Талантты режиссер мерейтойын ел болып атап өтудің бастамасы ретінде шаһардағы алпыстан астам мектепте өткізіліп жатқан шараларға мұрындық болған Алматы қаласы білім басқармасымен, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен қатар, С.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицей ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Тұлға. Кино. Уақыт» атты еске алу кешіне Асанәлі Әшімов, Қадыр Құсаев, Серік Жармұхаметов, Ұлжан Қолдауова, Шаяхмет Имашұлы сынды кино өнерінің майталман тұлғалары, өнер қайраткерлері, режиссердің туыстары мен ұрпақтары қатысып, талантты тұлға жайлы өз естеліктерімен бөлісті, сондай-ақ өнерімен сүйсінткен балғындарға жылы лебіздерін білдірді, баталарын берді.
48 жылдан бері экраннан түспей келе жатқан, әлем елдерінің жартысына жуығын аралап шыққан, қазақ кино өнерінің салиқалы көшіне жауһар тұмар болып қадалған «Қыз Жібек» фильмі – халықтық туындыға айналғанын айтқан кино ардагерлері Сұлтанахмет Қожықов есімін бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттаудың маңызы зор екенін атап өтті. Режиссерді еске алу кешінде сөз сөйлеген Асанәлі Әшімов: «Махаббатқа адалдық қана емес, қазақтың ұлттық болмысы, тұрмыс-тіршілігі, сыпайылық пен сыйластық сынды қасиеттері сәтті көрсетілген «Қыз Жібек» фильмі әлбетте, көп адамның еңбегі сіңген үлкен туынды, тарихи фильм. Десек те, тарихи фильмдер арасында дәл Сұлтекең бейнелей білген сол фильмнің деңгейіндей туынды әлі жоқ десем артық айтпаспын», деген пікір білдірді.
Айта кетсек, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында ұлт мүддесі үшін айрықша қызмет атқарған қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым Қоңырқожа Қожықов пен оның жары, сән және қолданбалы өнер шебері, Қазақстан, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Ләтипа Қожықовадан тараған, қазақ бейнелеу өнері мен кино әлемінде өзіндік қолтаңбаларын айшықтап кеткен Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет Қожықовтардың қай-қайсысының да есімдері құрмет тұтуға, ертеңгі ұрпаққа үлгі етуге лайық. Сол әйгілі «Қожықовтар әулетінің» сүт кенжесі Сұлтанахмет Қоңырқожаұлының қазақ киносының үлкен белеске көтерілуіне мол үлес қосқан шоқтығы биік туындысы – «Қыз Жібек» фильмінен өзге, «Наше лето», «Девушка-джигит», «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Жартастағы шынар», «Бізді танып қойыңдар» деп аталатын кесек туындылары да алтын қорға енген.
Республика бойынша жалпы білім беретін мекемелер ішіндегі үздік ондыққа еніп отырған аталмыш білім ұясында сондай-ақ біртуар тұлғаға арналған «Қазақ киносының Құлагері» атты арнайы мұражай да ашылып, оған режиссердің көзі тірісінде қолданған асыл бұйымдары, «Қыз Жібек» фильмін түсіру барысында пайдаланылған киімдер мен құнды жәдігерлер қойылды. Қазақ кино өнерінің алып тұлғасы саналатын Сұлтанахмет Қожықовтың шығармашылық жолын болашақ ұрпақ санасына сіңіруде сүбелі үлес қосып келе жатқан №39 лицейдің директоры Мерейхан Жұмағалиев: «Мектебіміз физика және математика пәндерін тереңдетіп оқытатын білім ұясы десек те, атақты режиссер есімін иеленгендіктен, қазақ кино өнерін, сол өнердің дамуына ғұмырын арнаған тұлғалардың өмірін дәріптеу жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес», дейді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ