Әр елдің аумағы мен шекарасының болуы – сол мемлекеттің елдігінің ең негізгі белгісі болып табылады. Мысалы, біздің еліміздің мемлекеттік шекарасы 14 мың шақырымнан астам қашықтықты алып жатыр. Бес мемлекетпен, Ресей Федерациясымен, Түркіменстанмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Қытаймен шектеседі. Сондай-ақ, батыста Хазар (Каспий) теңізімен, оңтүстікте Арал теңізімен шайылады. Соның ішінде Жамбыл облысы оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен 716 шаршы шақырымда шектеседі.
Мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары Жамбыл облысында 2001 жылы 15 желтоқсанда басталып, 2008 жылы 15 тамыз айында күшіне енген «Қазақстан – Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы» шартқа және ҚР Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүргізілді. Облыста тұтастай алғанда мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тұрақты пайдалануға 7111 га жер учаскелері облыс әкімінің қаулысымен рәсімделіп берілді. Жерге орналастыру жұмыстарын екі жылдан аса Жамбыл ғылыми өндірістік орталығы мекемесінің бастығы Н.Артаев бастаған ұжым аса жауапкершілікпен жүзеге асырды. Шекара сызығына тікелей жанасатын 281 жер меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелері алынды. Бұзылуға немесе көшірілуге жататын 60-тан аса түрлі құрылыс нысандары мен тұрғын үйлер ҚР Жер кодексінің нормалары мен зандарына сәйкес өтемақы төлеумен шешілді.
Осындай ауқымды жұмыстарға аудан әкімдігі мен жер қатынастары мамандарының қосқан үлесі көп. Мемлекеттік маңызды іс барысында өздеріне тиесілі жерлеріне, тұрғын үйлері мен нысандарынан айырылған және түсіністікпен қараған жерлестерімізге айтатын алғысымыз шексіз. Себебі, қойнауы құт осынау ұлан-ғайыр мекенді көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа қалдыру, бабалар аманатына адалдығымыз болса керек. Мұның бәрі, әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында түпкілікті шешімін тапты. Өйткені, шекараға қатысты осынау шетін мәселе бірқатар мемлекеттер үшін әлі күнге дейін өзекті болып отырғаны белгілі.
Елімізде тәуелсіздік туы желбірегелі 20 жыл уақыт болды. Содан бері халықтың береке-бірлігін ойластырып, рухын көтеру және ел еңсесін әлеуметтік тұрғыдан тіктеу ісінде қыруар шаруа атқарылды. Мемлекетіміздің тарихының түпсіз тереңдігін, жер байлығының баға жетпес молдығын, халқының бейбітшілік сүйгіштігі мен еңбекқорлығын және білімі мен білігін дүние жүзі мойындады. Мұның бәрі елдігіміздің ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттік шекарамыздың мығым болуына қызмет етуде.
Бақтияр КӨПБОСЫНОВ, Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының бастығы.
Жамбыл облысы.