19 Наурыз, 2018

Наурыз күні дүниеге келіп, Наурыз атанғандар

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Наурыз айы туғанда, Наурыз мерекесі төрімізге енгенде іңгәләп дүние есігін ашқандар жетерлік. Айталық ықылым замандар мен арғы-бергі ғасырлардан бері аталып, тойланып келген түркі халықтарының ортақ мерекесі – Наурызға кеңестік идеология бұғаулық салғаны белгілі. Оны діни наным-сенімдермен байланыстырып келген кеңестік атеист-ғалымдар да аз емес. 

Наурыз күні дүниеге келіп, Наурыз атанғандар

Сөйтіп 1926 жылдан бергі кезеңде кеңестік империя аумағында наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынған. Алайда тотаритарлық режим ежелден халқымыздың қанына сіңген, сана-сезімдеріне орныққан дәстүрді. Олардың көкейлері мен жүректерінен сызып тастай алмады.

Тіпті республиканың батыс өңірлерінде 14-наурыз жылдың басы деп саналып, бұл күні тұрғындар бір-бірімен құшақтасып, көріскен. Әр үйде мол дастарқан жайылатын салт-дәстүр комунистік саясаттың қылышынан қан тамып тұрған кезде де жойылмаған. Бүгінгі күні жоғары ресми органдар тарапынан бұл датаға түсіністік танытылып, Наурыз мерексі өз бастауын 14- наурыздан алатын болғаны да бір мерей. Әлбетте бүгінгі әңгімеміздің басты арқауы материалдың тақырыбына шығарып отырғанымыздай Наурыз күні дүниеге келгендер болмақ. Ежелгі наурыз тойы түркі халықтарының сана-сезімдерінен өшпеді дегеннен шығады. 1926 жылдан кейінгі кезеңнің өзінде бұдан берідегі отызыншы-сексенінші жылдар аяғында Наурыз есімін иеленген сәбилер қазақ жерінің қай қиырында да көп кездескен. Мұның өзі алдыңғы пікіріміздің басты дәлелі болмақ.

Бұған еліміздің батыс өңірінде орналасқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан бірнеше нақты мысалдар келтіре кеткенді жөн көреміз. Осы орайда көзі тірісінде Ақжайық аймағына кеңінен танымал болған тұлға, Орал өңірінде қазақ телевизиясының өкілдігін өз қолымен құрып, облыстық телевизия және радио хабарларын тарату компаниясын ұзақ жылдар бойы басқарған азамат Наурызғали Сыдықовтың есімі ауызға бірінші оралады. Ол ішкі жан-дүниесі таза, өзге бір жанға қылдай қиянат жасап көрмеген көңілі мен пейілі Наурыздың ақша қарындай ақ, кіршіксіз жан еді. Өмірден ертерек кетіп қалды. Көзі тірі болғанда үлкен абырой мен бедел иесінің тоқсан жасқа толуын елі мен жұрты Наурыз тойымен бірге атап өтер еді.

Бұдан кейін Наурыз айында өмірге келген біз білетін Наурыз есімді перзенттердің легін Наурыз Бекмашев және Наурызбай Қарағойшин есімді азаматтар жалғастырады. Оның біріншісі елімізді Көшім атты асыл тұқымды жылқының өсу мен таралуына сүбелі үлес қосып жүрген белгілі ұйымдастырушы-жетекші болса, екіншісі ел басқарып, ел құрметіне бөленіп жүрген Нарын құмы топырағының төл тумасы Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин болып шығады.

Наурыз есімін иеленген бір замандасымыз ұзақ жылдар бойы облыстық «Орал өңірі» газетінде көлік жүргізушісі болып қызмет жасады. Ол бүгінде зейнет жасына жеткен ел ағасы. Қақ-соқпен ісі жоқ, бұл жалған өмірдің күңкіл-сүңкілі мен ырду-дырдуынан қашық жүретін табиғаты таза жан. Аталған аймақтарда Наурызгүл есімді ақылыа көркі сай қабақтары қашанда жайдары, ашық-жарқын, ел-жұртына сыйлы, әйел затының падишалары да баршылық. Мынандай да бір жәйт бар. Ресейде дүниеге келіп, кейін табиғи отанына оралған бір замандас құрбымыздың есімі –Марта деп қойылып кетіпті. Ол отбасымызбен араласып тұратын көңілімз бен сыйластығымыз жарасқан азаматтың асыл жар. Бір күні қонақтық үстінде, дастарқан басында бас қосқан сәтімізде оған: Мартаң не сенің, Марта деп атыңды кім қойып жүр? Марта емес, сенің есімін Наурызгүл. Қане, шұғыл өзгерт құжаттағы есіміңді деп әзіл-шынын араластыра тіл қатқаным бар. Не десін, ол менің достық-жолдастық рәуіштегі ұсыныс-тілегімді үнсіз қолдағандай түр көрсетті.

Қалай дегенде де біз білетін Наурыз есімді қазақ топырағының перзенттері көңілдері кім-кімге де Наурыз айының арайлап атқан ақ таңындай ашық, қолынан келмейтін көмегін аяп қалмайтн сүйегі асыл жандар. Қай-қайсысы да ынтымақ пен бірліктің, қайырымдылық пен тату-тәтті тірліктің ту ұстаушылары. Олардың бәрі де жылдың басы, жылдың алғашқы төлі –жақсылықтың жыршысы. Ендеше Наурыз күні дүниеге келіп Наурыз атанғандар екі-үш ауыз оң лебізге әбден лайықты деп білеміз.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ-ОРАЛ-АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше