Сол Ойқұдықта маздаған шоқ бүгін егеменді елдің өркендеген өнеріне айналып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. Сексен жылдан астам елге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан өнер ордасы озық дәстүрлі ортаға айналған.
Қазіргі таңда еліміздің басты бағдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болып отырғаны белгілі, – деді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мерей Қарт, – бұл бағдарлама «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны» атты төрт бағытта іске асатын жобадан тұратындықтан, біздің театр аталмыш бағдарламаның дамуына және еліміздің рухани-мәдени дамуына үздіксіз атсалысып келеді. Өз елінің тарихын, мәдениеті мен әдебиетін меңгеру жас ұрпақты толыққанды азамат, жеке тұлға ретінде қалыптастырып, патриоттық тәрбие беріп, ой еңбегіне жетелейді.
Елбасы бағдарламасының басты мақсаты рухымызды жаңғырту, ұлттық санамызды қалыптастыру болса, театр тура осы бағыттағы тәрбиені беретін орын. Осы тұрғыда театр ұжымы қаламыздың оқушыларымен шығармашылық кездесу өткізді.
«Театр – болашақ бағдары» атты ашық сабағымыздың мақсаты – актерлік өнердің қыр-сырын үйретіп, өнерге баулу, – дейді театртанушы Еңлік Саматова, – қаладағы №33 мектеп оқушылары белсенділік танытып, актерлерімізбен етене араласып кетті. Өнер саласына қызыққан жасөспірімдер түрлі образдар сомдап, ойларында жүрген сұрақтарын қою арқылы бақтарын сынап көрді. Театр әртістері Аяулым Тұрысбекова, Әсел Асылбекова, Ақерке Ризабекова, Жантай Тұрысбеков, Мағжан Аразалинов, Жәнібек Авленов барынша театр өнерін таныстырып, актерлік шеберліктерін көрсетті. Қызықты кездесудің соңы әсем әуенмен жалғасты.
Раушан Нұғманбек,
журналист
Семей
Суретті түсірген автор