Фото: voxpopuli.kz
...Өткен жылдың күзінде Еңбекшіқазақ ауданында облыстық мәслихат комиссиясының көшпелі отырысы болды. Сонда осы мәселе қозғалды. Оны сөз еткен – «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтарова. Ол «Алтын адамның» сүйегін жер қойнына тапсыратын уақыт жетті деді. Сондай-ақ бұл рәсімді үлкен деңгейде, елдік шара ретінде салтанатпен өткізу керектігі туралы ұсынысын айтты. Мәселенің анық-қанығына жете үңілу мақсатында тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Райылқызымен әңгімелестік.
– Гүлмира ханым, көтерген мәселеңіз бізді қатты таңғалдырды. Соның мән-жайын тарқатып айтсаңыз.
– Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылы осы аумақтағы тарихи орындарды, көне қорымдарды одан әрі зерттеу үшін «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі салынды. «Алтын адамның» сүйегі туралы әңгіме сол күннен басталды. Өйткені музейге келушілердің дені «Сақ ханзадасының алтын киімін алдыңыздар. Ал сүйегі қайда?» деген сұрақты жиі қоя бастады. Өкінішке қарай оның жауабын ешкім де анық білмейтін. Осыдан кейін бәріміз шындап ойлана бастадық. Дереу іздестіру жұмыстарына кірістік.
Ең алдымен сол оқиғаны көзбен көрген куәгерлердің әңгімелеріне ден қойдық. «Алтын адамды» алғаш тапқандардың бірі – археолог Бекен Нұрмұханбетов. Ағамыздың айтуынша, археологтер ол жерден табылған жәдігердің бәрін – алтын бұйымдарды, қаңқа сүйекті Алматыдағы, қазіргі Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтқа тапсырған екен. Енді сол жаққа қарай ат басын бұрдық.
Мамандарынан сұрастырдық, мұрағаттарын ақтардық. Бірақ іздеген дүниеміз жоқ болып шықты. Енді не істейміз? «Шешінген судан тайынбас» деген бар, орта жолда тоқтамадық. Алматыдағы сот-медицина сараптамалық институтына кірдік. Мына қызықты қараңыз, кейде ойламаған жерден олжаға кезігесің. Біз іздеп жүрген «Алтын адамның» сүйегі осында екен. Қаңқа сүйек сақталған шағын қорапшаның сыртында «1970 г. Курган Иссык» деп жазылып тұр. Ал оның ішіндегі қағазда «Сохранить до 1978 года. Сдал Шаяхметов» деген жазу бар. Бір өкініштісі, қаңқа сүйектің құрамы толық емес. Бас сүйегі жоқ.
Әрине сүйекті табуын тапқанмен, нақты қорытындыға келу көп жұмысты қажет етті. Неге дейсіз бе? Себебі бұл шынымен «Алтын адамның» сүйегі ме, жоқ әлде басқа адамның сүйегі ме деген сұрақ алдымызды кес-кестеді. Осыған толық көз жеткізу керек. Кемал Ақышевтың тобына қатысқан өзіміздің Бекен ағаға қайтадан жүгіндік. Қораптан шыққан сүйектің фотосын көрсеттік. «Осы болуы керек. Шырамытып тұрмын» деді ағамыз. Содан кейін қорапты ашып, қаңқа сүйектің өзін көрсеттік. Осы кезде қарт археолог қатты тебіренді. Біраз үнсіздіктен кейін «Иә, бұл «Алтын адамның сүйегі» деді нық сеніммен. Кемал Ақышевтың ұлы Әлішер Ақышевты да шақырдық. Ол да осы тоқтамға келді. Міне, әңгіме осылай басталған.
– Сонымен археолог-куәгерлердің тұжырымдарын естідіңіздер. Ал антрополог ғалымдардың зерттеулері сіздерді қандай қорытындыға жетеледі?
– Әрине, ғылымға негізделмеген сөзге ешкім сенбейді. Десек те, сол кездегі зерттеу экспедициясының құрамында болған куәгерлердің айтқандары да біз үшін өте маңызды болды. Енді осының растығына көз жеткізу үшін антрополог ғалымдардың сараптамаларына ден қойдық. Академик Оразақ Смағұлов ағамыз жан-жақты зерделей келе, «17-20 жас аралығындағы жігіт» деген қорытынды берді. Сонымен қатар ғалым бұл сүйекті қазба жұмысы кезінде табылған сүйектің фотосуреттерімен салыстырып қарап, молекулярлық-генетикалық зерттеу жұмысын жасау керек деген ұсынысын да айтты.
Ендігі кезекте шетелдік мамандардың пікірлерін ескергіміз келді. Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Венгриядан келген ғалым Андраш Биромен танысудың сәті түсті. Ол кісіге осы мәселе жөнінде айтып көріп едік, бізді бірден қолдады. Венгр ғалымы Оразақ Смағұловтың қорытындысын қайталады. Ресейлік антрополог Александра Китова да әріптестерінен алыс кетпеді. Ол екі фотосуреттің нұсқасын мұқият салыстырды. Біріншісі – «Алтын адам» табылған кезде түсірілген сурет. Екіншісі – жаңадан табылған қаңқа сүйектердің рентген сәулесі арқылы шығарылған фотолары. Ғалым оларды зерттей келе сүйек «Алтын адамдікі» екенін нақты дәлелдеді.
– Мені толғандырып отырған жай мынау, сонда осыншама жылға дейін ғалымдар «Алтын адамның» сүйегін мұрағаттардан іздеп тауып, зерттеу жүргізбеген бе?
– Ол кезде заман басқа болды ғой. Кездейсоқ табылған олжаны зерттеудің, анықтаудың мүмкіндіктері шектеулі еді. Оның үстіне бір ғалымның зерттеген объектілеріне екінші бір ғалымдар араласпауға тырысатын. Міне, осындай түсініктердің салдарынан біз сөз еткен жәдігер де назардан тыс қала берген. Тек Тәуелсіздіктің арқасында ғана істі қайтадан жаңғыртып отырмыз.
– Сонымен «Алтын адамның» сүйегі қазір қорық-музейде тұр дейсіздер. Оны келушілерге қалай көрсетесіздер? Осы жайында айта кетсеңіз.
– Қорық-музей алғаш ашылған жылы оның аумағы 6 гектарды құрады. Бес қорған ғана ресми түрде музейдің қарауына берілді. 14 жәдігеріміз ғана болды. Ал қазір қорық-музейдің қорғау аумағы үлкейді. 422,7 гектар. Оған 2 қалашықтың орны және 83 оба кіреді. Нәтижесінде, тарихи жәдігерлердің саны 3000-нан асты. Барлығына тиянақты зерттеу жұмыстары қажет.
Бұрын Есік өңірінде 1500-дей оба болған екен. Өкінішке қарай, кезінде тарихи орындар қараусыз қалған. Біразының үстіне құрылыстар салынып кеткен.
Енді «Алтын адамның» қаңқа сүйегіне келсек, ол қазір осында. Қорық-музейдің қорында сақтаулы тұр. Алайда, біз оны келушілердің барлығына ашып көрсетпейміз. Өйткені бабамыздың сүйегін жұрт қызықтайтын жәдігерге айналдыру ұлттық менталитетімізге сай келмейді.
– Сіздің ойыңызша, сүйекті қайтадан жер қойнына тапсыру қажет қой. Бұл пікірге зиялы қауымның көзқарасы қалай? Егер бәрі бірауыздан қолдаған жағдайда, «Алтын адамды» жерлеу рәсімін қалай өткізу керек деп ойлайсыз?
– Әрине, сүйектің мәңгілік мекені – жер. Туған өлкенің торқалы топырағынан артық қасиетті не бар?! Бұл сүйек «Алтын адамдікі» екені толық анықталды. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ендеше осынау өзекті мәселені кешіктірмегеніміз дұрыс деп ойлаймын. Өйткені уақыт өткен сайын сүйек үгітіліп, бүлініп барады. Ал оған дұрыстап мән бермеу күллі қазаққа сын. Сонымен қатар адамгершілікке де жатпайды. Дініміз де оны дұрыс көрмейді. Сондықтан бабамыздың сүйегін үкіметтік деңгейде, бүкіл ел болып құрметтеп, ақ жауып арулап қайтадан жерлесек деймін. Ол рәсімді сол заманның талаптарын еске түсіре отырып ұйымдастырсақ тіптен жақсы. Сақтардың мәдениеті туралы тарих белгілі, қазіргі таңда бір кісідей зерттелді. Біз осы мәселеге байланысты жобаларымызды дайындадық. Оны тиісті орындарға жолдап та қойдық.
Мен жұмыс сапарымен Оңтүстік Кореяда болдым. Ондағы Коинджоу қаласын аралап көрдім. 1971 жылы Пэкче династиясынан шыққан Мурионг есімді патшасына арналған бір ғана қорғаннан 4000-ға жуық зат табылғанын естідім. Соның негізінде құрылған Ұлттық музей және музейлендірілген қорғандарға қарап қайран қалғаным бар. Кореялықтардың өз тарихына деген құрметіне сүйіндім. Болашақта Есік өңірі де тура осындай болып, миллиондаған туристер ағылатын киелі мекенге айналатынына кәміл сенемін. Өйткені «Алтын адам» адамзат тарихында сирек кездесетін құнды жәдігер.
P.S. «Алтын адам» бүкіладамзатқа ортақ құндылық. ЮНЕСКО-ның тізімінде тұр. Киелі жерлер дегенде де ең алдымен біздің ойымызға мыңжылдық тарихы бар Есік өңірі, ұлтымыздың символына айналған «Алтын адам» еске түседі. Біз сол асыл бабамыздың алтын киімін көкке көтердік. Әспеттедік. Енді оның сүйегін артындағы ұрпақтары арулап жерлеуге тиіс. Бұл – біздің мойнымыздағы парыз бен қарыз. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген өсиет бар. «Алтын адамның» киесі де ұлы даланың рухын асқақтата береді!
Әңгімелескен
Болат МӘЖИТ,
журналист
Алматы облысы