Қазақстан • 15 Наурыз, 2018

Сенаторлар Есеп комитеті жүргізген алдын ала бағалау мәселелерін талқылады

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатта «Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің жобасы бойынша алдын-ала бағасы: мақсаты, міндеті, жүргізу тәртібі» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлайды Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.

Сенаторлар Есеп комитеті жүргізген алдын ала бағалау мәселелерін талқылады

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетпен бірге «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бағалау жөніндегі қорытынды» Парламент қарауына өткен жылғы күзде алғаш рет түскенін атап өтті.

О.Перепечина еліміздің 2015 жылғы 12 қарашадағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңына сәйкес, Есеп комитеті жоғары бақылау органы болғандықтан республикалық бюджет жобасындағы шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жұмыстарын жүзеге асыратынын еске салды.

Сенатор сондай-ақ Есеп комитетінің алдын ала бағалау жұмыстарының артықшылықтары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуын ескерту немесе қаржы шығындарын азайту мүмкіндігі болатынын атап өтті.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников бюджет жобасының алдын ала бағалау жүргізу үдерістерін жетілдіру туралы айтты.

К. Плотников Үкіметтің мақұлдауына дейін бюджет жобасына алдын ала бағалау нәтижелерінің болуы бюджетті жоспарлау сатысында мемлекет қаржысын басқару жөніндегі қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттырады және жобаны Есеп комитетінің ұсыныстарын ескере отырып үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дөңгелек үстел отырысында қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева бюджетті алдын ала бағалау бюджет шығыстарын анықтайтын маңызды әрі қажетті құрал ғана емес, одан да кең ауқымда – стратегиялық және бюджетті жоспарлауды үйлестіретін әрі жетілдіретін құрал болып табылатынын атап өтті. Сонымен бірге министрдің орынбасары бағалау бірқатар өзекті мәселелерді, сондай-ақ олардың туындау себептерін де анықтағанын атап өтті.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Руслан Дәленов Есеп комитетінің республикалық бюджеттің жобасы бойынша алдын ала бағалау жүргізуі жөніндегі Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымдары туралы хабардар етті. Ол бағалау аясында бюджеттің шығыс бөлігін көбірек қарауды және оны еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес бағалау жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев бюджет жобасын алдын ала бағалау нәтижелері мен оны жүргізу әдістемесін одан әрі жетілдіру жөніндегі министрліктің ұсыныстары туралы айтты.

Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды және оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін болды.