Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы тәуелсіз Қазақстанның тарихында жаңа кезең басталды. Елдің ұлттық тарихында да үлкен бетбұрыстар жасалып, елеулі оқиғалар болды.
Қазақстан жолы – посткеңестік мемлекеттердің ішінде аумағы жағынан екінші орын алатын ірі жол. Мұнда 130-ға жуық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мұның өзі жас мемлекеттің тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізіп келе жатқанын аңғартса керек. Бүгінге дейін мемлекеттіліктің берік негізі қаланып, экономика тұрақты түрде өркендеді және барлық елмен жарасымды қарым-қатынас қалыптасты.
Қазіргі таңда Қазақстанның алдында тұрған мақсат-міндеттері мен алдағы жоспарлары бәріне айқын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдау қазақстандықтардың тың серпіліс жолына түскендігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы мен өткен жылы Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.М.Мирзиёевтің ел парламентіне, Олий мажлисіне арнаған Жолдауы арасында бір үндестік бары сезіледі. Өзбекстан тарихында тұңғыш рет қабылданған бұл бағдарламалық құжатта Өзбекстан Президенті бүгінгі жағдайға қазақ әріптесі тәрізді әділ бағасын беріп, болашақтағы міндеттерді айқындап өтті.
Н.Назарбаев Жолдауын стратегиялық, яғни көкжиектен көзге шалынған межелерге жету стратегиясы және әлемдік ұлы көштен қалмау үшін дамудың сара жолын анықтайтын бағыт деп те қарауға болады.
Президент алға қойған 10 басты міндетті жүзеге асыру Қазақстанның түпкі мақсатына жетуіне – дамыған 30 елдің қатарына кіруіне даңғыл жол ашады.
Бұл арада маңыздылығы мен тиімділігі бойынша үш мәселенің бетін ашып алу қажет.
Алдымен модернизацияның негізі болып табылатын адам капиталы екені рас. Барлық жастағы азаматтарды түгел қамтитын алдыңғы қатарлы білім жүйесін қалыптастыру міндеті айқын. Сапалы білімнің бастауын Президенттің өзі «Жалпыға қолжетімді кәсіби-техникалық тегін білім» есебінен межелеп берді. Мұның қатарында негізгі мамандықтарға байланысты стандарттарды жасақтау мен жаңа білім беру бағдарламаларын құруды атап өтуге болады.
Екіншіден, қаржы секторында Президент банктер Үкіметпен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің нақты экономикалық мүмкіндіктерін саралай келе, ұзақ мерзімді несиелеу қажет екендігін қадап айтты.
Үшіншіден, мемлекеттік тиімді басқарусыз қазақстандықтардың алдында тұрған өткір мәселелерді түбірімен шешу мүмкін емес деп есептеймін.
Қазақстан Президенті жолдаған бағдарламалық құжат шетелдік сарапшылар мен қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып отыр. Әлем Қазақстанның тұрақты, сенімді, төзімді мемлекет екендігін әлдеқашан мойындап қойған. Демек, Қазақстан тек посткеңестік аймақтағы ең ірі мемлекеттердің бірі ғана емес, алдымен бейбітшіл саясаты арқылы танымал ел екендігі талас тудырмайды.
Қазақстан мен Өзбекстанның бүгінгі саясаты 1991 жылы іргетасы қаланған мемлекеттік және қоғамдық реформалардың заңды жалғасы болып табылады. Енді міне, тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген буын өсіп жетілді. Осыған байланысты мемлекетті қалыптастырудағы тәжірибені енді қазіргі ұрпақтың талабы мен тәрбиесіне қатыстырып, мемлекеттің әрі қарайғы тұрақты дамуына жұмсауымыз қажет.
Қос мемлекеттің байланысы мәдени-гуманитарлық, тарих ғылымы және білім салаларында да жалғасын табуы тиіс.
Алишер САБИРОВ,
Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің докторанты, тарих ғылымдарының кандидаты