Кеңес барысында электрондық денсаулық сақтау жүйесін төрт сегмент бойынша енгізу мәселелері талқыланды: денсаулықты жақсарту және алдын ала емдеу, ауруларды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету, ауруларды емдеу және оңалту. Цифрлық денсаулық сақтауды дамыту емделушілерге бағдарланған болады және медициналық деректерді, медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге көшуге, дәрігерлерге электронды түрде емделуші туралы маңызды деректерді алу арқылы шұғыл клиникалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, дәрігердің қабылдауында болу уақыты 50-60%-ға қысқарады және зерттеу нәтижелерін алу уақыты екі есеге азаяды.
Бүгінгі таңда денсаулық сақтау ұйымдарындағы цифрландыру үлесі 76,4% құрайды. 01.01.2019 жылға қарай бұл көрсеткішті 100%-ке (оның ішінде аудан орталықтарының деңгейінде) жеткізу көзделген.
Дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін компьютерлік техникамен жабдықтау 82,8% құрайды. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 100%-ке жеткізу жоспарланған. Денсаулық сақтау ұйымдарының 51,0%-нда интернет қолжетімді. 2021 жылдың соңына қарай аталған көрсеткішті де 100%-ға жеткізу жоспарда бар.