20 Наурыз, 2018

Жас педиатрлардың тұңғыш басқосуы

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Білім-ғылым үйренбекке талап қылу­шыларға әуелі білмек керек. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген Абай­дың 32-қарасөзімен тұңғыш рет ел­ педиа­трларының ғылыми мәжілісі өтті. «Пе­диатрлар одағы» қоғамдық бір­лес­тігі мен­ С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасы ұйым­дастырған жиын педиатрия және балалар хирургиясының бүгінгі өзекті мәселелері тақырыбына арналды. 

Жас педиатрлардың тұңғыш басқосуы

Алматыдағы Педиатрия және балалар хи­рур­гиясы ғылыми орталығында өткен ша­ра еліміздің барлық медициналық ЖОО док­­то­ранттары мен магистранттарын және меди­­циналық мекемелерде резидентурада­ оқып жатқан 100-ден астам жас педиатр дәрі­герлерінің басын қосты.

– Бұл шараны өткізудегі басты мақсат – жас ғалымдардың ғылымдағы бағыты мен білім беру саласының маңызды мәселелерін тал­дау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы сала­сындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру. Конференцияға үздік деп танылған, арнайы комиссия алқасынан іріктеуден өткен ғылыми жұмыстар ұсынылды. Бүгінгі таңда жас педиатрларды дайындауда білім, ғылым мен тәжірибені ұштастыру маңызды. Ғылым мен білімнің интеграциясы заманауи эксперименті базада нақты ғылыми-зерттеулер негізінде жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді, – деді Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.

Ғылыми конференцияда балалардағы ауру­­лар­ды емдеу мен диагностикалаудың за­ма­­науи әдістері, балаларға медициналық кө­­мек беруді ұйымдастырудың аспектілері, си­рек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хи­рургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу сынды өзекті мәселелер талқыланып, баян­да­малар жасады. Сонымен қатар педиатрия­ тәжі­рибесінде сирек кездесетін әртүрлі кли­никалық жағдайлар ұсынылды. Сондай-ақ жас дәрігерлердің ғылыми жұмыстары мен пос­терлік баяндамалары арнайы көрмеге қойылды.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ