Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Қазақстан мен Өзбекстан бірқатар сауда-экономикалық келісімге қол қойды

860 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

14 наурызда Астанада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысы өтті. Шараға Комиссияның тең төрағалары — ҚР Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Асқар Мамин және ӨР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Ачилбай Раматов қатысты.

Қазақстан мен Өзбекстан бірқатар сауда-экономикалық келісімге қол қойды

Отырыс барысында өткен жылдың екіжақты өзара іс-қимыл үшін табысты болғаны және оған Қазақстан мен Өзбекстанның Мемлекет басшыларының ықпалы зор екені аталып өтті.

Екі ел Президенттері Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтеріне сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылдау туралы тапсырмалар берген еді.

Тараптар өзара сауданың жоғары қарқынын атап өтті. ҚР мен ӨР арасындағы тауар айналымы 2017 жылы $2 млрд құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 31,2 пайызға жоғары көрсеткіш.

«Біз өзара сауданың тұрақты оң динамикасын қолдаймыз. Тауар айналымының көлемін әрі қарай ұлғайту және номенклатураны кеңейту өзара сауда көлемін арттыруға жол ашады. Бұған қоса, бізге 2017 жылы қол қойылған сауда-саттық жөніндегі келісімшарттар мен келісімдерді уақытылы іске асыру қажет», — деді А. Раматов.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқынын ескере отырып, тауар айналымының 2018 жылы $3 млрд дейін өсуі және 2020 жылға қарай $5 млрд дейін жеткізу мақсатында келісілген шараларды қабылдауға келісті.

Екіжақты ынтымақтастықта іскер топтардың және инвестициялардың өзара әрекеттесуі маңызды рөлге ие. Өткен жылы екі ірі бизнес-форум өткізілді, $1 млрд асатын сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Азық-түлік өнімдерін жеткізу, мұнай химиясы және химия салаларында бірлескен кәсіпорындар (төрт сауда үйі) жұмыс істейді. Фармацевтика өнеркәсібінің сауда үйі бойынша құрылтай құжаттары бекітілді.

«Өзавтосаноат» АК және «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы Келісім аясында экспорттық өнімдерді сыртқы нарықтарға, соның ішінде EAЭО нарығына шығару бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Үлгі ауқымы дамып, өндірістің локализациясы тереңдей түсуде. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС-не «Өзавтосаноат» АК капиталын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Аймақтық байланыстар белсенді дамып келеді. Өзбек тарапы Өңіраралық ынтымақтастық форумын тұрақты негізде өткізу туралы Қазақстан бастамасын қолдады.

Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізуге ерекше көңіл бөлінді. Экономика, туризм, мәдени–гуманитарлық салаларда 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

«Біздің Мемлекеттер басшыларының 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын және 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу туралы шешімі – екі ел арасындағы сенім мен серіктестік қарым-қатынастарының теңдессіз жоғары деңгейінің айқын дәлелі», — деп атап өтті А. Мамин.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысы барысында Комиссияның 16 отырысы Хаттамасының шешімдерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас аудандарында Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын, көліктік-логистикалық орталықты (Құрғақ порт) құру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті

2017 жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен тасымалдаудың өзара көлемінің 20,5 млн тоннаны құрап, 8 пайызға өсуі байқалған. 2018 жылдың екі айында тасымалдау көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға артқан.

Екі тарап осы жылдың сәуір айынан бастап «Самарқан — Астана» бағыты бойынша тұрақты теміржол жолаушылар пойыздарының жұмыс жасайтыны туралы уағдаласты.

Су саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. ҚР және ӨР уәкілетті органдарына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Жол картасының шараларын орындау бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.

Сонымен қатар Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын пайдаланудың құқықтық тетігін әзірлеу қажеттігі атап өтілді, ол аймақтың барлық мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, сындарлы диалог қалыптастыруға ықпал етеді.

Отырыс барысында тараптар газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады. Қазақстанның оңтүстігіне Өзбекстан аумағы арқылы қазақстандық газды транзиттік тасымалдауға техникалық мүмкіндік жасау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді. 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында тиісті Келісімге қол қою көзделген. Тараптар, сондай-ақ, своп-операциялары аясында өзбек газын жеткізу жөніндегі өз міндеттемелерін орындауға ниет білдірді.Аскар Мамин.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу бойынша Хаттама мен Іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ бірқатар сауда-экономикалық келісімге қол қойылды.