Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, тәуелсіздік жылдарында елімізде көптеген бағдарламалар қабылданды. Соның ішінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының мамандары аз қамтылған және жас отбасылар, бір сөзбен айтқанда, түрлі категориядағы азаматтар тұрғын үйге жеңілдіктермен қол жеткізген болатын. Қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Себебі «Нұрлы жер» аясында тұрғындарға пәтермен бірге, жеке тұрғын үй алу мүмкіндігі де беріліп отыр. Үндеуде келтірілген деректерде өткен жылы ғана елімізде 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгені айтылады. Расымен де, бұл – рекордтық көрсеткіш.
Десе де, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар санының жыл санап көбеюі, мәселенің әлі де болса шешімін таппай отырғанын көрсетеді. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынуы тың бастама дер едім. Бұл еліміздің шын мәніндегі әлеуметтік мемлекетке айналғанын көрсетеді. Президент өз ұсынысында несие өсімінің мөлшерлемесін қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан асырмауды және бастапқы жарна құнының 20 пайыздан аспауын тапсырып отыр. Бұл қарапайым азаматтар үшін өте тиімді қадам. Біздің азаматтарымызда ақша жинау мәдениеті қалыптасуда. Демек, баспанаға жол жеңілірек болады.
Нұрбол ҚҰРМАН,
Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры