В.Путин сайлаушылардың 77 пайызға жуық даусын алды. Яғни 56 миллионнан артық адам өз даусын В.Путинге берген. Негізгі қарсыластары Павел Грудинин 12, Владимир Жириновский 6, Ксения Собчак 2 пайызға жуық дауыс жинады. Бұл сайлау дауыс берушілердің көп болуымен де ерекшеленді, оған барлық сайлаушылардың 67 пайызға жуығы қатысты. Ал бұл 73 миллионнан артық адам деген сөз.
Дауыс беру уақыты аяқталған соң орталық сайлау комиссиясының төрағасы Элла Памфилова журналистерге баспасөз конференциясын өткізіп, сайлаудың ресми қорытындысы 10 күннен кейін шығатынын айтты. «Қорытынды хаттаманы сонда шығарамыз, бірақ ол қазіргі дауыс бөлінісіне әсер ете қоймайды», деді төраға.
Басым дауысқа ие болған В.Путинді көптеген елдердің мемлекет басшылары құттықтауда, соның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің құттықтауын жіберді.
Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, оған деген халықтың қызығушылығы айрықша болды. Нәтиженің қандай болатынын жұрттың бәрі жобаласа да Путиннен басқа жеті үміткердің қатысуымен өтіп, барлық телеарналарда көрсетілген пікірсайыстар сайлаудың көрігін қыздырып, халықтың бар назарын өзіне аударды. Әсіресе, бұрын саясатқа белсене араласпаған Грудинин, Собчак сияқты үміткерлер сайлаудың қазанын бұрқылдата қайнатуға үлкен үлес қосты. Бұрын саясаттың алдыңғы шебінде жүрсе де кейін одан алшақтап кеткен Явлинский, Бабурин сияқты үміткерлер де сайлау додасында жаңа қырынан жарқырай көрінді.
Ресей Федерациясында барлығы 100 миллиондай сайлаушы бар екен, олардың 60 пайыздан артығы 96 мыңнан артық сайлау учаскелеріне келіп дауыс берді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артық. Ресей Федерациясының әлемнің 145 елінде жүрген азаматтары үшін 393 сайлау учаскесі ашылды. Соның ішінде Қазақстанда Ресей Федерациясының елшілігі мен консулдықтары, өкілдігі бар қалаларда да сайлау учаскелері жұмыс істеді.
Осы сайлауға Владимир Путин билік басындағы «Единая Россия» партиясының атынан емес, өзін-өзі ұсынған үміткер ретінде қатысты. Владимир Жириновский өзінің «ЛДПР», Ксения Собчак «Азаматтық бастама», Борис Титов «Өсу партиясы», Павел Грудинин «КПРФ», Григорий Явлинский «ЯБЛОКО»,Сергей Бабурин «Ресейдің бүкілхалықтық одағы» және Максим Сурайкин «Ресей коммунистері» партияларының атынан түсті.
Халықаралық ұйымдар мен шетелдерден келген байқаушылар саны да бұл жолы рекордтық көрсеткішке жеткен. 115 елден келген 1513 байқаушы федерацияның 59 субъектісінде өз жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде ең көп байқаушы жіберген ел Қазақстан болды. Бізден барған байқаушылар саны – 223. Қазақстан байқаушылары ТМД, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД Парламентаралық ассамблеясы сияқты халықаралық ұйымдар делегацияларының құрамында қызметтерін атқарды. Ал Ресейдің өзінен сайлауды бақылауға 474,5 мың байқаушы қатысқан. Сонымен қатар 10,5 мың БАҚ өкілі сайлау барысын жариялап отырды.
Қоғамдық пікірлерді зерттеу орталықтарының, соның ішінде Бүкілресейлік қоғамдық пікірлерді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) алдын ала зерделеулеріне қарағанда В.Путинге – 69, Грудининге – 7, Жириновскийге – 5, Собчакқа – 0,7-ден 2 пайызға дейін, Явлинский мен Бабуринге – 1, Титов пен Сурайкинге бір пайыздан төмен дауыс беріледі деп болжанған. Пікір зерттеушілердің болжамы нақты нәтижеден алысқа кетпегенімен, біршама кейіндеп қалды. Соның ішінде 69 пайыз алады деген В.Путин 77 пайызға жуық дауыс жинады.
Сайлау барысында орталық сайлау комиссиясының электронды деректеріне 15 елден хакерлік шабуыл жасалғаны туралы да айтылды. Бірақ олар сайлаудың деректерін бұза алмаған.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»