Қазақстан • 20 Наурыз, 2018

Наурыз кездесулері Астана сәулетіне арналды

529 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің дәстүрлі наурыз кездесулері Астана қаласының айшықты сәулетіне арналып отыр. Яғни сегізінші мәрте өткен наурыз кездесулері елорданың 20 жылдығы мен Назарбаев зият­керлік мектептерінің құрыл­ғанына 10 жыл толуы аясында ұйымдастырылды.

Наурыз кездесулері Астана сәулетіне арналды

Наурыз кездесулерін аш­қан «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» ДББҰ басқарма төра­йымы Күләш Шәмшидинова елорданың еңсесін тіктеудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше екенін атап өтті. Күләш Ноғатайқызының айтуынша, 1994 жылы ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданғанда қала халқы небәрі 290 мың адамды құраса, жылдан жылға жылдам қанат жайып, жайнай түскен жаңа қалада қазір 1 миллионнан астам халық тұрады. 

«2008 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір тарихи шешім қабылдады. Сол жылы 12 наурызда Қазақстанда жаратылыстану-математика ба­ғы­тындағы 20 зияткерлік мектеп құруға тапсырма берді. Бұл ұлт­тың зияткерлік әлеуетін тәр­бие­леуге мүмкіндік беретін білім саласындағы серпінді жо­баға айналды. Алғаш рет Аста­на қаласында физика-матема­тика бағытындағы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Қазір барлық өңірді қамтыған 20 зияткерлік мектепте 15 мыңға жуық оқу­шы оқиды. Бүгінге дейін 5660 түлек қазақстандық және шет­ел­дік жетекші жоғары оқу орын­дарында оқып, туған елі мен жеріне қызмет етуде», деді К.Шәмшидинова.

Аталған шараға Италиядан келген профессор, «Sergio Ferrandi Bureau» бас сәулетшісі Серджио Ферранди грек ойшылы Платондардан бастап адамзат баласы қала тұрмы­сын қалай қолайлы етуге болатыны жөнінде ой кешіп келе жатқанын, қазіргі уақытта ірі шаһарлардың дені смарт жүйеге көшіп жатқанын атап өтті. Италиялық сәулетшінің айтуынша, бүгінде халықтың 85 пайызы қалада тұрады. Сондықтан қалада қызмет көрсетудің өте ыңғайлы болғаны жөн. Өйткені қаладағы көлік ағыны, ластану деңгейі туралы ақпараттарды алып қана қоймай, аталған мәсе­лені шешуде оны үкіметтік орган­дарға жіберу өте өзекті. Осы орай­да «ақылды қала» жүйесін тиім­ді пайдалана білген абзал. Мәсе­лен, ақылды қалалар интер­нет дүниесін тұрғындар үшін қолайлы әрі орталықтандырылған инфрақұрылым құруға пайдаланады. Бұл инфрақұрылымды жақсартуға, көлік кептелісін шешуге, мобилді және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындар денсаулығын жақ­сартуға, жасанды интеллект ортасын түзуге оң ықпалын тигізеді.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы дизайн факультетінің профессоры, архитектура докторы Ләззат Нұрқышева дизайн­дық жобалауда смарт жүйе­сін қолдану өте ыңғайлы екенін, қазір студенттер осы технология бойынша өздерінің түрлі жобаларын жүзеге асырып жатқа­нын жеткізді. Осы технология ар­қылы жастардың қаланы ластамау, көлемі шағын пәтерлердің сыйымдылығын арттыру, көп қабатты ғимараттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тасымал құралы және жаттығу залдарын түзу, жылжымалы тұрғынжайлар жасау сияқты түрлі жобалары мобилділігімен, экологиялық қауіпсіздігімен ерекшеленетінін атап өтті.

Наурыз кездесулері аясында оқушылар Астананың сәулетіне сәулет қосатын 90-ға жуық жобаларын таныстырды. Бұл жобалар елорданы жоғары технологиялы, ақылды, футуристік, таза, жасыл, балалар және инкл­юзивті қала ретінде көргісі келе­тін балалардың ұшқыр қия­лы мен білім-білігін паш етеді. Мәселен, Ақтау қаласынан кел­ген 11-сынып оқушысы Назерке Аманқосованың жобасы Ас­танаға инженерлік және архи­тек­туралық технологияларды тұрғын үй кешенінде тиімді пайдалануға ой салады. Айталық үйдің жоғары бөлігіне жылыжай, төменгі қабатына автотұрақ және қалдық суды қайта өңдеу тех­но­ло­гияларын орнату, ком­мунал­дық тұрғыдан қала орталы­ғы­нан тәуелсіз ету сынды көп­теген ерек­шеліктерімен тартымды.

Кездесуге қатысушылар Аста­на­ның әйгілі сәулеттік нысандарын аралап көріп, елорда ғимараттарын жобалаған белгілі сәулетшілермен жүздесті.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»