Өйткені бес бастама – елдің ертеңі үшін жұмыс істейтін жастардың бағын ашатын дүние болмақ. Онда қазіргі қазақстандық кез келген жастың бас ауруына айналған баспана мәселесі орынды көтерілді. Елбасы Үндеуінде әрбір қазақстандық тұрғынның баспанаға қол жеткізуі басты орында деп шегелеп айтты. Ипотекалық несиенің пайыздық мөлшері 7 пайыздан аспауы керек және алғашқы жарна 20 пайызды құрайды деген болатын. Бұл мәселе қазіргі таңдағы ең өзекті дүние.
Замандастарым қалалық жерге барып жұмыс жасағысы келеді. Бірақ өкінішке қарай, олар қалада өмір сүру үшін айлығы 200 мың теңгедей болуы қажет. Ал ондай айлық бюджеттік және мемлекеттік қызметкер үшін арман. Қазіргі таңда жоғары білімді жастың орташа жалақысы 60-70 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз күнделікті тұрмыстық қажеттілікке ғана жетеді. Ал қалалық жерлерде жалдамалы пәтерлердің айлық ақысы 60-80 мың теңгені құрайды. Бұл – жас отбасылар үшін үлкен мәселе. Міне, осы түйткілге орай Президент Н.Назарбаев баспана мәселесін шешуді мықтап қолға алып, Үкіметке тапсырма берді. Мұның өзі жастар үшін маңызы терең дегім келеді. Ипотекалық несие 7 пайызды құраса – жастар мен ел тұрғындарына баспанаға қол жеткізу жеңілдейді.
Бастаманың ішінде тағы бір күрмеуі қиын мәселе – жоғары білімнің қолжетімділігі мен студенттік жатақханалардың бүгінгі жайы. Елбасы келер жылдары оқу гранттарын тағы да екі есеге жуық көбейту керектігін қаперге салды. Мұның өзі тағы да 20 мыңға жуық оқу гранттары жастарға беріледі деген сөз. Сонда елімізде тегін білім алушылар саны артады. Сондай-ақ ел ертеңінің кірпіші болып қаланатын жастар үшін ең керекті жатақхана мәселесі жуық арада күн тәртібінен түсетіні анық. Бір ғана Ақтау қаласының өзінде 70 мыңнан астам студент бар.
Ақтау қаласында студенттердің 4 жатақханасы ғана жұмыс жасайды. Бұл 70 мыңға өте аздық ететін дүние. Ол жатақханада 300-ге жетер-жетпес студент бар, ал қалған 95 пайыз студент пәтер жалдап күн кешуде. Осынау талай студенттің болашағына үміт отын маздатқан Елбасы Үндеуін ауыл жастары бірауыздан қолдайды. Елбасы Үндеуінде 75 мың орынға шақталған жатақханалар салынатыны айтылды. Бұл білімді жастардың ертеңге деген сенімін арттырды.
«Жастар – елдің ертеңі» демекші, бүгінгі студенттің өмір сүру формуласын Елбасы өзінің Үндеуі арқылы шешіп берді. Тәлімгерлерге бұдан артық бақыт жоқ деп білемін. Ал тұрғын үй мәселесінде Президенттің жүйелі жоспары мен түйінді мәселелерді тарқатудағы нақты шешімі жастар үшін тың бастама болды деуге болады. Мұның өзі ертеңгі күнге деген зор сенім мен ыстық ықыластың ерекше сипат алуына сеп болады.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
«Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ директоры
Маңғыстау облысы