19 Наурыз, 2018

Біз білетін Меркель

1323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең ықпалды әйелдердің бірі Ангела Меркель Германия канцлері болып қайта сайланды. Көптеген еуропа елдерінде көшбасшылар жиі ауысатынын ескерсек, неміс канцлерінің төртінші рет сайлануын үлкен жетістік деп бағалауға болады.

Біз білетін Меркель

Германияда президент ресми түрде ғана бірінші тұлға екені бел­гі­лі. Әйтпесе елдегі билікті жүр­­гізетін – федеральдық канцлер. ГФР-дың конституциясы бойынша канцлер болып сайланған тұлға әр төрт жыл сайын қайта сайланып, қызметін шексіз жалғастыра алады. А.Меркель алғаш рет 2005 жылы канцлер болып сайланды. Содан бері билікті ешкімге бермей келеді. Германия тарихында федеральды канцлер қызметінде ең ұзақ отырған тұлға – Гельмут Коль. Ол неміс үкіметін 16 жыл басқарды. Енді тағы төрт жылға сайланған Ангела Меркель көп ұзамай Гельмуттың осы биліктегі жетістігін қайталайын деп тұр. Кейбір сарапшылар 2019 жылы Ангела Меркель канцлерліктен өз еркімен бас тартып, орнын өзі басқаратын партиядағы бір мұра­геріне босатып береді деген болжам айтқан еді. Бірақ 14 наурыз күні Бундестагта өткен сайлау А.Меркельдің әзір биліктен кететін ойы жоқ екенін аңғартты. Әрі ол басқаратын Германияның Христиан-демократиялық одағы коалициясы және Баварияның Христиан-социалдық одағы, Гер­манияның солшыл Социал-демо­кратиялық партиясы соңғы төрт жыл қатарынан билік басында тұр.

Не десек те Ангела ханым Гер­ма­ния­ның алғашқы және жалғыз әйел канцлері ретінде тарихта қалмақ.

Сырт көзге сұсты әрі суықтау көрінетін осы бір қарапайым әйел билік басында ұзақ отырады дегенге кезінде ешкім де сенбеген еді. Діни отбасында тәрбиеленген ол бала кезінен ұлдарша киініп, еркекшора болып өскен. Ешкімде қақ-соғы жоқ елеусіздеу жүретін Ангела мектепке барғаннан кейін қабілеті ашылып, жұртшылықтың назарын өзіне аудара бастаған. Мате­матика мен физикаға айрық­ша талантты ол орыс тілін де өздігінен үйреніп алған.

Үлкен саясатқа А.Меркель 35 жасында келген және биліктің алғашқы баспалдағынан-ақ бірден бас айналдырарлық мансапқа қол жеткізеді. Сол кездегі ГФР канцлері Гельмут Коль жас та сергек Ангелаға сенгені соншалық, алғашында оны әйелдер мен жастар жөніндегі министр етіп тағайындайды. Замандастары А.Меркель туралы: «ол шешен болмаса да кіммен қалай тіл табысуды жақсы білетін, қандай қиын жағдайда да «сүттен ақ, судан таза» болып шығатын еді...» деп еске алады. Расымен де, Меркельдің билік баспалдағымен жылдам көтерілуі талай саясаткерге тосын сый болды. 1991 жылдың өзінде-ақ оны канцлер Коль сол кезде дәуірлеп тұрған хрис­тиан-демократиялық одағына өзінің орынбасары етіп тағайын­дады. Осыдан кейін «Коляның қызы» атанған биліктегі бибі Гер­манияның саясатына белсенді араласып, өзін жан-жақты көрсете білді. Кейін Гельмуттың билік­тен кетуі христиан-демократия­лық одағы төңірегіндегі жан­жалды туғызғаны мәлім. Бұл сәтті Мер­кель де құр жіберген жоқ, өзінің беделіне пайдаланып, 2000 жылы осы партияның төрағасы болып сайланды. Ал 2005 жылы бұл партия жеңіске жетіп, сол жыл­дың қараша айында Меркель Гер­манияның канцлері болып сай­ланады. Сол кезде көпшілік оның жеңісін уақытша сәттілікке ба­лаған еді, тіпті болашағы бұ­лың­ғыр деп те болжағандар болды. Бірақ немістің «темір ханымы» билікте нық орнықты.

Қазіргі таңда А.Меркельді әлем ең беделді саясаткер әрі дағдарысқа қарсы мықты менеджер ретінде біледі. 2008 жылы болған дүниежүзілік эко­но­ми­­калық дағдарыс кезінде А.Мер­кельдің халықаралық арена­дағы рөлі басым түскен деседі. Оның менеджерлік таланты­ның арқа­сында Германия және кей­бір Еуропа мемлекеттері қар­жы­­лық дағдарысты сәтті ең­серді, дейді сарапшылар. Еуро­палық одақта жұмыссыздық дең­гейі азайып, Еуропа экономика­сы қарқынды дами бастаған. Бүгін­де Германияның Еуроодақ көш­­бас­шысына айналуына да А.Меркельдің қосқан үлесі үлкен.

Енді Германияның төртінші рет сайланған канцлерінің жеке өмірі туралы бірер сөз айта кетейік. Ол студент кезінде өзі сияқты физик Ульрих Меркельге тұрмысқа шығады. Көп ұзамай онымен ажырасқанымен, Ангела күйеуінің фамилиясында қалуды жөн көреді. Меркельдің қазіргі жұбайы – химик-ғалым Иоахим Зауэр. Елдің назарына іліккенді жөн көрмейтін ол бүгінге дейін әйелінің бірде-бір инаугурациясына қатыспаған екен.

Меркельдің баласы жоқ. «Әрине, мен ана болуға қарсы емес едім... бірақ тағдыр солай бол­­ды. 35 жасымда билікке келгеннен кейін бұл туралы мүлде ұмыт­тым» дейді А.Меркель­дің өзі.

А.Меркельдің Германияның «темір ханшайымы» атануы тегін емес. Ол әйел болып, юб­ка, көйлек кимейді. Ол өмірін­де алғаш рет Ослода өткен опера­ның тұсаукесерінде кешкі көйлек киіп келіпті. Содан бері оның көйлек кигенін ешкім көрген емес. Сондай-ақ өмірі сырға мен жү­зік тақпайтын неміс канцлері иіс су сепкенді де ұнатпайды екен. Күл­лі әлемге әйгілі сұсты ха­ным бі­рақ иттен өлердей қорқады...

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»