«Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» дейді өз сөзінде Елбасы. Шынтуайтында, бұл бастама ең алдымен халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша септігін тигізеді деп ойлаймын. Әсіресе, өз басым жас ұрпаққа көрсетілетін қамқорлықтың бағыт-бағамын қатты сезіндім.
Әріге бармай-ақ тәуелсіздігіміздің туын көтерген осынау ширек ғасырдың шеңберінде болып жатқан, болып өткен қоғамдық құбылыстарды саралап көрейікші. Қоғам өзгеріп, жаңа сатыға көтерілді. Бүгінгі жас ұрпақ кешегі дәуірлеген кеңестік заманның өмір өткелдерінен мүлдем бейхабар. Еліміздің жоғары орындарында еңбек еткен, басқарған кезеңдер көз алдымда, білім қуған жас өскін қолына дипломы тиген сәттен бастап отбасын құрып, баспаналы болғысы келеді. Жасыратыны жоқ, мұның адам айтқысыз қиындықтары бар еді. Қалыпты жағдаймен банкіге бас сұққан жас маман несие алу үшін тиісті жалақысын тұтастай берсе де оған қол жеткізе алмайтын. Сондықтан да Президенттің «7 – 20 – 25» бағдарламасы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі әрі ол ендігіде нақты шешімін тапқандай. Енді баспанаға қолы жете алмай жүрген қанша жас отбасы үшін негізінен ипотекалық займ алудың мүмкіндігі туды. Бізді қуантқаны да осы еді. Елбасының ел өміріндегі теңдессіз бұл бастамасы шын мәнінде қоғамда үлкен серпіліс туғызатыны даусыз. Бір Алматының өзінде қаншама тұрғын үй салынып бітті. Салынатыны қаншама?!
Демек кешегі аудиторияда өзім дәріс оқыған еліміздің болашағы үшін бұл өзі ең бір жайлы әрі жағымды кезең болды деп түйіп отыруымның себебі де сол. Қазақта «Үй болмай, күй болмайды» деген мақал бар. Баспаналы болған жастарымыздың тау қопарып, тасты жаратынына сенемін.
Қалалық ардагерлер ұйымының тыныс-тіршілігі көз алдымда өтіп жатыр. Ел басшысының халыққа Үндеуінің көкейтестілігін сол күні-ақ ардагерлер қауымдастығы талқылап та тастадық. Болашағымыз, жастарымыз үшін қуандық. Уақытты созбай ел Үкіметінің Президент бастамасын жүзеге асырудың мемлекеттік нақты шараларын қарастырып, жүзеге асырудың бағдарламаларын жасай бастағаны да аса құптарлық іс. Жастар – біздің ертеңіміз. Бес бастаманың ішіндегі баршамызға ең жақыны туралы бүгінгі ой қозғауымның себебі де сол. Елдегі ырыс пен ынтымақтың арқасында Отанымыз көркейіп, өсіп келеді. Ал адам капиталы – оның шешуші тармағы. Үндеуде осы ұғымға аса басымдық берілуі де сондықтан деп ойлаймын.
Еренғайып ШАЙХУТДИНОВ,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
АЛМАТЫ