Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Қ.Тоқаев Индонезияның Вице-президентімен кездесті

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жакартаға сапары одан әрі жалғасуда.

Қ.Тоқаев Индонезияның Вице-президентімен кездесті

Бүгін Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының Төрағасы Индонезияның Вице-президенті Юсуф Калламен кездесті. Тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытудың келешегін талқылады.

Сенат Төрағасы Индонезия Вице-президентінің 2017 жылғы қыркүйектегі сапарының нәтижелі болғанын және ол бастаған делегация Ислам ынтымақтастығы ұйымының Астанадағы ғылым және технология жөніндегі саммитінің табысты өтуіне үлес қосқанын жоғары бағалады.

Қ. Тоқаев толеранттықты, діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің үнқатысуын ілгерілету мәселелері бойынша біздің елдеріміз арасындағы тәжірибе алмасудың пайдалы екенін атап өтті. Осыған байланысты ол  Индонезия Президенті Джоко Видодоның 2018 жылы қазанда Қазақстан астанасында болатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысуына Қазақстанның ықыласты екенін айтты.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында жүзеге асырылып жатқан, еліміздің азаматтарының әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған реформалар туралы, сондай-ақ Қазақстанның саяси жүйесі мен рухани өмірін жаңғырту жайында индонезиялық тарапты хабардар етті.

Юсуф Калла өз кезегінде оның елі Қазақстан делегациясының сапарына зор маңыз беретінін айта келіп, көлік, логистика, инвестиция, қаржы, туризм және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды үдетуге назар аударып отырғанын айтты.