Аймақтар • 20 Наурыз, 2018

Қостанайда Елбасы Үндеуі кеңінен талқыланды

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік органдар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдері, зиялы қауым және білім ордасының оқытушы­лары мен студенттері қатысқан Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтындағы басқосуда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі кеңінен талқыланды. 

Қостанайда Елбасы Үндеуі кеңінен талқыланды

Онда институт ректоры, профессор Еркін Әбіл Елбасы­ның Үндеуінде айтылған әлеу­мет­тік бас­тамаларға тоқта­лып өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың халыққа жол­­да­ған «Пре­зиденттің бес әлеумет­тік бас­тамасы» атты Үндеуін­дегі атап өткен бес әлеуметтік мәсе­­ле­лердің барлығы да бүгінгі күні өзекті. Әсіресе студент қауым үшін жатақхана мәселесі ерекше назарымызды аударғаны мәлім. Елбасы жастар үшін үлкен мүм­кін­діктер жасап отыр. Білім гран­тының бөлінуі мемлекеттің жас­тарға жасап отырған орасан зор қамқорлығы», – деді институт басшысы.

Облыстық жастар ісі жөнін­дегі басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов Елбасы Үндеуіндегі әлеуметтік мәселелер жастар мен студенттер үшін үлкен мүм­кіндік екенін, соған орай талпыныс керектігін тілге тиек етті.

«Елбасы Үндеуінің бірінші бастамасында айтылғандай, әр адам үшін ең бастысы, баспана болып табылады. Әсіресе жас­тар оқуды бітіріп, еңбекке араласқанда баспана керек болады, отбасын құрғанда оның қажеттігі арта түседі. Бұрын жас­тар оқуды бітірісімен бас­пана ала алмайтын, бірнеше жыл жалға алған пәтерде, үйде тұрады, әбден қаржы жинап, кезекке тұрып, ол келген соң ғана алатын. Банктің пайыздық үстемесі де жоғары болатын. Міне, енді Елбасы «7 – 20 – 25» мем­лекеттік бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл әрбір жас үшін Мемлекет басшысының әкелік қамқорлығы деп айтуға болады», – деді К.Әлімжанов.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуімен сту­денттердің өздері танысып, қуаныштарын білдірді. Екінші курс студенті Дархан Мұсақов – бола­шақ тарихшы. Ол «Серпін» бағ­дарламасы бойынша Тараз қала­сынан келіп білім алып жүр. Елбасының Үндеуінде ай­тылған мәселелер жастардың әлеуметтік тұрмысын көтереріне ол сенімді.

«Мен қазір пәтер жалдап тұ­рамын. Заманауи талап­пен салын­ған жайлы жатақхана бүгінде әр студенттің арманы ғана болатын. Болашақта жайлы жатақханалар студенттер­дің тұрмысын көтерері сөзсіз», – дейді Дархан Мұсақов.

Басқосу соңында институт ректоры Е.Әбіл мемлекеттің осындай қамқорлығына студент жастар тек жақсы оқуымен, сапалы білімімен және болашақта білікті маман болуымен жауап беруі тиіс екендігін айтты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ