Аймақтар • 15 Наурыз, 2018

Қарабалық – ілкімді дамудың үлгісі

455 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан шамалы жыл бұ­рын өндіріс және өнеркәсіп кә­сіпорындарының барлығы да Қостанай, Рудный секілді об­лыстағы ірі орталықтарға шо­ғырланатын. Қазір өңірдегі аудан­дарда өндіру және өң­деу кәсіпорындары жиі бой кө­тере бастады. Шекарадағы Қа­рабалық ауданы алдыңғы қа­тарда деп айтуға болады. Не­гізінен астық өндіретін қара то­пырақты аудан­да «Тоғызақ ас­тық өнімдері комбинаты» ак­ционерлік қоғамы бірнеше өң­деу цехтары бар заманауи элеватор болып саналады.

Қарабалық – ілкімді дамудың үлгісі

Мұнда қазір экструдерлен­ген, түйіршіктелген және ны­ғыз­далған жем қоспалары, сал­қындай сығылған өсімдік майы шығарылатын цехтар қалыпты жұмыс істеп тұр. Комбинат аудандағы «Север-Агро Н» асыл тұқымды мал шаруашылығы, «Терра» бордақылау алаңы және «Ак-Бидай-Агро» агро­фирмасы секілді бірқатар ірі ауыл шаруашылығы нысандарымен бірге облыстағы «Ас­тық индустриясы» ірі агро­хол­дингі құрамына кіреді. «Тер­ра» бордақылау алаңында қа­зір 8 мың ірі қара жемделеді. Еш­қандай қоспасыз табиғи жем бері­летін малдан алынатын ет сапа­сы да жоғары. Компания об­лыс­тағы ет кластерінің қа­лыптасуына үлес қосып отыр. «Се­вер-Агро Н» шаруашылығы 3500 ет бағытындағы және 2800 сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіреді. Шаруашылық селек­циялық жұмыстар жүргізіп, мал тұқымының өнімді бо­луына және жергілкті табиғат жағдайына бейімделуін жүзеге асырады. Ал «Ак-Бидай-Агро» агрофирмасы 3-4 ауданда 85 мың гектар алқапқа бұршақ, май­лы және жемазықтық да­қылдар өсірумен айналысады. Олардың ішкі және сыртқы на­рықта жоғары сұранысқа ие өнімі жергілікті жерде, оның ішінде Қарабалықта да өңделеді. Мұндай ірі шаруашылықтар Елбасы Жолдауында айтылған цифрландыру ісінің толық қай­тарымы барлығына, еңбекті жеңілдететініне, шығынды азайтатынына көз жеткізгендіктен, қазірдің өзінде озық технология­ларды өндіріске енгізуге кірісіп кеткен.

– Цифрландыру бағдарла­масы бойынша мал шаруа­шылы­ғын­да жаңалықтар ен­гізуді қол­ға алдық. Керек-жа­рағын Қы­тайдан алдырып, бақташы ал­дындағы малды чиптеуді бас­таймыз. Асыл тұқымды малдың ұрланбауын және ол бір жерде жайылмай тұрып қалмауын компьютерден қадағалап отыратын боламыз. Сондай-ақ бордақылау алаңы да озық технология бо­йынша жабдықталатын болады. Бор­дақылау алаңындағы мал тәу­лігіне 700 грамм салмақ қо­сады. Қолдағы малдың 20 па­йызы осы бордақылау алаңында тұрады, қажетті салмақ алын­ғаннан кейін оларды ауыстырып отырамыз, осылай үдеріс жал­ғаса беретін болады, – деді бас директор Дәулет Ахметқалиев.

Қарабалық ауданындағы Тоғызақ елді мекенінде «Север­АгроПродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарақұмық өңдейтін зауыттың іргетасын қалап жатыр. Кәсіпорын зауыт құрылысына жұмсалатын 670 миллион теңге инвестициялық қаржыны өздері салып отыр. Зауыт жылына 12 400 тонна қарақұмық жармасын өндіретін болады. Негізі мұндай озық технологиямен жұмыс істейтін қарақұмық жармасы зауыты Қостанай қаласында да бар. Бірақ нарықты зерттеген кәсіп­керлер Қарабалықтан тағы да зауыт салуды қажет деп білді.

– Себебі біз өндіретін қара­құмық жармасы экспортқа ба­ғытталады. Күнделікті пайдаланып жүрген термоөңдеуден өт­кен қоңыр түсті қарақұмық жармасын негізінен өзіміздің елде және ТМД елдерінде пайдаланады. Ал бүкіл әлем, әсіресе Корея, Жапония, Еуропа елдері жасыл түсті қарақұмық жармасын сұратады. Біздің зауыт осы жар­маны да өндіретін технологиямен жұмыс істемек, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Хамит Дихаев.

Зауыт 2019 жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылатын болады. Мұнда 28 қарабалықтық жұмыс орнын тауып, айына 70 мың теңге жалақы алатын күн де алыс емес. Сонымен қатар зауыттан жылына бюджет қоржынына 25 миллион теңге салық түсері тағы бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың Қазақстан хал­қына «Пре­зиденттің әлеуметтік бес бас­тамасы» атты Үндеуін де қа­рабалықтықтар қуанышпен қарсы алды. Өткен жылы То­ғызақ селосына көгілдір отын кел­ген болатын. Мұнда тұратын 356 түтіннен әзірше 50 үй ғана газ­ құбырына қосылыпты. «ҚазТрансГазАймақ» акцио­нер­лік қоғамы Қарабалық фи­лиалының директоры Сергей­ Кожевниковтың айтуынша, көктем шыға тұрғындар көгіл­дір отынды үйіне кіргізе бас­тайтын болады, бірте-бірте ауыл­дың үйлері мен кәсіпорын, қоғам­дық ғимараттар – барлығы да құбырға жалғанады. Қазірдің өзінде 152 үйдің құжаттары да­йын тұр.

– Газ ең тиімді, арзан жә­не экологиялық жағынан да тиім­­ді отын. Сондықтан тұрғын­дар үйлерін де, осындағы кәсіп­орын­­дарды да, элеваторды да газ құбырына жалғау керек. Ауыл­­­ға келіп тұрған игілікті орны­мен пайдалануымыз қажет, – дейді облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов.

 Қарабалық кентіндегі «Тра­пе­за» наубайханасы шағын және орта бизнестің өңірлерде дамып отырғанына куә. Бұл кәсіпорын жылына 1600 тоннадан астам нан өнімдерін өндіреді. Ол Қа­рабалық және қатар жатқан Федоров аудандарын нанмен қам­­­тамасыз етеді, оның сыртын­да тұтынушыға ондаған ата­лыммен нан және кондитер бұйымдарын, тұшпара секілді жар­тылай дайын тағам түрлерін де ұсынып отыр. Жергілікті нарықты толық игерген.

– Біз мына іргеміздегі Ресей­дің Челябі облысы аудандарына да өнім шығаруға қуатымыз же­теді. Пештердің барлығы озық технологиямен жұмыс іс­тейді. Өнім сапасына байланыс­ты тиісті сертификаттарды да ал­дық. Бірақ кәсіпорын экс­портқа өнім шығарушылар тізі­міне тіркелуі керек екен, ол біраз жұмыстарды қажет ететін күр­делі үдеріс. Алдағы уақытта оған да қол жеткіземіз деп ой­лаймын, – дейді кәсіпорын же­тек­шісі Владимир Кригер.

Өңдеу кәсіпорындары мен­ шағын және орта бизнес жер­гі­лікті жерде дамығанда ауыл­дағылар жұмыссыз қал­май­ды, шет аймақтардың әлеу­меттік жағдайы да жақсара тү­седі. Қарабалық – ауыл ша­руашылығы дамуының жақсы үлгісі.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы