– Гүней ханым, бірінші кезекте халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры жөнінде кеңірек әңгімелеп берсеңіз.
– Жалпы, бұл қордың негізі 2009 жылы Нахчиванда қаланды. Кейінірек 2012 жылы ұйымның ережелері бекітілді. Ал 2015 жылы Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры өз жұмысын бас-
тады.
Түркі әлемі – өте бай. Оның тереңдігі мен байлығын зерттеген сайын, тұңғиығына бата түсесіз. Түркілер әлемнің түкпір-түкпіріне таралған. Еуропада, Азияда, өзге де аймақтарда өмір сүреді. Бұдан бөлек, түркілердің діні де әртүрлі. Негізгі дініміз ислам болғанымен, христиандықты, буддизмді ұстанатын, шамандықты дұрыс көретін бауырластарымыз жетерлік. Қысқаша айтқанда, Түркі әлемі – әр алуан және мұндай ерекшеліктерге өте бай. Осы орайда, Қордың мақсаты түркі халықтарын бір-біріне одан әрі жақындастыру, ортақ әлем қалыптастыру. Өйткені біздің тіліміз – ортақ, өзара ұқсас әдет-ғұрыптарымыз көп және тегіміз де бір. Алайда бір-біріміз жөнінде мәліметті аз білеміз. Сондықтан өзара жақындасудың маңызы зор.
Сонымен қатар бұл қор түркі мәдениеті мен мұрасын әлемге танытуды көздейді. Қазіргі таңда қордың төрт мүшесі бар. Олар: Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан. Ұйымның штаб-пәтері Бакуде орналасқан. Қордың құрылғанына көп болмаса да, бірқатар жобалар жасап, оларды әлемге таныстыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.
– Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы шешім қабылдады. Таяуда жаңа әліпбидің нұсқасы бекітілді. Қазақстанның осы қадамының түркі әлеміне ықпалы қандай болады деп ойлайсыз?
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу жөніндегі шешімін зор қуанышпен қабылдадық. Бұл қадам Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін де пайдалы болмақ. Келешекте түркі халықтарын жақындастыруға орасан үлес қосатыны анық. Қазір екеуміз түрік тілінде сөйлесіп отырмыз. Яғни, екі елден болсақ та бір-бірімізді түсінісе аламыз. Тіпті өз ана тілімізде сөйлесек те, не айтып жатқанымызды білеміз. Өйткені біздің – түбіміз ортақ. тіліміз – ортақ.
Латынға көшудің пайдалы болатынына мысал келтірейін. Әзербайжандар «улдуз» дейді. Түріктер оны «йылдыз» деп атайды. Қазақшасы «жұлдыз». Бұл негізінде бір түбірден шыққан сөз. Әзербайжанға не Түркияға барып, «жұлдыз» деп айтсаң, түсінбеуі мүмкін. Ал оны латынша әріптермен жазғанда бірден ұға қояды. Яғни осылайша бір-бірімізге жақындай түсеміз.
Әзербайжан латын әліпбиіне Гейдар Әлиевтің кезінде көшкен-ді. Ол уақытта мұндай шешім қабылдау оңай емес-тұғын. Бүгінде Әзербайжан бұл белесті сәтті бағындырды. Әліпбиді ауыстыру – оңай шаруа емес. Әйтсе де, болашақта түркі тілдес мемлекеттердің бәрі бұл жолдан өтеді.
– Былтыр Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Онда сананы жаңғырту мемлекеттің қалыптасуында маңызды рөл атқаратыны айтылды. Жалпы, Әзербайжан халқы Н.Назарбаевтың және Қазақстанның бастамаларын қалай қабылдайды?
– Жоғарыда айтып өткен латын әліпбиіне көшу осы «Рухани жаңғыру» аясында жасалған қадам екені белгілі. Бұл бағдарламалық мақала Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатынына сенімім мол. Қазіргі таңда атқарылып жатқан шаруалар тарихтан сабақ алған Қазақстанның заманауи қабілетін айшықтайды. Президент Н.Назарбаев – көреген Елбасы. Ол Қазақстанды дамыған, дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы, әлемдік аренада абыройлы мемлекетке айналдырып келеді.
Мен Астанаға үшінші рет келіп отырмын. Бұған дейін 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының мерейтойына қатыстым. Сол кезде қатты қуандым. Өйткені біз – түбіміз бір түркілерміз. Қанымыз да ортақ. Тәуелсіз Қазақстанның мұндай деңгейге жеткеніне біз қатты қуандық. Ата-бабамыздың мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы іс-қимылды көргенде разы болдық.
Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»