Атақты мүсінші Хакімжан Наурызбаев жасаған мүсінде ақын басына тақия киіп, сол қолына кітабын ұстап, шапанын желбегей жамылып өрлей жүріп келеді. Тас тұлғадан ақындығы да, даналығы да толысқан ойшыл Абайды көреміз. Бітуге жақындаған мүсінді шеберханада көрген Мұхтар Әуезовтің ескертпелерімен оны мүсіншінің қайта жөндегені белгілі. Қалай дегенмен мүсінші халқының көңіліндегі хакім, кемеңгер Абайды бейнелеп бергені аян. Мұнан кейін Абайдың ескерткіші, мүсіні Қазақстанның қалаларында, елді мекендерінде орнатылды. Астанада, Семейде, Қарағандыда, Өскеменде ақынның биік ескерткіштері бар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Абай ескерткіштері шетелдерде де орнатыла бастады. Қазір Мәскеу мен Ташкентте ескерткіштері, Будапешт, Бейжің, Тегеран қалаларында мүсіндері тұр.
Хакімнің еліміз қалаларындағы ескерткіштері негізінен оның тұрып тұрған, тұтас тұлғасын береді. Жасыратыны жоқ, олар Абайдың Хакімжан Наурызбаев мүсіндеген бейнесіне арқандалғандай, алыс кетпейтін секілді. Басында тақиясы, үстінде кең шапаны, шоқша сақалы бар ескерткіштің барлығын Абай деп елестетеміз. Ал ақынның шетелдерде орнатылған ескерткіштері мен мүсіндерін жасаған кейінгі толқын мүсіншілер дана ақынның бейнесін беруде өз қиялына ерік бергендей. Тіпті қытайдың мүсіншісі Юань Сикунь бейнелеген Абай мүсіні бүкіл әлем ойдан салған суреттерден қабылдайтын Конфуцийді елестете ме, қалай?..
Біздің мақсатымыз, Абай ескерткіштерін түгендеу емес, ақынның ерекше мүсіні туралы айтып беру еді. Бүгінде Қостанай облысының Таран ауданы орталығында ақынның ескерткіші тұр. 1962 жылы осы аудандағы «Абай» кеңшарының орталығына орнатылған екен. 90-шы жылдары шаруашылық тарайды, Абай елді мекенінен ешкім қалмай үдере көшеді. Сол кезде жұртта қалған ескерткішті аудан басшылары әкеліп, Таран ауданының орталығына, әкімдік ғимаратының алдына қайта орнатыпты. Авторлары ерлі-зайыпты Муза мен Леонид Белоусовтар қазір бұл дүниеде жоқ. Облыстық тарихи және өлкетану музейіне тапсырған олардың жеке архивіндегі мүсіннің шеберханада дайын болған кезінде түсірген суреті еріксіз назар аудартады. Басында тақия, үстінде тік жаға көйлек, иығына жағалы киім жамылған, аяғына мәсі киген, тізесіне кітабын қойып, малдас құрып, қалың ойда отырған ақын тілінің ұшына: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» деген жолдар оралғандай әсер береді. Төмен қарап отырған мүсіннен көрермен хакім, философ Абайды жазбай таниды.
– Әкем Леонид Прокопьевич: «Абайдың мүсініне өнертанушылар «ұлы философтың бүкіл құдіретін ашып көрсеткен шығарма» деген баға берген еді» деп айтып отыратын еді, – дейді қызы Наталья Леонидовна.
Енді мүсіннің авторлары туралы бірер сөз. Муза Александровна мен Леонид Прокопьевич Ресейдің Солтүстік Урал жағында туып-өскен. Ленинградтағы В.Мухина атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесін 1958 жылы бітіргеннен кейін, жолдамамен екі жас қол ұстасып Қостанайға келеді. 1979 жылы Муза Александровна қайтыс болғанға дейін екеуі көптеген жұмыс жасайды. Соның ішінде Абайдың, Ыбырайдың, Амангелдінің, Сұлтан Баймағамбетовтің, соғыс солдатының мүсіндері де бар. Олардың жасаған мүсіндері облыстың аудандары мен елді мекендеріне орнатылады. Бір қызығы, сол ескерткіштер осы күнге дейін тұрса да, олардың авторлары ұмытыла бастапты. Мысалы, Абайдың да, Торғай кентінде тұрған Ыбырайдың да ескерткіштерін кім жасағанын екінің бірі біле бермейді, тіпті белгісіз болып келген, тек музейде, Белоусовтардың қызының қолында қалған материалдардан анықталды. Муза Александровна КСРО Суретшілер одағының мүшесі болады. Леонид Прокопьевич 2014 жылы 86 жасында бақилық болды.
Халқымыздың қос рухани бәйтерегі Абай мен Ыбырайдың тұлғасын қазақша ойлап, жасаған Белоусовтардың еңбегі қазір де таңғалдырады. «Біз мүсіндерді жасағанда батырдың да, ақынның да бет жүзінен ой іздеп, көп кідіретін едік» дейді екен Леонид Прокопьевич қызы Натальяға. Абай ескерт-
кішіне қараған жан мүсіншінің бұл сөзіне иланары хақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ