Әдебиет • 16 Наурыз, 2018

Жансая Жарылғапов. Дәуір тынысын сезген қалам – шебер

71 реткөрсетілді

Классик дегеніміз кім? Әдебиетке қатысты айтатын болсақ ол – біріншіден ұлттық әдебиеттің аса қатты өркендеген белгілі бір дәуіріндегі қаламгерлердің тұтас қауымы. Мысалы, Грекияның б.д.д. V ғасыры, Римнің б.д.д. І ғасыры, Қытайдың VІІІ ғасыры, Францияның ХVІІ ғасыры, Ресейдің ХІХ ғасыры кезеңіндегі көркем ойдың буырқана дамуына үлес қосқан жазушылар шоғырын атауға болады. (Бұған кезінде Г.Гачев «әдебиеттің жедел дамуы» деген атау берген), екіншіден, тек бір ұлттың ғана емес, әлемдік әдебиеттің жетістігіне айналған ірі жазушы.

Ал классика дегеніміз не?  Классикалық шығарма бірнеше ұрпақ бұрын туса да уақыт тезіне шыдап берген, дәуірлер мен тарихи кезеңдер өзгерісіне қарамастан көркемдік маңызын жоғалтпаған, одан бергі мүлде басқа қоғамдық жағдайлар мен ахуалда өмір сүріп жат­қан адамдарды да қызық­тыра­тын дүниелер. Меніңше, клас­сикалық туынды «уақыттан тыс» өмірге келеді. Уақыт пен Кеңістік категориясынан алып қарасақ, ондай туындыларда өмір сүретін кеңістік бар да, уақыт – шартты. 

Қандай да бір халықтың әде­биеті болмасын, өзінің тарихи даму жолында ұлттық өнердің та­бысы ретінде бағаланатын, адамзат қауымының аса салмақты көркем құндылығы деңгейіне көтерілген үлгілерін меже тұтады, оларды тудырушы тұлғаларға қарап бой түзейді. Ілгері уақытта дүниеге келген сол шығармалар бойындағы озық дәстүрлерді кейін­гілер игере отырып, өз кезеңінің ерекшеліктеріне бағындыра әрі қарай өрістетеді. Әдебиет үрдісіндегі мұндай ізденіс белгілерді дәстүр және жаңашылдық  тұрғысынан бағамдап жатамыз.

    Дәстүр мен жаңашылдық өзінің кең философиялық түсінігінде даму деп аталатын процестің, жалпы қозғалыстың, өзгерістің негізгі тетігі екендігі шындық. Табиғат, қоғам, адам, барлық тіршілік атаулы үнемі өзгерісте болады десек, сол құбылыстардың барлығы да дәстүр мен жаңашылдық заң­дылықтарының жемісі. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұғымдар өзгеру мен диалектикалық дамудың гармониясын сақтайды. 

Классика сөзін қазіргі әдеби үр­діске араласып жүргендерге қарата айтпаймыз. Замандас қаламгерлерге «ұлы», «теңдессіз» деген эпи­теттерді қолданбайтанымыз рас­ қой. Кезінде де де солай бол­ған. Классикалық әдебиет жалпы­адамзаттық құндылықтар мен мәдени ұстындарға негізделеді. Гегельдің негіздеуі бойынша «Ұжымдық мақсаттар мен құнды­лықтар жеке тұлғаның мақсаттары мен құндылықтарымен тең дәре­жеде болатын қоғамдық жағ­дай мәдениет тарихында клас­си­калық деп аталады». Яғни өнер туындысы қоғамның барлық қабаттарын қанағаттандырғанда ғана классикаға айналады. Ал біздің классикалық деп аталатын туындыларға қайта айналып соға беретініміз, қазір жүріп жатқан үрдістерді толық қорытып үлгер­мей­тінімізден де болу керек. Қазір жазып жүрген жастардың шығармаларының қайсыбірі ертең классикаға айналмасына кім кепіл.
ХХІ ғасыр адамын осыдан ширек ғасыр бұрынғы адамдардың психологиясымен, өмірлік көзқа­растарымен салыстыра қарағанда бірдей деңгейде немесе шамалас десек қателескен болар едік. Бұл кезеңдегі  адамдардың дүние­танымын, рухани деңгейін екі-үш онжылдықтар бұрынғы өлшем­дермен бағалауға келмейді. Клас­сикаға да қарым-қатынас өзгерді. Кеңес кезінде әлемдік классикадан хабардар болу мәдениеттіліктің бір белгісі болып есептелетін. Ол жасөспірім кезден насихатталатын. Қазір прагматиктердің жаңа ұрпағы қалыптасты. Қазіргі жастарға классиканы оқыту қиын. Бұл көпшілік жаппай айтып жүрген кітаптың  оқылмайтындығында да емес. Қазір кітап дүкеніне бас сұқсаңыз да онда жастарды көрмейсіз деген бос сөз. Олар бар. Көпшілігінің іздеп жүргені шетелдік туындылар. Кілтипанды қазіргі жастарға оқитын мәтін жазып бере алмай жатқанымыздан да көруіміз керек. Өйткені урбандалу үдерісінің қарқын алуы нәтижесінде ауылдан тамыр-тегі ажыраған тұтас бір ұрпақ қалыптасты. Ұлттық классиканың дені дала стихиясына, қырдағы тіршіліктің тынысымен сабақтасып жатыр. Оны ностальгиялық көңіл- күйден әлі ажырамаған алдыңғы және орта буын оқиды. Ал бүгінгі қала қазағының ішінде не болып жатыр, оның дүниетанымдық-психологиялық қырларында нендей өзгерістер бар? Жазушылар ауыл адамдарының психологиясын зерттей отырып, технократтық дәуірдің аса зор ықпалында қалған қала өмірінің де ұңғыл-шұңғылына бойлау керек.

Қысқа уақытта болған орасан зор өзгерістер адамның табиғи болмысына әсер етпей қалмады. Зымыран дәуірдің әкеліп жатқан өзгерістері, аса жылдамдықпен дамып келе жатқан технология адам өмірінің практикалық жұмысын жеңілдетуге, материалдық игіліктерді көбейтуге, адамның комфорттық тұрмысын жасауға, әлем, табиғат құбылыстарын танып-білуге бағытталғанымен, түрлі парадокстарды да тудырды. Осы тұста Оралханның «Жетім бота» повесіндегі мына сөздер еске түседі: «Біз асқан ақылды дәуірді бастан кешірудеміз, сондықтан да әлемнің ақылгөйсіген бетіне қарағым келмейді, жек көргендіктен бе, әсте олай ойламаңыз, тым-тым сұңғыла да сақ тірліктен шалдыққаным шығар. Мен ертерек туылғанымды сезе бастадым. Ал Ақбота өте кеш жаратылған. Ол XVIII ғасырға лайық адам... Осыдан барып, қазіргі дәуірге лайық келмейтін бүкіл организмі уланған, демек биосфераны техносфера жеңген. Ол бетонға еккен гүл секілді мұнайдың ішіне қоя берген балық секілді». Міне, осы шексіз өскен жылдамдық әдебиеттен де сергек болуды талап етеді. Жазушылардың дәуір тынысын сезе білуі деп осындай өмірлік өзгерістерді, содан туған қайшылықтарды жіті байқай алуына байланысты.

Жансая Жарылғапов,
әдебиеттанушы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар