– Ерлан Кенжеғалиұлы, Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде алға қойған тапсырмалар белгілі. Яғни отандық ғылым нәтижелі болуы үшін оған жағдай жасалуы қажет. Осы орайда әңгімемізді әлеуметтік жобада айтылған жатақханалар құрылысынан бастасақ?
– Біріншіден, Елбасы білім саласына арнайы назар аударып отыр. Осы жылы мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын және мәртебесін көтеріп, бес бастама аясында қосымша 20 мың грант бөлу шешімін қабылдады. Президенттің жыл сайынғы Жолдауы мен Парламенттегі Үндеуі білім мен ғылым саласын дамытуға зор серпін беріп отыр. Осы шешімнің ішінде жетпіс мың орны бар жоғары оқу орындарында жатақханалар салу мәселесі де қаралған. Сондықтан мектеп оқушыларының, ұстаздардың атынан Елбасына осы қамқорлығы үшін рахмет айтамыз. Мұның барлығы дарынды жастарымыздың көбірек жоғары оқу орындарынан сапалы білім алып, еліне қызмет етуге, әсіресе қазіргі маңызы үлкен салаларға қызмет етуіне мүмкіндік беріп отыр.
Ал жатақханадағы жағдайды жақсарту – кешенді мәселе. Мұны кезең-кезеңмен шешу керек. Ең алдымен, қай университетте, қай жерде жатақхана салу мәселесін шешуіміз керек. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында жатақхана салуға керекті жер табылар, басқа университеттердің жатақханалары үшін жер мәселесін шешуіміз керек. Бұл әкімдіктермен бірлесе отырып шешілетін мәселе, ол қазір қаралып жатыр. Осыдан кейін әрбір жатақхананың жобасы мен қаржысын анықтауымыз керек. Қазір біз Қаржы министрлігімен, Ұлттық және коммерциялық банктермен, жоғары оқу орындарымен, құрылыс компанияларымен бірқатар кездесу өткізіп, бәрімізге ыңғайлы және халыққа түсінікті қаржыландыратын келісім әзірледік. Онда жоғары оқу орындары мен құрылыс компанияларының қызмет кестесі көрсетілген. Егер университет немесе құрылыс компаниясы жатақхананы салса, жатақхана пайдалануға берілгеннен бастап белгілі бір кезеңде ай сайын әрбір орынға белгіленген соманы құяды. Осы келісімшарт негізінде бұдан кейін университет немесе құрылыс компаниясы банктен несие алады да, құрылыс компаниясын жалдап, жатақхана құрылысын салады. Банктер, жоғары оқу орындары, құрылыс компаниялары қазір аталған жобамен келісті. Жеткілікті төлем қабілетін екінші деңгейлі банктер мүмкін деп отыр. Бұл шараға Азия даму банкі іспетті халықаралық басқа банктер де қатысуға ниет білдіріп отыр.
Енді білім беру мекемелері мен жатақханалар құрылысын «Бизнестің жол картасы» бойынша пайыздық үстемесін жүргізе отырып субсидиялау мәселесін шешуіміз керек. Қазір қажетті университеттерді жер телімімен қамту бойынша әкімдіктермен жұмыс жүргізілуде. Жоспарланған нысандарға тиісті коммуникация жүргізу мәселелерін тағы да пысықтау керек. Бірқатар заң актілеріне, соның ішінде Бюджет кодексіне де өзгерістер енгізу көзделуде. Қолданыстағы заң жобасына өзгерістер енгізу үшін Парламентке ұсыну қажет. Біз депутаттардан осы заң жобасын үстіміздегі сессия соңына дейін қабылдауларын сұраймыз. Тағы да айта кетейік, осы жоспарланған нысандарға тиісті коммуникация жүргізу мәселелерін де пысықтауымыз керек. Бұл біздің министрлікпен өңірлердің, қалалардың әкімдерімен бірлесіп шешетін мәселе.
– Латын графикасына өту, маман даярлау, оқулық жазу жұмыстары туралы айтсаңыз?
– Мен латын әліпбиін оқу жүйесіне енгізу туралы екі топты, атап айтсақ, білім және терминологиялық жүйеге жетекшілік етемін. Бірінші комиссияға қатысты айтар болсақ, мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарына латын алфавитіне көшу үшін негізгі жоспарды жасадық. Оқулықтар шығару кестесі бар, ұстаздар дайындаудың кестесі де дайын. Сонымен қатар емле жазу, орфография, транслитерация жұмыстарының аяқталуын күтудеміз. Бұл жұмыстарды Мәдениет және спорт министрі басқаратын басқа топ жасауда. Олар жұмысын аяқтай салысымен біз бірден оқулықтарды дайындауға кірісеміз. Мұны ең алдымен нөлінші сыныпқа арналған «Әліппеден» бастамақпыз. Оқулықты дайындау, сараптама мен апробациядан өткізу және мұғалімдер мен тәрбиешілерді дайындауға уақыт керек. Бұл жұмыстарды 2020 жылдың ІІ жартысына дейін атқару қажет. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепалды немесе нөлінші сынып дәрісті латын графикасымен оқиды. Осыдан кейін басқа сыныптарға латынша оқудың кестесі жасалады. Президент бізге бұл маңызды істе асықпауды, барлығын талқылап, сапалы жасауды тапсырып отыр. Университеттерге де дұрыс емле, орфография керек, сондықтан оқулықтарды аудару мен апробацияға кірісе беруге болады. Бұл жұмыстар биыл басталады. Әрі қарай ауысу кестесі белгіленеді. Екінші, терминологиялық комиссия да белсенді жұмыс істеуде. Бірінші міндет – барлық сөзді бір базаға жинау. Бізде терминнің 4 санаты бар. Бірінші – қазақтың өзінің тарихтан келе жатқан сөздері. Екінші – қазақ тіліне аударылғанына көп уақыт өте қоймаған сөздер. Мәселен, әуежай, ғаламтор, жекешелендіру, т.б. деген сияқты. Үшінші топқа басқа тілден аударылмаған, тікелей қолданылатын сөздер: мысалы математика, химия, сенат іспетті сөздер жатады. Төртінші санат – бізде немесе халықаралық қолданыста бар және келешекте де қолданыла беретін сөздер. Бұлар ғылыми және техникалық терминдердің ауқымды көлемін құрайды: асбест, наркоз, сондай-ақ жүйелі сөздер: платформа, аргумент, реакция және тағы басқалар. Аталған жұмыс толығымен атқарылды. Шаяхметов және Байтұрсынұлы атындағы тілдер институты бір базаға 390 мың термин жинады. Бұл – шын мәнінде көп.
Енді айналымға енгізген сөздер біркелкі қағидамен аударыла ма, аударылмай ма, параллельді түрде пайдаланылады ма, соны анықтау керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының 9 қағидасы, Құдайберген Жұбановтың 11 қағидасы, академик Әбдуәли Қайдардың арнайы ережесі бар. Сонымен қатар кейбір жас ғалымдар ұсынған кейбір жаңа қағидалар бар. Кейбір сөздер «изм», «огия» деп аяқталады. Мәселен, коммунизм, неологизм, геология, биология сөздері. Мұның барлығын тікелей қолдануға болады. Тағы бір қағида: егер латын, орыс және түрік тілдеріндегі сөздің түптамыры бірдей болса, ол сөз аударылмай-ақ қолданылады. Мәселен, система, платформа, категория, реакция, тағы-тағылар. Жалпы, бүгінгі таңда комиссия мүшелері аударманы барлығына ортақ және түсінікті қағидамен жасау мәселесін талқылауда. Сонда түсінікті қосымша сөздік құрылып қана қоймайды, дәл осы сөздік қоры баршаға түсінікті болады. Нәтижесінде, аудармада немесе сөйлемдерді қолдануда арқа сүйейтін қағидалар пайда болады. Осыдан кейінгі жұмыс қарапайым. Сөздің түбірі мен жалғауы анықталады; егер приваттау мен жекешелендіру сөздері қатар қолданылса, онда жекешелендіру деп айтқан дұрыс па, әлде приваттау, әлде жекелеуден өткізу деген дұрыс па? Бұл жұмыстың барлығы латын қарпінде жүргізіліп жатқандықтан, сөйлемді қабылдау мүмкіндігі өзгеруі ықтимал. Мұндай мәселелерде қазақ тілінің мамандары, әсіресе жетекші ғалымдар өздері ғылыми ортада талдауы керек. Осыдан олар ғылыми қағидаларды қоғамда талқылау және әрі қарай апробациядан өткізу кезеңдері басталады.
– Мектеп тақырыбы туралы айтсақ. Қоғамда әрдайым жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту, жаңартылған білім мазмұны реформалары туралы талас жүріп жатады. Сіздің ойыңызша, қоғам бұл реформаларды неліктен қабылдай алмай отыр?
– Түсінікті болу үшін кеңірек айтайын. Біріккен Ұлттар Ұйымының ішіндегі маңызды ұжымның бірі – ЮНЕСКО. Қазақстан биыл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті, осы дәрежеде Елбасымыз жақында Нью-Йоркте баяндама жасады. Бұл Қазақстанның абырой-атағы жағынан өте маңызды оқиға. Осымен қатар Білім және ғылым министрлігі биыл ЮНЕСКО-ның білім бойынша комитетінің дәстүрлі түрде төрағасы болды. Сондықтан білім саласының жаһандық бастамалар мен күн тәртібін, алдағы істейтін іс-шараларды біз төраға ретінде белсенді түрде талқылауымыз керек. ЮНЕСКО-ның пікірінше, мемлекет басшылары қол қойған, жаңа білім бағдарын беретін жаңаша білім хартиясы қазіргі әлемге қажет сияқты. Бұрынғы осы саладағы хартиялар өз міндетін жақсы орындады. Мәселен, міндетті тегін 9 жылдық мектеп, ұлдар мен қыздарға білімнің бір деңгейі, мектептен діннің бөлінуі, басқа да мәселелер тұтасымен орындалды деп айта аламыз. Бірақ заман өзгерді. Бүгінгі мектеп оқушылары үстіміздегі ғасырдың 30, 40, 50 жылдары 4.0 экономика саласында жұмыс істейтін болады. Заман талабына лайықты жұмыс істеу үшін алдын ала іс-қимылымызды жоспарлау керек. Кейбір елдерде дайындық шаралары жүріп жатыр. Ал енді бізге жаһандық сипаты бар әлем елдері қолдаған жаңа білім хартиясы керек. Мысалы, мемлекеттердің мектеп түлектерінің ақпараттық технологиялық белгілі бір деңгейде келіскенін көріп отырмыз. Оқушылардың ағылшын тілін пәндік деңгейде меңгеруі әр елде талқыланып жатыр. Ал құжатқа айналу мүмкіндігі екінші деңгейде. STEM білімін міндеттеу де кеңінен қолдау табуда. Жоғарыда айтылғандардың бәрі Қазақстанда қолға алынып жатыр. Сондықтан жалпыға ортақ стандарт жазу өте маңызды. Осыған Қазақстан өз үлесін қосу керек. Қорыта айтқанда жаңа білім хартиясын қабылдап, бүгінгі өркениетті адамзаттың білімі қандай болады деген түсінікке келгеніміз дұрыс. Сонда бәрі сабырға келіп, бәрі өз орнында болады. Нәтижесінде, 2020 жылы аталған хартияға Астана қаласында қол қоюға жұмыс істеуіміз қажет.
– Ғылым саласының қаржыландырылуы туралы қандай пікірдесіз?
– Жалпы, білім саласын қаржыландырудың үш жылдық конкурсы өтті. Бұған министрліктен бірде-бір шенеунік араласқан жоқ. Мұның барлығын Ұлттық ғылыми кеңес жасады. Нәтижесінде, ғылымды қаржыландыру үшін үш жылдық келісімге қол қойылды. Бірақ оған риза болғандар да, болмағандар да бар. Осы ұлттық ғылыми кеңестің шешімдерін дұрыс емес деп тауып, арызданғандар да бар. Осының ақ-қарасын анықтап ғалымдарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ойланатын мәселелер де бар. Әрбір жоба бойынша шешім қабылдау үшін тек сараптама қорытындысын негізге алу керек пе? Әлде Ұлттық ғылыми кеңесте талқылау абзал ма? Бұл үшін кейбір заңнаманы өзгерту керек. Біз осы мәселелерді талқылауды бастадық. Бірақ бұл қайта-қайта айтылатын мәселе емес, күнделікті атқарылатын шаруа. Мен мүмкіндікті пайдаланып, елдегі ғылым болашағы туралы айтқым келеді. Менің ойымша, ғалымдарға, әсіресе жас ғалымдарға бағыт-бағдар керек. Бүкіл әлемде ғылымды қаржылай қолдау жүйесі күрделі түрде өзгеруде. Мысалы, жуырда Самсунг компаниясының жыл сайын ғылымға 14 миллиард доллар бөлетіні туралы ақпарат жарияланды. Таңғаларлық жағдай. Бұл дегеніңіз ТМД елдерінің бәрінің Ресейді қоса алғандағы ғылым саласының 6-7 жылдық бюджеті. Мұны қандай да бір мемлекеттің өзінің мемлекеттік қорынан бөлу өте қиын, тіптен мүмкін емес. Ал енді жаңағы айтқан таңғаларлық жағдайдың сырына үңілсек, ойланып қарасақ, бұған таңғалуға болмайды. Соңғы 40-50 жылдың ішінде трансұлттық компаниялардың қарқынды өскені соншалықты, олардың айналымы орташа елдермен салыстыруға болатын деңгейге жетті, тіпті асып түсіп отыр. Мәселен, қазіргі таңда Toyota, Volkswagen, Apple компанияларының қай-қайсысының да қаржылық айналымы Грекия, Португалия, Қазақстан немесе Алжир сынды елдерден көп үлкен. Әрине мемлекет ғылымға өз шама-шарқымен керекті қаражатын бөледі. Дегенмен, мемлекеттің әлеуметтік саладағы шығындары өте көп. Мысалы, зейнеткерлердің ақшасы, оқытушылар мен дәрігерлердің еңбекақасы, жолдар салу, шекаралардың іргесін бекіту, тағы-тағы осындай шаруалар мемлекеттен көп қаржыны талап етеді. Сондықтан мемлекет бөлетін қаржымен қатар, біз әлемдік табысы мол, ғылымға көп қаржы бөліп отырған компаниялармен де тығыз байланыс жасап тиісті жобаларды ұсынуымыз керек. Мысалы, бір жылда 45 миллиард доллар табыс табатын Уоррен Баффет зейнеткерлерді, оқытушылар немесе шекарашылар армиясын асырамайды. Әрине салық төлейді, ал қалған табысы өзінде қалады. Уоррен Баффет үшін бір-екі миллиард қаржыны (бұл Ресейдің ғылымға бөлетін 8 бюджеті) АҚШ-тың немесе Израильдің бір университетіне бөлу қиын шаруа емес. Ол солай болып та отыр. Біз болсақ, мемлекет ретінде барлық табысымызды жұмсап, жетпегенімізді қарызға аламыз. Әлеуметтік салаға арналған біздегі бюджеттің 1,5-2 пайыз тапшылығы бар. Ал жағдай әрі қарай күрделі түрде өзгере беруі мүмкін. Бүгінде Apple, Volkswagen, Intel компаниялары ғылымға орта есеппен 15 миллиардтан жұмсаса, ертең 50 миллиардтан жұмсай бастауы мүмкін. Ал мемлекеттің, шағын мемлекеттің мүмкіндігі бұл жағынан шектеулі. Мемлекеттің жоғары зейнетақы алғысы келетін, мұғалімдердің жалақысы жоғарылағанын талап ететін, жаңа, жақсы медицинаны қалайтын, жаңа жолдардың салынғанын, жаңа мектептердің көбейгенін, жастарға гранттардың көбірек бөлінгенін қалайтын және сонымен бірге қаржыны көбірек сұрайтын қартайып бара жатқан халқы бар. Президент соңғы бірнеше Жолдауында біздің әлеуметке бағытталған мемлекет екенімізді үнемі айтып, түсіндіріп келеді. Біз бірінші кезекте әлсіздерге қамқор боламыз, халықтың жедел қажеттіліктерін өтейміз, мәселен, 2 миллион қазақстандыққа газ жеткіземіз. Бізде ғана емес, мемлекеттердің басым көпшілігінде жағдай осылай. Яғни қазіргі үрдістерге қарасақ, Самсунгтің бұл қадамына таңғалуға болмайды. Мен тек оның қаншалықты тез әрі ауқымды жүргізілгеніне тәнті болдым.
– Енді біздің ғалымдар не істеуі керек?
– Енді мына сауалға назар аударайық. Самсунг ғылымға бөлген аталған 14 миллиардтың қаншасы Кореяның өзінде қалды? Мен интернеттен іздестіріп көрсем, 10 пайыздан аспайтын бөлігі өз елінде қалған екен. Жаһандық компания ретінде Самсунг өзінің ең үздік жобаларын іске асыру үшін дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі елдерге: АҚШ, Израиль, Франция, Үндістан сынды мемлекеттерге олардың ғылыми орталықтарына, ғылыми топтарына тапсырыс береді. Естуімше, соңғы уақытта белорустардың да аздаған үлесі бар екен. Менің не айтқым келіп отыр? Жаһандық ғылымға салынатын жаһандық аса ауқымды корпоративтік инвестициялар әлемі қалыптасты, оған түрлі елдердің ғылыми ұжымдары таласады. Бұл таластың ұлттық шекарасы жоқ. Қазірдің өзінде әлемдегі негізгі ғылыми қаржыландыру соған көшті деуге болады. Осы даму қарқыны бойынша таяу болашақта үкіметтердің ғылымға жұмсаған қаражаты осы нарықтың түкке тұрмайтын бөлігімен бірдей болып қалады. Байқауымша, ТМД кеңістігінде жаһандық ғылымды қаржыландыру нарығына жүйелі түрде назар аударған алғашқы әрі әзірге жалғыз ел Беларусь ғана, онда да тек IT саласына және өте төмен деңгейде. Бірақ ең бастысы, олар дұрыс бағытқа бетбұрыс жасады. Өзімнің есептеулерім бойынша, белорустардың шетелден тартып жатқан ғылыми қаражаттарының көлемі ТМД-ның өзге елдерін қоса алғандағыдан асып түседі. Меніңше, олар тез ілгерілейді.
– Осы бағытта бізде не істеліп жатыр?
– Қазақстанда Дүниежүзілік банктің ғылымды дамытуға арналған несиесі келісілді. Пайымдауымша, несиенің ең маңызды бөлігі Қазақстанның 25 мың белсенді ғалымына ағылшын тілін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен компанияларға зерттеулерді қаржыландыру туралы өтініш тапсыруды үйретуге жұмсалады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, жаһандық «бәліш» бар, бізде сапалы білім бар, бірақ жаңағы «бәлішті» алуға қажетті тіл мен түсінік жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, ғалымдарды Самсунгке пайдалы болуды үйрету үшін алдымен Қазақмысқа, BI Group-ке, Қазатомөнеркәсіпке пайдалы болуды үйрету керек. Яғни ғылымды қаржыландырудың негізгі бағыты ретінде бизнес тарапымен бірге қаржыландыру керек. Бұл үш жылдан бері бізде енгізіліп келеді. Үшіншіден, корпорациялардың ғылымға ақша салатын орны ретінде анклавтар құрудамыз, бұлар: Назарбаев университеті, Ұлттық биоинженерлік орталық, Астана IT хабының жобасы. Төртінші, ең бастысы, халыққа ағылшын тіліндегі физика шын мәнісінде керек екенін сендірудеміз. Егер ғалымдарымыздың келешек буыны жоғарыда айтқан «бәлішті» алу үшін араласқанын қаласақ, оны мектеп қабырғасынан бастап үйрету керек.
– Мектеп түлектеріне грант бөлуде қандай жаңалық болады?
– Қосымша гранттар бөлу мәселесіне келейік. Біз әзірлік жұмыстарын аяқтап, қаулы жобасын министрліктер мен «Атамекен» ұлттық палатасына жібердік. Енді олардың ұсынысын күтіп отырмыз. Сондай-ақ жобаны жоғары оқу орындарына да жібердік. Олар қарап, өздерінің ұсыныстарын енгізуі керек. Министрліктерден гранттар бойынша келісулерді жеделдетуді өтіндік. Себебі ҰБТ-ға дейін аз уақыт қалды, қандай мамандықтарға қанша грант бөлінгенін бәрі білгісі келеді. Біз бұрынғы жылдардағы сараптамаларды негізге ала отырып, талапкерлерге әр мамандық бойынша шекті балдың қанша болатынын хабарлаймыз. Мақсатымыз – талапкерлер алдын ала дайын болуы үшін оларға барынша толық әрі егжей-тегжейлі ақпарат ұсыну.
Әңгімелескен Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»