Пхенчхандағы Паралимпиада ойындарында Александр Колядин шаңғы спортынан 1,5 километрлік спринтте аталған қашықтықты 4:19.7 минутта бағындырып, мәреге бірінші жетті. Екінші орын жапониялық Йоширо Ниттаға бұйырса, қола жүлдені Марк Арендц місе тұтты.
Сөйтіп Александр Колядин Қазақстанның қысқы Паралимпиада тарихындағы тұңғыш алтын жүлде иеленген спортшы атанды. Бұл Колядиннің екінші паралимпиадасы. Ол төрт жыл бұрын Сочиде өткен ойындарға қатысып, 13-орын иеленген болатын. Қазақстан құрамасының спортшылары паралимпиялық ойындарға 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.
Александр Колядиннің алтын медалі ел құрамасының жалпыкомандалық есепте 15-орынға көтерілуін қамтамасыз етті. Биылғы паралимпиялық ойындарға Қазақстан құрамасынан спорттың екі түрінен алты спортшы қатысып жатыр. Бұл да – біз үшін рекордтық көрсеткіш!
Колядин тарихи жеңісінен кейін отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, жеңісіне қуанышты екенін білдірді. «Бұл жетістікке жету үшін өткен паралимпиададан бері ұзақ уақыт дайындалдым. Өте қиын жаттығулардың арқасында осы нәтижеге жеттім деп ойлаймын. Паралимпиададан кейін де халықаралық додаларда ел намысын қорғаймын деген үмітім бар. Қолдау білдіріп, үміт артқан барлық қазақстандықтарға өз алғысымды білдіремін. Дәл қазір ерекше сезімде тұрмын. Мені шаңғы спортына баулыған Николай Чеботькоға да ерекше алғыс айтамын», деп ағынан жарылды Паралимпия ойындарының чемпионы.
Александр Колядин 1973 жылы Қостанай қаласында туған. 1997 жылы жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылған. Бұл жағдайдан кейін Колядин ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай жүрген. Дегенмен, бала кезінде күреспен шұғылданып, спортқа икемі барын байқаған Сергей Ревуцкий оған шаңғы спортымен шұғылдануға көмектескен. Спортшы 2012 жылы Көкшетауда өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, ел біріншілігінің жеңімпазы атанған. Сол уақыттан бері Александр еліміздің намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап келеді.
2017 жылдың жазында Александр Германияда оқу-жаттығу жиынына қатысып, сол жақта өзіне ыңғайлы протез аяқ жасатады. Осыдан соң ол аяғын еркін қимылдатып, шаңғы спортында бірқатар жеңіске жете бастайды. Ол ұзақ уақыт Николай Степиннің қол астында жаттыққан. Қазіргі жаттықтырушысы – Василий Коломиец.
Александр Колядин бүгінде Қазақстан чемпионатының алты дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ ол былтыр Германияда өткен әлем чемпионатында эстафеталық жарыста алтыншы орын иеленген. Бұл Колядиннің қазіргі кездегі ең үздік нәтижесі. Александр «Қиындықтардан қорқудың орнына жаңа қиындықтарды іздеймін» деген ұстаныммен өмір сүретін спортшы.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»