Фото: Айбатыр НҰРАШ
Ақ Жайық өңірі судың тілсіз жау екенін 2011 жылы алапат тасқын болғанда анық сезінген. Мыңдаған тұрғын үй, әлеуметтік және әкімшілік нысандар су астында қалды. Су астында қалған елді мекендерден 9 мыңнан астам адам көшіріліп, тасқын салдарын жою үшін үкіметтен 870 млн теңге бөлінді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында арнайы қызметтер, жергілікті әкімдіктер болуы мүмкін су тасқынының алдын алу үшін жұмылып жатыр. Облыс орталығында коммуналдық мекемелер көшенің қарын күндіз-түні далаға тасыса, наурыз айының ортасына дейін ауылдық елді мекендер аумағынан 200 мың текше метр қар шығарылыпты.
– Бұл әлі аз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Әр азамат өз ауласындағы қарды шығарсын. Ал көшедегі қарды біз тазалаймыз. Наурыз мерекесінен кейін күн күрт жылынуы, жаңбыр жаууы ықтимал. Сонда судың деңгейі көтеріліп кетуі мүмкін, – деді бейсенбі күні арнайы Тасқала ауданына барған өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Тасқала – су тасқынынан зардап шегуі ықтимал ауданның бірі. Мұнда қар да жылдағыдан көп, жердің тоңы да өткен жылға қарағанда екі есе қалың. Былтыр ол 50-60 см болса, биыл кемі 54, ең көбі 130 см-ге жетіп отыр.
Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің айтуынша, 10 наурыздан бастап ауданда су тасқынының алдын алу үшін сенбілік ұйымдастырылған. Ең қауіпті деген 7 жерде жүйелі жұмыс жасалған.
– Жергілікті полиция қызметкерлері мен ауылдық округ әкімі аппараты қызметкерлері тұрғындар арасында арнайы буклеттер таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар ауыл ішінен өтетін арықтарды тазалауға көмектесіп жатыр. Ең қауіпті деген бес арнаның төртеуін толық тазаладық. Соңғысын бүгін-ертең бітіреміз. Тасқала ауылының ең қауіпті Ахметқалиев, Чурилин, Первомайск, Шевченко көшелеріндегі қар түгелдей шығарылды. Атамекен, Амангелді және Бірінші Шежін ауылдарында да тасқынның алдын алу жұмысы жүргізілуде. Қазір мұнда үш К-700 тракторы қарды аршып, су жүретін жолдарды тазартуда. Жалпы аудан бойынша соңғы төрт күн ішінде 6 мың текше метр қар шығарылды, – деді Санжар Әлиев.
Биылғы өзгешелік – өзендердің мұзын бұрынғыдай динамитпен жару тоқтатылып, арнайы құрылғымен мұзды кесіп алып жатыр. Бұл экологиялық жағынан да тиімді, балыққа зиян келмейді, әрі қауіпсіз. Мұзды кесу, өзен арнасында мұз тығынының алдын алу өте маңызды. Тасқынның негізгі себебі де су арналардың кемерінен асып, келген суды өткізіп үлгермеуінен болады.
Биылғы қыстың қары жұқа, жылдағыдан әбігері аз болған еді. Бірақ наурыз айы туысымен күн күрт суытып, үсті-үстіне қар жауды. Боран болып, күре жолдар бірнеше мәрте жабылды. Дәл осы Тасқала ауданының үстімен Ресейге өтетін Саратов жолында 9 наурыз күні 53 автокөлік қар құрсауында қалып, арнайы қызмет өкілдері құтқарып алды. Наурыздағы жауын-шашын қалыпты жағдайдан әлдеқайда көп. Жергілікті тұрғындар мұндай қыстың соңғы рет 1986 жылы болғанын айтады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы