19 Наурыз, 2018

Махметғали Сарыбеков: Қамқорлық жасаудың жаңа қадамы

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі Тараз мемлекеттік университетінің ұжымына үлкен серпіліс берді.


Махметғали Сарыбеков: Қамқорлық жасаудың жаңа қадамы

Қазіргі таңда адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы не­гізгі факторлардың бірі. Әлем­нің дамыған елдерінің тәжі­рибе­сі адами капиталға салынған инвес­тицияның бола­шақта мол табыс әкелетіндігін дәлелдеп отыр.

Әлемдік банк көрсет­кіш­тері­нен әлем мемлекеттерінің ұлттық байлығында адам капиталының алатын үлесі жоғары екендігін кө­руге болады. Мысалы, әлемнің 192 мемлекетінің ұлттық байлы­ғын­дағы жеке капиталдың үлесі – 16 пайызды, табиғи рес­урстар – 20 пайызды, ал адами капитал 64 пайызды құрайды. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-тың ұлттық бай­лығында 76 пайызға тең.

2017 жылғы мәлімет бойынша 186 мемлекет ішінде адам да­муы­ның индексі жөнінен Қазақ­стан 56-шы орынды иеленді.

Адами капиталдың сапасы білім берудің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектімен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қажеттігі туындап отыр.

Әлем соңғы онжылдықта цифрлы техно­логияға негіз­дел­ген жаңа типтегі экономикаға кө­шуде. Қазіргі уақытта ақпа­рат­тық технологиялар мен цифрлы трансформация бәсекеге қабі­леттілік пен технологиялық өзге­рістің негізгі факторы болып саналады.

Білім беру саласындағы қыз­меткерлер арасындағы байланысты оңтайландыру үшін прин­ципті жаңа ақпараттық-білім беру алаңын құру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университеті «Цифрлы университет» тұжырымдамасына көшу бастамасын көтерді.

Университеттің кешенді цифрландыру қызметі стратегиялық міндеттердің бірі болып белгіленген. Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы студенттер үшін сапалы білім алу мүмкіндігін арттыру, сұранысты қанағат­тандыру деңгейін арттыру және жемқорлық қаупін төмендетуге қол жеткізу көзделуде.

Шетелдік жоғары оқу орындарын, транс­ұлт­тық корпорацияларды тарту арқылы цифр­­лы экономика үшін сұранысқа ие ма­ман­­дықтар бойынша білім беру бағдарла­ма­лары­­ның мазмұны жаңартылып, жаңа білім беру бағ­дарламалар әзірлеуге мүмкін­дік берілді.

Қазіргі таңда университет Португалия мем­ле­кетінің Браганса политехникалық инс­ти­тутымен «Ақпараттық жүйелер» маман­­дығы бойынша бірлескен білім беру магис­тр­лік бағдарламасын әзірлеуді табысты аяқ­тады. Сондай-ақ қазіргі таңда институтпен бір­лескен қосдипломды білім беру бағдар­ла­­масы бойынша аймақ пен республика үшін аса қажет «Химиялық инженерия» ма­­ман­дығы бойынша магистранттар білім алуда.

Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат бағдарламасы бойынша қанатқақты режімде «Мехатроника» мамандығы ашылып, бірінші курсқа алғашқы студенттер қабылданды. Елбасы айтқандай, уақыт барысымен көптеген мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалады. Заман талабына сәйкес жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Қазақстанда жоқ сондай мамандықтардың бірі – «Мехатроника». Мехатроника – электротехника, механика, компьютерлік және ақпараттық технологияларды біріктіретін инженерияның жаңа саласы. Осы мамандық бойынша студенттер алғашқы екі жылды біздің университетте, ал соңғы екі жылды Польша Республикасындағы Люблин политехникалық университетінде жалғастырып, екі мемлекеттің дипломын алатын болады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында «Мехатроника» аса қажетті мамандықтардың бірі болады.

Сонымен қатар техникалық маман­дық­тарға қосымша гранттар бөлініп, олар­дың саны 11 мыңға жеткізілуі – біз көп­тен күткен шешім болатын. Соңғы 5-6 жыл­дың ішінде техникалық мамандық­тар бойынша мемлекеттік гранттың құны өзгерген жоқ. Мемлекет тарапынан 1 жылға техни­калық мамандықта оқып жүрген студент­ке 349 400 теңге бөлінген, яғни бұл ұлттық университеттерден 2 есе, ал педаго­гикалық жоғары оқу орындарынан 1,5 есе аз. Техникалық мамандықтар гумани­тарлық, экономикалық, заңгерлік және педа­гогикалық мамандықтармен салыстыр­ғанда материалдық ресурстарды көбірек қажет ететінін жақсы білеміз. Сондықтан да Елбасының техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек деген тапсырмасы бізді аса қуантты.

Қорыта айтсақ, Елбасының ұсыныстары жоғары оқу орындарында инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға, жастардың білім деңгейі мен өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Махметғали САРЫБЕКОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры