жағауынан ығыстыру үшін күреске түсті – елге тұрақ, малға жайылым керек еді...
Жетіру тайпасының қазақтары қалмақ ханы Аюкенің (1672-1724) немере інісі, тайшы Доржи Назаровтың жайлауына тақай келіп қоныстанды. Бөкенбай батырдың әскері 20 мың үйлі Доржи тайшының қолымен соқтығысып қалды. Бірақ 1724 жылдың көктеміне дейін қалмақ тайшылары қазақтар мен қарақалпақтардың одақтас күштерін Жайық бойына жібермей ұстап тұрды да, қақтығыс жалғаса берді.
...1724 жылы Аюке хан өлді де, Қалмақ хандығында ішкі өзара қақтығыстар басталды.
...1724 жылы әлімдер мен жетірулар көрші хандықтағы берекесіздіктерді пайдалануды көздеді де, Еділ мен Жайық аралығына ұмтылды, Әбілқайыр хан бастаған сан мың қол еділ қалмақтарының жайлауларын шапты. Осы шабуылда қазақтардың мол әскерін Бөкенбай Қарабатырұлы мен тама руының басшысы, Бөкенбайдың қарындасын алған күйеу баласы, аруақты батыр Есет басқарды. Бұлардың жанында Бөкенбайдың немере інілері Төлебай Жолболдыұлы мен Құдайназар Ақпанұлы сияқты батырдың тарихи деректерде жиі айтылатын серіктері де болды.
...1724 жылғы наурыздың 22-сінде Астрахан губерниясының кеңсесіне түскен хабарларда Саратовтан 60 шақырым жерде көшіп жүрген Доржу Назаровтың ауылдарын 13 мыңдай әскері бар Әбілқайырдың шапқаны, қалмақтардың жеңілгені, қазақтар мен қарақалпақтардың 50 қалмақты тұтқындап, 500 түйе мен 8000-нан астам қойды әкеткені айтылады. Кіші жүз батырлары бұдан өзге ұлыстардан 400 тұтқын, 600 түйе, 3 мың сиыр, 10 мың қойды олжалаған.
...1725 жылдың басында қазақтар ойрат шабуылына ұшырап, босып кеткенін айттық. Қазақ елінің солтүстік-батысына қашқан қазақтардың жаңа толқыны келді. Келесі айларда Кіші жүз бен Орта жүздің ру-тайпалары Жайықтың сол жағалауы мен жақын аймақтарды толтырып жіберді, бұл башқұрттардың көшіп жүрген өңірі болатын.
...Сол жылдың желтоқсан айында патшайым Екатеринаның сарайында құрамында А.Д.Меньшиков, Ф.М.Апраксин, А.Т.Головкин, П.А.Толстой, А.И.Остерман мен П.И.Ягужинский бар Сыртқы істер жөніндегі Жоғарғы Құпия кеңестің отырысы губернатор А.П.Волынскийдің қазақтар мен қарақалпақтардың Жайыққа жақындап, Ресей бодандары – қалмақтарды шапқалы отырғаны туралы хабарын тыңдаған. Бұл кейін расқа шықты.
1726 жылы Әбілқайыр, Орта жүз ханы Сәмеке (1723-1738), Барақ сұлтан (1751 ж.ө.) мен Есім сұлтан бастаған 10 мың қазақ әскері қалмақтарға шабуыл жасады. Кіші жүз жетіруларының қолын Бөкенбай, Есет батырлар басқарды. Бұған 20 мың әскері бар қалмақ әскері қарсы шықты да, қазақтарды шегіндіріп, соңдарынан қуды.
Екі қол көп шайқасып, соңында «бұдан соң қалмақты шаппаймыз, бүгін туған бала ержетіп, атқа мініп, садақ тартқанша тату боламыз» деп келісті. Бөкенбай осы айтулы оқиғалардың ортасында, ірі жетекшілердің бірі болып жүрді.
...1726 жылдың күзінде жетіру басшылары мен өзге рубасылары Арал маңындағы Қарақұмдағы қыстауларына оралып, бас дұшпан – ойрат ханы Қалдан-Серенге қарсы жорық жасауды ойластыра бастады.
1726 жылғы қыс соңында, немесе 1727 жылы, елдің айтуынша, Қарақұмда тағы да қазақ батырларының бастамасымен, үш жүздің ең беделді, ең ықпалды өкілдерінің қатысуымен тағы бір құрылтай өтті (Бұл да Бөкенбай өнегесімен, соның идеясымен іске асқан тарихи маңызы бар жиын деуге болады). Бұған қатысқан хандар, сұлтандар мен билер, ел ағалары жоңғарларға қарсы жалпықазақтық әскер құруға ұйғарып, үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайырды бас қолбасшы етіп сайлады.
«Төніп тұрған қауіп-қатер өзара қырқылжыңды бітімге келтіріп, жұртты біріктірді де, елді бәрін бір мақсатқа бағыттады. Күллі жұрттың жиынында ортақ жауды шауып, қырғыз-қайсақ жерінен қуып шығуға кірісу белгіленді. Әбілқайыр хан бас қолбасшы сайланып, халық дәстүрі бойынша құрбандыққа шалынған ақбоз ат болашақ жеңістің бойтұмарындай әсер етті» дейді А.И.Левшин. Қазақ қосындарының қимылы батырлар белгілеген жалпы стратегиялық жоспар бойынша жүргізілді.
Сәтті басталған жорықтың шырқау шегі Ұлытаудың оңтүстігіндегі, Сарысудың батыс жағындағы Бұланды және Белеуті өзендерінің арасындағы жазықта (қазіргі Қалмаққырылған) өткен ұлы майдан болды. 1727 жылы үш жүздің әскері күші басым жауды күйрете жеңіп, Іленің бастауына – Жоңғар ханының ордасы тұрған жұртқа қарай жеңісті шеру тартты.
Жоңғарлардың ең ірі жеңілісі Қарасиыр (дұрысы, Қарасуыр) жазығында болды да, бұл жер беріде Қалмаққырылған атанып кетті.
...Осы ұлы шабуылдар мен жеңісті жорықтар кезінде Бөкенбай батыр үш жүздің сардары Әбілқайырдың жанында болып, оның шұғыл тапсырмаларын орындады – шайқастың ең жауапты шабуылдарын ұйымдастырды. Сол тұста ол ержүрек қаһарман ғана емес, дарынды қолбасы ретінде қалың қазақ пен башқұрттарға кеңінен танылды.
Атап айтқанда, сол дәуірдегі беделді башқұрт батырлары, тархандар Алдар Исекеев, Таймас Шаимов, Қадірас Муллакаев, өзге де көрнекті халық өкілдері 1731 жылғы 7 қазанда Әбілқайыр ханға жіберілген Ресей елшісі А.И.Тевкелевке Бөкенбай батырдың өте жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, майдандардағы даңқты ерліктері мен қоғамдағы орасан зор беделі туралы баяндай келіп, «әйгілі би Бөкенбай, Есет батыр, Құдайназар мырза.. барлық игі жақсылардың ішіндегі ең жақсылары және күштілері, дәулеттілері» дейді.
Бөкенбаймен бірге қазақ әскерінің жеңіске жетуіне Кіші жүздің көптеген батырлары зор үлес қосты, 1727-28 ж.ж. олар қазақ қосындарының алғы шебінде жүргені туралы М.Тынышбаев «осы азаттық жорықтарында алшындар орасан зор рөл атқарды» деп жазады.
Бөкенбайдың жоңғарлармен күресіндегі ең жақын серіктері ретінде табын және тама қосындарын басқарған Есет Көкіұлы, Құдайназар Ақманұлы және Төлебай Жолболдыұлы сияқты аса көрнекті қолбасшыларымен бірге елін жауға бастаған Малай, Жапақ Көкшеұлы жұрт арасында «сұр найзалы» атанып кеткен Тайлақ Жездібайұлы сияқты қаһармандар да Бөкенбайдың айтулы серіктері еді. 1727-30 ж.ж. Бөкенбаймен бірге даңққа бөленген әлім батырлары – кете Алтай Ебескіұлы мен Арал Болпашұлы, шөмекей Арыстанбай Айбасұлы, шекті Бәйімбет Ақкісіұлы және өз руының ұранына айналған 17 жасар батыр Сартай Байжанұлы да осы қатарда.
4. Ауыр шешім
Бөкенбай өмірінің соңғы онжылдығы Қазақ елінің көшпелі жұртының қоғамдық-саяси өміріндегі ірі оқиғаларға, Кіші жүз бен Орта жүздің билеуші топтарының дәстүрден тыс стратегиялық шешімдер қабылдауларына толы болды. Сол себепті, Бөкенбай мен оның «қарасүйек» пікірлестеріне 1730 жылдан бастап, қан майданда ғана емес, ең бастысы – саяси күресте де қимыл көрсетуге, бір жағынан – өз қандастарын Ресеймен келісімшарттық тұрғыдан жақындасуға көндіруге, екінші жағынан – Еділ бойы қалмақтарымен, башқұрттармен арадағы ескі жер дауларын негізінен дипломатиялық жолдармен шешуге көндіруге тура келді.
XVIIІ ғ. 20-жылдарының екінші жартысында қазақтың Әлімұлы, Жетіру тайпалары Еділ қалмақтарымен соғыса жүріп, Жайықтың сол беткейі мен Жемнің екі жағалауындағы шұрайлы жерлерді иемденіп алған-ды. Қалмақтар бұған көнбей, жиі соғыс ашып отырды.
Мұнымен қатар, қазақтар мен Орал бойы башқұрттарының Жайық пен Тобыл бойындағы даулы жерлер мен су көздері үшін таласы ушыға түскен.
Дәл осындай жағдайда, 1730 жылғы көктемде Әбілқайыр мен Сәмеке (1724-1738) хандар қонтайшы Қалдан-Серенмен бейбіт келісім жасап, Жетісу жерінен солтүстікке қоныс аударып, қазақ ақсүйектері мен екі жүздің ықпалды рубасыларын шақырып, қазақтардың орыс бодандары – башқұрттармен арадағы ескі дауларды шешу мәселесін көтерді. Құрылтайшылар мұны орыс үкіметімен шарттасып барып шешу үшін Әбілқайыр Уфаға елшілік жіберіп, «Ресеймен тату болу» туралы келісім әзірлеуге тиіс деп ұйғарды.
Қазақ рубасыларының бұл ұмтылысынан нәтиже шықпасын Әбілқайыр анық түсінді – Ресейдің өзі үшін аса қауіпті емес, жат халықтың мүддесіне бола өз бодандарының мүддесін қорғамай отыруы мүмкін емес-ті. Мәселені тереңірек қарастырып, жіті ойланған Әбілқайыр патша үкіметіне бұдан гөрі мықтырақ ұсыныс жасағанда ғана қазақ халқының тағдыры дұрыс қалыптасарын ұғып, 1730 жылдың маусымында император патшайым Анна Иоановнаға хат жолдап, өзі мен қоластындағы халқына «аса мәртебелі» қамқорлық пен қорғау жасауын өтінді.
Орыс император патшайымның қамқорлығына ие болу арқылы Әбілқайыр қазақ-башқұрт шиеленісін шешіп алуды, Ресей әскери күшіне сүйене отырып, Жоңғар соғысы нәтижесінде жау қолына өткен Сыр бойы қалаларын, ең алдымен, саудалық-кәсіпшілік, отырықшы-диқаншылық аймағымен қоса Түркістанды қайтарып алуды, Еділ бойы мен Батыс Сібірдегі ірі жәрмеңкелерде қазақтардың орыс көпестерімен еркін сауда жүргізуіне мүмкіндік алуды және аға хан билігін күшейту мен жетілдіру арқылы Даланың орталық билігін нығайтуды ойлады. Бұл – сол тұс үшін қазақ тарихындағы ең ұлы шешім еді. Онсыз қазақ халқының болу-болмауы белгісіз еді.
1731 жылғы ақпанда император патшайым қазақтарды Ресей дәргейіне алу туралы грамотаға қол қойды да, Қазақ даласына Ресей елшісі Құл-Мұхаммед (орысша – Алексей Иванович) Тевкелев Әбілқайырдан Ресейге адалдық антын алуға аттанды.
... 1731 жылдың 5 қазанында орыс елшісі Ырғыз өзенінің саласы Шетырғыздың құяр жеріндегі Мәнітөбеде (беріде Мәніәулие атанған) отырған Әбілқайыр ордасына жетті. Келген бойда А.И.Тевкелевті Кіші жүз рубасылары әзірлеп қойған «құпия қарауыл» тұтқынға алды да, 6-10 қазан аралығында ол «үстіне қазақтың тозған киімін киіп», Әбілқайыр ордасына түнде ғана барып сөйлесіп жүрді.
7 қазан күні Тевкелев рубасыларға орыс патшасына ант беру рәсімі туралы хабарлап, сый-сияпат үлестірді де, Әбілқайырдың қатысуымен өтетін ант беру күнін белгіледі. Алайда кешке қарай рубасылардың оған деген өшпенділігі күшейіп кеткенін, оны Ресейдің қазақ жүздеріне әскери шабуыл жасауды жоспарлау үшін келген жансыз деп айыптап, елшіліктің барлық адамын өлтіріп, мүліктерін тонағалы отырғанын білді.
Тевкелев өзімен ере келген башқұрттардың басшыларын шақырып, кеңес сұрады. Олар миссия басшысына ең алдымен халық ішіндегі ықпалы өте зор Кіші жүз батырлары Бөкенбайды, Есетті және Құдайназар мырзаны шақыру керектігін, Әбілқайырдың солардың қолдауына үнемі сүйеніп келе жатқанын айтқан.
Бұдан соң Әбілқайырдың өзі де атақты рубасы Бөкенбайдың «барлық қазақ басшыларын жаман пиғылдан қайтара алатынын, ондай жамандыққа жол бермеу соның ғана қолынан келетінін, ал мұның – ханның, өзі сезікті болғандықтан, мұны істей алмайтынын» айтқан. Хан Таймас батырды шақырып алып, Бөкенбайды таптырып, дәл сол күні Тевкелевпен кездестірген.
... Бар сырды Бөкенбайға баяндап берген А.И.Тевкелев одан Ресеймен келісімге көнгісі жоқ рубасыларын көндіріп беруді өтініп, «бұл үшін Бөкенбай батырды, оның күйеу баласы мен немере інісін ... аса мәртебелі императордың қайырымдылығымен марапаттайтынын» айтады.
Әбілқайырдың ең жақын серіктерінің бірі Бөкенбай үшін хан жоспары, одан өзге жолдың жоқтығы бұрыннан белгілі еді.
Әбілқайыр хан да, оны жақтаушы Бөкенбай батыр мен оның серіктері де Ресеймен жақындасудың екі жаққа да тиімді әскери-саяси келісім деп қана ұққанын, мақсат – қазақты бодан ету еместігін ерекше айтқан жөн.
Бөкенбайдың ел ағаларын Ресейге ант беріп, келісімге келуге үгіттеуге саналы түрде, шынайы көңілмен көнгені орыс елшісін таңдандырған. Тевкелев бұл қызметі үшін батырға сол кезде есепсіз байлық боп есептелетін 500 сомды ұсынғанда, ол «ақшаны алсам, сол үшін қызмет істегенім болады, бұл абырой әпермейді» деп, сыйлықтан бас тартқан.
Әйгілі батыр өз уәдесінен айныған жоқ, Ресей елшілігі Далада өткізген уақыт ішінде Тевкелевті ең қиын жағдайларда қолдап жүрді.
...Дипломатиялық миссияның табысқа жетуіне Тевкелев ең алдымен Бөкенбай Қарабатырұлына қарыздар екенін жазады – ол жат жерде елшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, Кіші жүз басшыларының Ресейге ант беруіне де зор ықпал жасады.
Себебі ол қалыптасқан жағдайды Әбілқайырмен бірдей сезінді, халқының орасан тарихи тығырықтан қалай шығарына шын жүректен алаңдады. Ол мағынасыз шапқыншылықтан ойлы мәмлегерліктің артықтығын терең ұға білді. Ресеймен келісімнен кейін де талай рет ушыққан қазақ-қалмақ, қазақ-башқұрт шиеленістерінде Бөкенбай елшілікке жүріп, көп дауды соғыссыз, әділ шешуге есепсіз еңбек сіңірді.
...1746 жылы Әбілқайыр хан былай деп жазады: «Бұдан бұрын Жайық бойында қамалдар жоқ еді, ұлыстар кең жайылып көше алмайтын, қырғыз-қайсақтармен мұндай сауда да жүрмейтін, ал қазір Аллаға шүкір, қамалдар тұр, қазақтар саудаға үйренді...Биік шөпті жайлаулар мен мөлдір сулары бар Жайықтың бергі беті бізге берілді, мен бұған бір емес, мың мәрте ырзамын...»
Кейін батыс және солтүстік территориялар проблемаларының жария түрде, заң жүзінде шешіліп, қазақ пайдасына шешілуін үш жүздің билік өкілдері мен олардың ұрпақтары Әбілқайыр мен оның жақын достары болған белгілі батырлардың ең басты саяси табыстары екенін толық мойындады. Олардың ең басында «ар намыстың ақтаңгері», табын Бөкенбай Қарабатырұлы тұрған-ды.
5. Ұлы сапардың соңы
XVIIІ ғ. 30-40 жылдарының шегінде Бөкенбайдың жасы үш мүшелден асқан-ды. Алайда 73-тегі батыр бұрынғы қайратты да қажырлы күйінде қала берді, атқа қарғып мініп, желмен жарысқан тұлпарының үстінде көрші халықтардың жеріне неше күншілік сапар жасай беретін. Бойдағы қайрат-қажырымен қатар ол сана сергектігін де сол күйі сақтап, Қазақ даласының қоғамдық-саяси өміріне қызу араласып, шекаралық орыс әкімшілігінің жоғары лауазымды кісілерімен кездесіп тұратын.
Өмірінің соңғы жылдарында да ол баяғыша Кіші жүздің ең беделді және ықпалды, қазақтардың ірі тобын басқаратын ел ағасы болып қала берді. Бөкенбай мен оның ағайындарының – Есет батыр мен Құдайназар мырзаның қарамағында 7 мың үйлі жетірулар, яғни 50 мың адам болды. Бұған қоса, ол Далада да, көршілес башқұрт елінде де қарадан шыққан қазақ азаматтары ішіндегі ең дәулетті кісі еді, себебі жаудан түскен мол олжаның үлкен бөлігі, дәстүр бойынша, тұрақты қосын қолбасшысы ретінде бұған тиесілі еді. Ертеректе белгілі башқұрт тархандары Алдар Исекеев пен Таймас Шаимов А.И.Тевкелевке Кіші жүзге елшілікпен аттанғанда тек қана Бөкенбайға арқа сүйеу керектігін бекер айтпаған-ды. Көшпелі қазақтар арасындағы қоғамдық беделінің, дәулетінің және Кіші жүз бен Орта жүздің ел билеушілерін империяның мемлекеттік билік органдарына жақындата түсуге сіңірген жеке еңбегінің арқасында Бөкенбайдың орынборлық және астрахандық басшылар алдындағы беделі де зор еді, олар көпті көрген, көп білетін есті батырдың білікті және дәлелді көзқарастарымен санасатын Бөкенбайдың өзі де Орынбор тарапынан жиі айтылатын сауалдар мен ұсыныстарға сергек қарап, қажет кезінде жергілікті шекаралық командирлерге кеңес беруге келетін. Кейде, мәселен, 1738 жылы Бөкенбай Озерный қамалының маңындағы Орынбор комиссиясының бастығы В.Н.Татищевтің лагеріне келгенде бұл келіссөз қазақтар бастамасы бойынша белгіленсе, келесі жолы келіссөз өткізуді Ресейдің оңтүстік-шығысындағы провинциялық патша әкімдігі ұсынған.
1740 жылдың жазында Бөкенбай В.Н.Татищевтің орнына келген генерал-лейтенант В.А.Урусовтан Кіші жүз қазақтары мен Ресей арасындағы келісілген арақатынастардың маңызды проблемалары туралы келіссөзге келуін өтінген шақыру алды. Батыр күйеу баласы Есетті, жетірудың игі жақсыларын ертіп, Жем бойынан Ордың жаңа шекара басшысына аттанды. Урусов пен оның көмекшілерінің Кіші жүз бен Орта жүз билеушілерімен кездесуі Орда, 22 тамыз – 1 қыркүйек аралығында өтті. Әбілқайыр хан мен оның ұлдары келген кеңеске жақында ғана ақ киізге көтерілген Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан қатысты, олардың жанында екі жүздің сыйлы ел ағалары да болды. Соңғылардың сапында жетірулық Бөкенбай мен Есет, Орта жүз арғындарының үлкен рулық бірлестіктерінің басшылары Жәнібек Қошқарұлы мен Нияз Барқыұлы да болды. Үлкен жиын екіжақты келісімнің сол тұстағы проблемаларын: қазақтардың антты берік сақтау мәселелерін, олардың орыс тұтқындарын кері қайтару ісін, Даланың өз іші мен батыс шекаралардағы қоғамдық-саяси жағдайларды қалыпқа келтіру проблемаларын талқылады.
Саяси серіктердің өзара тілдесуі үстінде, 1740 жылғы тамыздың 28-інде Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан орыс тағының дәргейіне ресми түрде өтті. Олармен бірге Орта жүздің 128 сұлтандары мен ел билеушілері орыс патшайымына адалдық антын қабылдады. Келесі күні Бөкенбай мен Есет бастаған Кіші жүздің 180 билеушісі ант берді...
Бөкенбай батырдың халық тағдырына қатысты мәселелерде зор қызмет атқарғанының мұндай мысалдары өте көп. Ол шын мәніндегі ұлттық, мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілген тұлға.
...Сол ғасырдың 40-жылдары Үстірт аймағында түрікпендер мен табындардың, адайлар мен қалмақтардың шұрайлы жерлер үшін қақтығыстары жиілеп кетті.
1742 жылдың қысында осы жағдайларға байланысты 500 әскерді бастаған қарт батыр түрікпендермен соғысқа аттанды. Бұл қазақтар үшін өте сәтсіз жорық болды. Түрікмендермен шайқаста 100 қазақ жауынгері ерлікпен қаза тапты. Оның ішінде қолынан семсерін түсіріп көрмеген ар-намыстың ақтаңгері, атақты батыр, даңқты қолбасшы, шебер мәмлегер-саясатшы, ұлт қайраткері Бөкенбай Қарабатырұлы да бар еді...
Ирина ЕРОФЕЕВА
Аударған
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ
(Соңы. Басы 49-нөмірде)