«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен домбырашылар флеш-мобына 150 өнерлі жас қатысып, қазақтың әйгілі композиторларының күйлерін тамылжыта орындады. Дарынды балалардың арасында халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқауларда жүлдегер атанған өнерпаздар болды.
Қала тұрғындары мен қонақтары жас домбырашылардың өнеріне аямай қол соқса, қоғамның белсенді мүшелері бұл флеш-мобты Қарағандының рухын аспандатқан шарапатты шара деп бағалады.
Айта кету керек, қалалық қосымша білім беру ұйымы ұйымдастырған мәдени маңызы зор бұл шара «Үкілі домбыра» байқауының шеңберінде өткен болатын. Ал қалалық конкурстың өзі Қарағандыда осымен екінші рет ұйымдастырылды. Байқауда С.Мүржанов (№17 ОМ), Ж.Самарқан (№6 ОМ), Д.Шаматаев (№54 ОМ) және №36 орта мектептің домбырашылар ансамблі түрлі аталымдар бойынша бас бәйге иегерлері атанды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ