19 Наурыз, 2018

Ақыл иесі (әңгіме)

814 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақыл иесі (әңгіме)

Бөрібасардың үйшігінен шықпағанына бүгін үшінші күн. Бүктетіле жатқан қалпы нәр сызбады. Тек арагідік сойдым-сойдым тілінген тері арасындағы қанталаған жараларын алма-кезек жалап қояды. Арқабайдың тысқа шыққан сайын «Бөрбасар!» деген шақыруына да елең етпеді. Әншейінде иесін көрсе арсалаңдай жүгіретін Бөрібасар Арқабайға өкпелегендей қабақ астынан қарап үнсіз жата берді.

Кешегі қанды айқас Бөрібасар үшін ит өмі­ріндегі мәңгі есінде қалар айқас болды. Соңғы кез­де осы үйге келгіштеп жүрген нән тақырбас­­­ты Бөрібасар әу бастан-ақ ұнатпаған еді. Қақ­падан басы көрінгеннен ырылдап ішке ат­тап бастырмайтын. Арқабай үйден шыға әл­гі­ге жік-жаппар болып, Бөрібасарға дауыс кө­те­ре: – Кет-ей! Мұның мұндайы жоқ еді. Өй, оңбаған! – деп қонағын алдынан күтіп үйіне кір­гізіп алатын.

Бөрібасар сонда иесі Арқабайға көз қиығы­мен қарап іштей осыны да ақыл иесі адам дей­ді-ау. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін түрі мен репетінен-ақ байқамай ма екен?» дегендей бір-екі әупілдей үріп үйшігіне кіріп кететін.

Кеше Арқабай үйінен қарғыбауын алып шыққанда қыдыртатын болды деп қатты қуа­н-
­ған Бөрібасар, артынша әлдене бір жаман­дық­ты сезгендей иесіне жалтақтай қарады.

– Бүгін сенің өнеріңді көреміз. Қазақы төбеттігіңді көрсететін күн болып тұр, – деп екі алақанымен екі қапталынан қаққан Арқа­байдың үнінен кейін Арлан сезіктене түсті.

Неткен қанды алаң, қан мен қанды сілекей сасыған иіс. Қыңсылаған иттер. Итжығыс арпалыстар Бөрібасардың басын айналдырды. Үйлеріне жиі келгіштеп кеткен әлгі нән тақырбас осында жүр екен. Жетегінде дәу шетелдік алпауыт қара төбет. Қос ұрты жел тербеген түңліктей салп-салп етсе, бас терісі салбырап жер сүзіп тұр. Үсті-басы қолаңса сасиды. Бай­қаса, оны Арланмен айқастырғалы тұрған секіл­ді. Бір сәтте нән тақырбас «Фас!» деді. Сол-ақ екен алып төбет Бөрібасарға тарпа бас салды. Мұндай жағдайды күтпеген Бөрібасар жалма-жан жалт бұрылып, шапшаңдық танытты.

Әйтсе де төбелестің әбден «дәмін» татып көргендіктен бе, қара төбет қарпып қалуға күш салды. Қиқулаған адамдар жан-жақтан анталап тұр. Ит болып өмірге келгелі мұндай сұмдықты көрмеген Бөрібасар ақырында өзін қорғауға көшті. Тұла бойы қара төбеттің ақсиған азуына ілігіп, сау тамтығы қалмады. Қара төбеттің көздері қызыл шоққа айналып, бір мезетте Бөрібасардың бүйіріне ауыз салғанда, жылдамдық танытқан Бөрібасар қанды төбеттің шабын қақырата жарып жіберді. Қарны ақтарыла қансыраған қара төбет қыңсылай құлады...

Ертеңіне Арқабайдың үйіне шетелдік екі-үш сұр машина келіп тоқтады. Қымбат көліктен түскен он шақты адамның ішінде кешегі нән тақырбас ерекше сұсты көрінді. Олар Арқабайдың есігінің алдында көп-көрім уақыт даурығысып жатты. Ақыры Арқабай әлгі бағасы қымбат шетелдік иттің емделу қаржысын мойнына алды ма, әйтеуір үйден оралған пакет алып шықты. Іс мұнымен түгел біт­педі ме, әлде толық қарыз-құрызынан құ­тыл­­ма­ды ма араға уақыт өте, түн жарымында Бөрі­басар қақпа алдында ыңырсыған адамның дауысын естігендей болды. Қақпаға жақын келгенде иесі Арқабайдың иісін сезе кетті. Үсті басын қан жуған, итше таланған Арқабайды әлгілер соққыға жығып, тастап кеткен екен.

Бөрібасар Арқабайдың арқасындағы ыр­си­ған қанды жарасын үнсіз қыңсылап жалай берді.

Мақсат Қарғабай

Оңтүстік Қазақстан облысы