Аймақтар • 19 Наурыз, 2018

ШҚМУ ректоры студенттермен ерекше форматтағы кездесу өткізді

558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген оқу орнының студенттерімен ерекше форматтағы кездесу өткізді. Ерекшелігі сол, кездесу әдеттегідей «сіз әйтіп жатырсыз, бүйтіп жатырсыз» деген сыпыра мақтауға құрылған жоқ, студенттер «алдымызда ректор отыр» деп қысылмастан өздерін толғандырған мәселелерді жасырмай айтып, реті келгенде ұсыныстарын да жеткізді. 

ШҚМУ ректоры студенттермен ерекше форматтағы кездесу өткізді

Кездесудің бір демде, жеңіл лепте өтуіне өңіріміздегі іргелі оқу орындарының біріне жақында ғана тағайындалған Мұхтар Әділбекұлының: «Қысылмаңыздар. Емін-еркін пікір алмасайық. Университеттегі түйінді мәселелерді бірлесе талқылайық» деген сөзі де түрткі болғаны анық. Байқағанымыз, студенттердің көңілін алаңдатып жүрген мәселелер аз емес екен. Студент Әділ Қабанбаев университетте әртүрлі байқаулар ұйымдастырылғанымен, сол байқауға әзірленетін жерлерінің жөнді болмай тұрғанын, №3 оқу ғимаратының терезелерінен жел үрлесе, №2 оқу ғимаратында асхананың жоқтығынан өздерінің кей күндері аш құрсақ жүріп қалатынын жеткізді. Оқу орнының журналистика мамандығының студенті Жадыра Мәжібаева өзінің №3 жатақханада тұратынын, алайда жатақханада студенттерге ортақ ас пісіретін бөлме жоқтығын, әркім өз бөлмесінде ескі тоқ пештерді қосатындығын, соның кесірінен кейде өрт шығатындығын, жуынатын бөлменің де жағдайы соншалықты мәз емес екендігін, кір жаяуға арналған бөлме бола тұра, оның пайдалануға берілмей отырғандығын айтты.

Ал студент Дәулетберді Жекей мемлекетаралық деңгейде шешілетін салмақты мәселені ортаға тастады. «2015 жылға дейін Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында біздің университеттің филиалы жұмыс істеп тұрған еді. Сол арқылы осы жаққа 100-ден астам қазақ жасы оқуға келіп тұратын. Бүгінде бұл бөлімше жабылды. Бөлімшені қайтадан ашып, қазақ жастарын оқуға тарту ойларыңызда бар ма? Екінші сауалым, жатақханадағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы не болмақ? Олар бұрын тегін тұрып келсе, биыл ақысын төлей бастаған екен», - деді ол.

Сонымен қатар кездесуде «Ділмар» дебат клубының жетекшілері Арайлым Панабек пен Әділ Манапбай, «Авангард» студенттер театрының жетекшісі Никита Дерябин өздерінің дайындалатын аудиторияларының, университет жанынан құрылған жоғарғы колледж студенттерінің волейболшылары жарысқа әзірленетін спорт залының жоқтығын алға тартты. Студенттердің сұрақтарын мұқият тыңдаған университет ректоры көтерілген мәселелердің орынды екендігін атап өтіп, әрқайсысы өз ретімен шешім табатындығын атап өтті. Сонымен қатар сәуір-мамыр айларында арнайы делегациямен Моңғолияға баруды жоспарлап отырғанын сөз етіп, Баян-Өлгийдегі бөлімше мәселесі сол кезде талқыға түсетінін тілге тиек етті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН