21 Наурыз, 2018

Жұмысың қалай, жамағат?

621 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Расымен де осы біздің жұмысы­мыз қалай? Маңдайтерді сыпырып, өз болашағымыз үшін қажырлы еңбек ете алып жүрміз бе? 

Жұмысың қалай, жамағат?

Әлде, ас­пай­тын-саспайтын сол баяғы жай­ба­ра­қат­тық па? Егер әлемдегі түрлі ұлттар мен ұлыс­тардың өмір­леріне зер салсаң, солар­дың басым бөлігінің бір істі аяқтай салып екіншісін бастап, өзгелермен бәсе­кеге түсіп, қарбалас тіршілік кешіп жатқандарын байқайсың. Сон­дық­тан шығар, ондай елдер дамуда да бізден әлдеқайда ұзап кетті. 

Біреулері алып ұшақтар мен жел­мен жарысқан автомобильдер шыға­рып аттарын аспандатса, енді біреулер қалтаға сыйып кететін ұялы телефондар шығарып-ақ дүниеге танылып жатыр. Тіпті хош иісті иіс суларымен дүйім жұртты тамсандырып жатқандар қаншама! Ал, біз кейде жұмыс қайда қашар дейсің деп, шынтақтап жата береміз. «Жатқанға берсең, маған бер» дейтініміз тағы бар. Бірақ әзірге «беріп» жатқандар көрінбейді. 

Ойлап отырсаң, бізде еңбекке, еңбек адамдарына деген құрмет өте төмен сияқты болып көрінеді. Ескерткіштерді батырларға орнатамыз, көшелерге батырлардың аттарын береміз. Жұмыс­шы туралы сөз жоқ.  Көпшілік жинал­ған жерлерде аузымызға ақ-адал асын тосып отырған диқан мен малшыны емес, шіренген шенеунікті төрге шы­ға­ра­тынымыз да, солардың алдында жатып-жастық, иіліп төсек болып, шарапат атаулыны солардың кеуделеріне таққанды ұнататынымыз да нағыз еңбек адамын бағалай білмеуімізден шығар, кім біледі. Әйтеуір бір жайттың басы ашық, біз жаппай жабылып жұртты жұ­мыс­қа жұмылдыра алмай әлек болсақ, кей елдер адамдарға қайтсек артық жұмыс істетпейміз деп әлек.

Жапонияның Taisei  атты компаниясы жұмыс орындарында ұзағырақ отырып қалған кеңсе қызметкерлерін үйлеріне қуатын дрон жасап шығарған көрінеді. T-Friend деген атауға ие өзді­гінен ұшатын құрылғы арнайы камерамен жабдықталған. Белгіленген уақыт­та ол ғимарат ішін айнала ұшып, кезек аяқталғаннан кейін де жұмы­сында қалып қойған қызметкердің дәл жанына барып тоқтайды екен. Жай ғана тоқтап тұр­май, қызметкер үйіне әбден кеткенге дейін  Auld Lang Syne деп аталатын шотландиялық әнді қосып қоятын өнері тағы бар. Бұл әннің таң­дап алынуы да тегіннен-тегін емес көрінеді. Сөйтсе Жапонияның сауда орындарында осы музыканың естілуі дүкеннің жабылайын деп жатқанын білдіреді екен.

Егер жаңағы аппараттың өзіңізге тұп-тура ұшып келетінін ойлап алаңдап отыратын болсаңыз, сізге жайбарақат отырып жұмыс істеу қиынға түседі дейді осы дронды жасап шығарған компанияның директоры. Сөз ретінде мұндай дронды пайдаланудың айына шамамен алғанда 4,5 мың долларға түсетінін де айта кеткен жөн.

Мұндай құрылғының дәл осы елде пайда болуының өзі де кездейсоқтық емес. Жапония жұмысқа берілген адам­­дарының саны жағынан алдың­ғы қатарда тұрған елдердің бірі. Жапон­дардың пайымдауынша, шектен тыс жұмысбастылық елде орын алып жататын суицидтің негізгі себеп­терінің де бірі болып табылады екен. Сондықтан да ел билігі үстіміз­дегі жылдың қаңтар айынан бастап мер­зім­нен тыс жұмыс істеуге қарсы кү­рес науқанын бастауға мәжбүр болған.

Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл елде шамадан артық жұмыс істеуден болып жататын өлім-жітімді білдіретін кароси деген ерекше термин де пайда болыпты. Ресми мәліметтерге қара­ғанда, жыл сайын кем дегенде 200 жапон осы каросиден ажал құша­ды екен. Бұл көрсеткіштің өзін ел кәсіп­одақтары тым төмендетілген көр­сет­кіш, іс жүзіндегі жағдай бұдан әлде­қайда көп деп есептейтін көрінеді.

Жапониядағы жағдай осын­дай бол­ғанда, біздегі жағдай қандай? Абырой болғанда, біздің ағайын­дарға жұмыс­бас­тылықтан келер қауіп жоқ. Егер жұмыс күндері ымырт үйірілгенге дейін кеңседе отыратындар мен сенбі-жексенбі күндері жұмысқа шығатын кейбір жерлестерімізге келсек, обалы не керек, олар қандай да бір істі тындырып тастау үшін емес, әншейін, жоғарыдағы басшылар үйінде шалқайып жатып алды деп айтпасын деген сақтықпен ғана кеңсеге барып төбе көрсетеді. 

Осындай жағдайды естіп-білген­нен кейін әй, осы біздің шенеунік­тер үшін де жапондардікіндей бір дрон артықтық етпейді-ау деген ой да қылаң береді екен. Бірақ ол Күншығыс елін­дегі сияқты кеңсе қызметкерлерін үй­леріне қуатын емес, керісінше, жұмыс үстелі басында қалғып-шұлғып отыр­ған шенеуніктеріміздің қасына жақын­дап барып, «қой ұйқыны, жұмыс істе!» деп айқай салатын дрон болуы керек сияқты... 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше