– Білуімізше, облыстағы бүркітшілердің 99 пайызы Үржар ауданында. Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында бір бүркіт бар деп естиміз. Қателеспесем, өңірдегі құсбегілердің ең жасы үлкені де, ақсақалы да өзіңізсіз.
– Қытайдан атамекенге, яғни Үржар ауданының Көктерек ауылына 2008 жылы көшіп келдім. Көшіп келгеннен кейін құсбегілік өнерді одан әрі жалғастырдым. Әуелгі кезде жалғыз ғана бүркітім болды. Қазір құдайға шүкір, белгілі атбегі, бүркітші, өзімнің шәкіртім Тәттімбет Кәпұлының бас болуымен Үржардағы бүркіттер саны 9-ға жетті. Бір ғана Көктерек ауылында 5 бүркіт бар. Өзім екі бүркіт ұстап отырмын. Айтпақшы, елге келген жылы мынадай қызық болған. Ұстап әкелген бүркітімді көрген ауыл азаматтарының төбе шашы тік тұрып: «Құсты заңсыз ұстап отырсың. Енді сені соттайды, айып тартасың», деп қорқытты. Алыпұшып Мақаншының әкімі Сәтайға бардым. Азамат екен. «Ата дәстүрімізді жалғастыруға келген екенсіз. Сотталсам, мен-ақ сотталайын, қорықпай ұстай беріңіз. Үкіметке тіркету жағын да ойластырармыз» деп мәселені әп-сәтте шешіп тастады. Содан бері құс баптап келемін. Қазір тәрбиелеп жүрген 10 шәкіртім бар.
– Сонда сіздің ата-бабаларыңыз да бүркіт ұстаған ғой.
– Иә, неше атадан жалғасқан өнер ғой. Қазір ұлым да қыран баптап жүр. Менің құсбегілікпен шұғылданғаныма 40 жылдан асты. Әкем 90-ға келіп қайтыс болды. Атам да, оның әкесінің де бүркіт ұстағанын ескерсек, еңбек өтіліміз 500-600 жылдың үстіне шығатын секілді.
– Қазір облыста қанша бүркітші бар?
– Тоғыз бүркіт Үржарда болса, бір бүркітті Шығыс ауылында ұстап отыр. Менің білетінім, Үкімет тіркеуіндегі осы он құс. Басқа аудандарда бүркіт жоқ.
– Өңірдің басқа аудандарында бүркітшілік неге дамымай отыр деп ойлайсыз? Үржарда бар тау, Үржарда бар қар Тарбағатай мен Абайда да бар емес пе?
– Біріншіден, бүркіт ұстау оңай шаруа емес. Бабы көп. Әуресі мол. Екіншіден, құсбегілікке үйрететін, көтеріп, дәріптейтін үлкен кісілер де азайып барады.
– Бүркітшілердің сайыстарын көріп, тамашалап жүреміз. Қасқырды былай қойғанда, қарсақ пен түлкіге түсе алмай жатады біздің бүркіттер. Күш-қуаты кеміді ме? Әлде бабы дұрыс емес пе?
– Күш-қуаты кеміген жоқ. Біз бүркіттерді аң-құсқа емін-еркін сала алмай жүрміз. Өйткені елімізде экологияны қорғау саясаты бар. Арнайы заңдар бар. Қазір елімізде бүркітшілік өнер тек спорттық шара сипатында. Жарыстарға қатысумен ғана шектеліп отырмыз. Кең далада сауық-сайран құрып, қоянға, қарсаққа, қасқырға салып, құстың да, өзіміздің де айызымызды қандыруға мүмкіндік жоқ. Әрине, бүркіттерімізді далаға алып шығамыз. Қанатын жаздырып, тау айналдырып ұшырамыз. Ұшырмаса топқанат болып қалады. Бүркіт бір жыл ұшпаса, ұшуынан жаңылады. Ал енді қырандардың қарымына келсек, қасқырға түсе алатын бүркіттер жоқ деуге болмас. Бар. Ол үшін әбден бабына келтіру керек. Қасқырға түсу бүркіттің жасына қарамайды. Балапан бүркіт те түседі. «Бала бүркіт түлкіден аянбайды» деген сөз бар ғой қазақта. Жас бүркіт өте өжет болады. Үш жасқа дейін ұшқыр келеді, ұрыншақ келеді.
Үш жастан кейін өзін-өзі ұстайтын дәрежеге жетеді.
– Жасы ұлғайған сайын шыңдала түседі дейсіз бе?
– Иә, шыңдалады. Жас кезінде тартыншақтап арттап ұстаса, яғни артынан кеп ұстаса, машықтана келе бастан ұстайтын дәрежеге жетеді. Бастан басатын дәрежеге келгеннен кейін ұру, ұстау шеберлігі шыңдалады. Сол кезде аяғын да шайнатпайды, өзі түскен аңдардан қулығын да асыратын болады.
– Бүркіт қанша жыл өмір сүреді?
– Бұрын үлкендер «қырық түлеттім, отыз түлеттім» деп отыратын. Бір түлету – бір жас. Мен өзім Қытайда жүргенде бір құсты 19 түлеттім. Әкемнің әкесі «отыз түлеттім де қоя бердім» дейтін еді бізге. Бірақ бүркіттің қартайып өлгенін көрген ешкім жоқ.
– «Бүркіт әбден қартайғанда өзін-өзі құз жартасқа соғып өледі» деп жатады.
– Ол – үлкендердің аңыз сөзі. Бәленбай ауылдың маңында бәленбай құс қартайып өлді дегенді ешкімнен естіген емеспін. Шын болуы да мүмкін. Бүркіт өлігін көрсетпейтін құс қой.
– Жаңа Қытайдағы бүркітті ұзақ уақыт ұстаған құсбегілер жайында айттық. Елімізде осындай бүркітшілер бар ма?
– Қырық, отыз жыл болмаса да 20 түлеткен, 22 түлеткен құсбегілер елімізде жоқ емес. Мәселен, осы жарысқа Астанадан келген Күнтуғанның әкесінде осындай бүркіттер бар. Қазақстандағы рекорд сол болуы керек.
– Рекорд демекші, қазір қай елде құсбегілер көп? Моңғолияда ма, Қытайда ма, әлде бізде ме?
– Моңғолияда 500 бүркіт бар деседі. Оны ұстап отырған өзіміздің қандастарымыз. Бізде 50-60 бүркіттің шамасы. Үштің біріне де жетпейді.
– Осы құсбегілерде «зейнеткерлік жас» деген дүние бар ма? Меніңше, шектеу жоқ секілді.
– Шектеу жоқ. Атқа мінуден қалғанша құсын ұстай береді. Мысалы, менің әкем 90 жасқа дейін құс баптады. «Өзім өлгеннен кейін қоя берсеңдер болады» деген сөзі әлі күнге дейін есімде. Бұрынғы ақсақалдар: «Енді өзім қартайдым. Мынаны қинамаңдар. Көтере алсаң көтер. Көтере алмасаң ақтық байлап, құзар шыңға апар да қоя бер» деп өсиет ететін.
– Қырық жылдан бері құс төресі бүркітті серік етіп келесіз. Бүркіттің қандай қасиеттерін, өзгеше мінездерін бөле-жара айтар едіңіз?
– Біз бүркітке неге сонша құмартамыз? Бүркіт Алла тағаладан «мен қай орында жүрем?» деп сұраған деседі. Сонда «Саған адам пенденің оң иығынан орын берем. Адамның түкірігіне ғашық етем» депті Алла тағала. Расында да, бүркіттің аузына түкіріп отырсаң тамсанып жұтып отырады. Бүркітті мұсылман баласына, қазақ баласына Алланың берген сыйы деп ойлаймын.
– Бүркіттің қасында отырғанда қандай көңіл күйде боласыз? Өзіңізді жақсы, жеңіл сезінесіз бе?
– Басқаларды білмеймін құсбегілер отбасында бүркіт жоқ болса, бір дүние кем боп тұрғандай сезіледі. Енді қыранның қасиетін айтайын. Бүркіттің жанында жиі жүрсең балаларға да, өзіңе де тұмау тимейді. Өзің бір жерден тұмауратып кеп құсты көтеріп сыртқа шықсаң сауығып қайтасың. Сондықтан бүркіттің микроб жоятын да қуаты бар ма деп ойлаймын. Бірде құсымды көтеріп келе жатып атым сүрініп кетіп, жығылып қалдым. Қыстың күні, үстімдегі киімім зілдей. Атым болса қашып кетті. Құсымды әрі көтеріп, бері көтеріп, қолым талған соң босатып қоя бердім. Ұшып, бір-екі тұмсық айналып кеткен. Дөңнен ассам, бүркітім атымды тоқтатып тұр. Сөйтсем атымның жерге сүйретілген шылбырын барып басқан екен қыраным. Шылбырдың ұшы күлтеленген еді. Сол тұстан басса керек. Атымды ұстап, бүркітімнің бұл ісіне қатты тебіреніп, қуанып қалдым. Артынан құсым бұл жерде маған көмектесейін деп емес, аттың шылбырын шырғаға санап, ұстады ма деп те ойладым. Кім біледі?!
Былтыр ауылдағы мектеп директоры «Бүркіт – мемлекетіміздің туында тұрған құс. Осыны жас ұрпақ көрсін, көзі қансын» деп төрт-бес баланы маған жіберген болатын. «Мынаны биялай дейді, ананы томаға дейді, бұл – аяқбау» деп бүркіттің бүкіл құрал-жабдықтарын оқушыларға көрсетіп, білгенімді айтып бергем. Биыл сол бетінде қалып қойды. Қайта басталған жоқ.
– Үржарда бүркітшілік өнер жақсы дамып келе жатқаны белгілі. Ауыл балаларының қызығушылығы қалай? Өзіңіз үйретуге дайынсыз ғой.
– Қызығушылығы жақсы. Үйретуге дайынмын. Үйренем дегендерге әркез есігім ашық. Бір ғана тілегім бар. Құс ұстау оңай шаруа емес. Күнделікті тамағы бар, кейде басқа облыстарға жарыстарға баратынымыз бар. Сондықтан облыс басшылығы, Үкімет тарапынан көңіл бөлінсе, қаржылай қолдау көрсетілсе дейміз. Сонда жастар да талаптанар еді. Бүркітшілік өнер одан әрі жанданар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы
Суретті түсірген
Нұрсұлтан ЕСЕНБАЕВ