Ұйымдастырылған байқаудың бас жүлдесін Арайлым Смағұлова жеңіп алды. Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде оқитын Арайлымның шашының ұзындығы 100 см.
Бұрымды қыздар таныстыру, шаш өру үлгілерін көрсету, музей қорындағы зергерлік бұйымдарды тағып, ерекшеліктерін айту, мақал-мәтелді жалғастыру секілді байқау талаптарынан сүрінбеді. Олардың өнерлерін педагогика ғылымдарының кандидаты, білім беру саласының ардагері Нұрзила Сәрсенқызы бастаған қазылар алқасы бағалады.
Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің студенттері Роза Майранова, Аймекен Құрметқызы, Аружан Артурқызы, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Нұрсәуле Қадыржанова, Бизнес және құқық колледжінің студенті Құралай Оразғалиева, Мұнай және газ университетінің студенті Гүлназ Ғасырбекқызы, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенті Жаңылсын Ерғалиқызы арнайы аталымдармен марапатталды.
– Қазақ қызының қашанда ақылына көркі сай болған. Ұлттық салт-дәстүрді танып, біліп, күнделікті өмірде қолдануды насихаттау осындай шаралардан басталады. Байқауға қатысқан ару қыздардың иба, ұят, иман секілді асыл қасиеттерді бойларына жинағандарын көріп, риза болдық, –дейді музей директорының орынбасары Сая Ғазимова.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ