Жеке инвестордың футбол-жаттығу кешінінің жасақталуына қосқан қаражаты 300 миллион теңгеден асып түседі. Мұнда әр күн сайын 500 ке тарта бала спорттың жеңіл атлетика түрлерімен шұғылдана алады. Осы арқылы өңірде бірінші кезекте балалар мен жасөспірімдердің футболмен емін-еркін шұғылдануына барлық қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызылған. Оған облыстың әр түпкірінен футболдағы дарынды балаларды іріктеп тарту үшін қажетті алғышарттар жасалу үстінде. Олардың арасынан келешекте аталған спорт түрінің кәнігі шеберлері шығатынына сенім мол.
Тағы бір айта кетерлік мәселе бұдан екі жыл бұрын облыстың барлық аудандарында «Ақтөбе» футбол клубының бөлімшелері ашылған болатын. Ендігі кезекте осы клубтарда өзін жақсы қырынан көрсете білген жасөспірімдер өз шеберліктерін жаңа кешенде шыңдай алады. Бұл үшін мұнда бес футбол алаңы пайдалануға берілген. Бұл жөнінде жеке инвестор Асқарбек Мамырбаев «Egemen.kz» тілшісіне өз ой-пікірін былайша жеткізді.
Кешендегі футбол алаңдары ФИФА-ның барлық халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Мұндай жалпы аумағы сегіз мың метрлік жабық футбол кешенінің елімізде ешқандай баламасы жоқ. Мұндағы жарақат алу қаупін азайтатын жайылма жастықтар мен спорт паркетінен жасалған жабындылар да оның заманауи келбетін толықтыра түседі. Әрі алаңдардың бәрі де жасанды көгалдан жасалған төсемдермен көмкерілген.
Бұған қосарымыз Ақтөбеде ашылған футбол-жаттығу кешені келешекте тек бірыңғай футболға бейімі бар жеткіншектерді жаттықтырып қана қоймай бұған қоса республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу орталығына да айналмақ. Сөз соңында бұдан екі жыл бұрын облыста футболмен айналысатын сегіз мыңға жуық бала болса, бүгінде олардың саны он екі мыңнан асып түскенін айта кеткіміз келеді. Өңірде ашылған 32 футбол алаңы спорттағы дарынды жеткіншектердің спорттың осы түрін кәсіби тұрғыдан игеруіне тиісті мүмкіндіктер береді.
Темір Құсайын,
"Егемен Қазақстан"
Ақтөбе