Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Оңтүстік Қазақстанда «Наурыз - Қазығұрттан басталады» атты мерекелік іс-шара өтті

723 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстанда Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз тойы адамзаттың бесігі, жер кіндігі атанған қасиетті Қазығұрт тауынан басталды. Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының бөктерінде өткен «Наурыз - Қазығұрттан басталады» атты мерекелік іс-шарада қазақтың ұлттық құндылықтары ұлықталып, дүбірлі думанға облыстың 1500-ге  жуық өнерпазы қатысты.

Оңтүстік Қазақстанда «Наурыз - Қазығұрттан басталады» атты мерекелік іс-шара өтті

Мәртебелі қонақтар, зиялы қауым өкілдері алдымен сол жиын өтетін маңдағы Ақбура әулиенің кесенесіне жиналып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Кемеқалған» туристік кешенінің жобасымен таныстырды. Жоба бойынша Қазығұрттың Кемеқалған биігіне қарай 3,1 шақырымдық қанат жолы мен 4 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Биікте ұзындығы 137 метрлік, ені 30 метрлік, биіктігі 15 метрлік кеме тәрізді ғимарат бой көтереді.

Үш қабатты нысанның ішінде мұражай, қонақ үй, мейрамхана, көру алаңдары болады. Сондай-ақ осы кешен аумағынан ұлттық ат спорты ойындарын өткізетін 20 гектарлық алаң салу жоспарланған. Облыс басшысы келер ұрпаққа арнап жазылып, арнайы капсулаға салынған хатты кешеннің іргетасына қалап жіберді және осы айтулы оқиғаға орай қойылған ескерткіштастың жамылғысын ашты. 

«Тіршіліктің бастауы Қазығұрт» қойылымымен шымылдығы түрілген  шара барысында 230 биші хореографиялық композиция арқылы жер жаһанды топан су басып, Нұқ пайғамбардың кемесінің Қазығұрт тауына аялдағанын бейнелі бимен паш етті. Облыс әкімі Ж.Түймебаев Наурызды тойлаудың не себепті Қазығұрт тауынан бастау алғанына тоқталды. Аңыз бойынша Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына Наурызда келіп тоқтаған. Кемеден бірінші болып шыққан тіршілік иесі нәуірзек болған. Алғаш рет жерге қылтиып шыққан өсімдік көкбәйшешек, ұзақ жолдан арып-аршып келген кемедегі бар азық-түліктен дайындалған алғашқы тағам Наурызкөже екен. Яғни, Қазығұрт пен Наурыз екеуінің бір-бірімен байланысатын тұстары көп. 

-Наурызда дәстүр бойынша жастар үлкендермен көріседі. Өкпе-наз реніштер ұмытылады. Яғни, Наурыз ынтымақ пен бірлік, үлкенге құрмет, мейірім мен кешірімділік секілді ізгі қасиеттер дәріптелетін мереке,-деді облыс басшысы.

Той  облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы мен ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстармен жалғасты. Биыл оңтүстікте қолға алынатын ауқымды мәдени шаралар да осы жиында айтылды. Атап айтқанда, «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра», «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» жастар форумы,«Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» қызғалдақ фестивалі, «Қымызмұрындық», «Қауынфэст», «Сафари Шардара» және тағы басқа да іс-шаралар өткізу жоспарлануда.       

 Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»