19 Наурыз, 2018

Жатақхана салу ісі пысықталуда

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Студенттерге жатақханалар салу үшін шамамен 118 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды.

Жатақхана салу ісі пысықталуда

Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайына арналған кезекті баспасөз мәслихаты жатақханалар салу мәселесіне арналған болатын. Оған Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова және «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов қатысты.

«Мемлекет басшысының ха­лық­қа Жолдауында және күні ке­ше ғана жарияланған 5 әлеуметтік бастамасында Елбасы жоғары білім сапасын арттыруға және студенттердің баспана жағдайын жақ­сартуға ерекше көңіл бөлген. Бүгінгі күні елдегі ЖОО-ларда білім алатын 530 мың студенттің 204 мыңы басқа қаладан келген­дер. Бұл барлық студенттің 38 па­йызы баспана мәселесін шешуді қажет ететінін білдіреді. Қазіргі уақыт­та олардың бір бөлігі қаржы­лық мүмкіндігіне қарай жалда­малы пәтерлерде тұрып жатыр, қал­ған бөлігі жатақханаларға орна­ластырылған», деді вице-министр Б.Асылова.

Оның айтуынша, бес әлеу­мет­тік бастама аясында білім грант­тарының ұлғайтылуы еліміздегі ЖОО-ларда білім алушылар саны­ның артуына, ал бұл өз кезе­гінде жатақхана орындарын да көбейтуге алып келеді. «Сон­дықтан Президент 2022 жыл­дың соңына дейін студенттер жатақханасында 75 мың жаңа орын құруды тапсырды. Минис­трлік бұл тапсырмаларды орындау мақсатында барлық мүдделі тарап­тармен жиналыс өткізді. Нәти­жесінде қол жеткен алдын ала жоспар жайында Білім және ғылым министрі Үкімет отырысын­да мәлімдеген болатын. Жал­пылап айтар болсам, ЖОО немесе құрылыс жүргізуші мекеме жа­тақхана жобасын дайындап, олардың бірі «Қаржы орта­лығы» АҚ-пен келісімшарт жаса­йды. Оған сәйкес жатақхана пайдалануға берілген күннен бастап ЖОО немесе құрылыс жүргізуші мекеме белгілі бір жыл бойы бір орын үшін ай сайын төлем алып отырады, яғни құрылысқа жұмсалған шығындар өтеледі. Содан соң келісімшарт не­гізінде ЖОО немесе құрылыс жүр­гі­зуші ұйым банктен несие алып, жатақхана салуға кіріседі», деді Б.Асылова. Айтуынша, сту­дент жастардың өмір сүру жағ­да­йларын жақсарту мәселесін жекеменшік ресурстардың, оның ішінде жоғары оқу орындарының, колледждердің, инвесторлар мен басқа да серіктестердің ресурстары есебінен шешу көзделіп отыр.

Б.Асылова айтып өткендей, қа­зіргі кезде «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсар­ту, сонымен қатар жан басына шақ­қандағы нормативтік қаржы­лан­дыру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы әзірленіп жа­тыр. Жақында ол мүдделі мемле­кеттік органдармен келісуге жіберілетін болады.

Бұдан өзге, Білім және ғылым министрлігі жатақханалар құры­лысы жобаларын арзандату ба­ғытын ұстанып отыр, себебі бү­гінгі таңда ұсынылған жобалар­дың бағасы біршама көтеріңкі.

«Алдын ала жасалған есептеулер бойынша жатақханалар салуға шамамен 118 млрд теңге бөлінеді деп отырмыз. Бұл кезең-кезеңімен, сатылап берілетін қаражат. Келесі жылы 100 млн теңге бөлінсе, 2022-2026 жылдары 15 млрд теңгеден бөлінетін болады», деді вице-министр. Оның айтуынша, бұл жатақхана салудағы ең оңтайлы жоспар. Ал егер бұл мақсатты құрылыс болса, онда оған 118 млрд теңге емес, 225 млрд теңге бөлу қажеттілігі туындайтын еді, дейді ол. Сонымен қа­тар Б.Асылова жа­тақхана салу үшін банктен несие алу студент­тердің оқу ақысына еш әсерін тигізбейтінін айтты.

«Біріншіден, ЖОО немесе тапсырыс беруші банктен несие алады, ал мемлекет жауапкершілікті өз мойнына алады. Сондықтан жа­тақхана салғаннан, гранттар са­нының артқанынан оқу ақысы қымбаттамайды», деген ви­це-министр студенттерде тек бұ­рынғыдай ай сайынғы жатақхана құнын төлеп тұру міндеттемесі ғана болатынын жеткізді.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»