22 Наурыз, 2018

Өскеменде «ең үлкен бауырсақ» байқауы ұйымдастырылды

963 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз мейрамы облыс орталығы – Өскеменде кең көлемде, қаланың әрбір ықшам ауданында аталып өтіп жатыр. Шаһардағы осындай мерекелік шаралардың бірін бүгін Б.Александров атындағы Спорт сарайы жанында «Қазцинк» компаниясы ұйымдастырды.

Өскеменде «ең үлкен бауырсақ» байқауы ұйымдастырылды

Спорт сарайының қасына жиылған қалалықтар алтыбақан теуіп, тегін таратылған палаудан дәм татып, әртүрлі спорттық сайыстарға қатысты. Мерекені тамашалауға келген халықты «Торпедо» командасының хоккейшілері де құттықтап, құттықтап қана қоймай әртүрлі тақырыптық байқаулар ұйымдастырып, жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырып, жанкүйерлерімен бірге суретке түсіп, қолтаңба берді. «Біздің кәсіпорын осы жерде жыл сайын Наурыз мерекесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Тұрғындар да мұны жақсы біледі. Біз мерекелік шараны мейлінше қызықты қылып өткізуге тырысамыз. Балалардың да, жастардың да, жасамыс кісілердің көңілін көтергіміз келеді. Биыл «Торпедо» хоккей клубының хоккейшілерімен бірге шаһар тұрғындарын шуақты мейраммен құттықтадық. Ең бастысы, халық риза. Бізге керегі де – осы», - дейді «Қазцинк» ЖШС-нің әлеуметтік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Мерекелік шара аясында «ең үлкен бауырсақ» байқауы өтіп, салмағы 6 келі, ені 90 сантиметр бауырсақ пісіріп әкелген қала тұрғыны Наталья Дятлова жеңімпаз атанып, сыйлыққа теледидар алды. «Байқаудың өтетінін инстаграмм желісі арқылы білдім. Бұл бауырсақты құрбыммен бірге 6 сағат көлемінде пісірдік. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын», - дейді ол. 

Өңірдегі ең ірі өндіріс орны қала тұрғындарынан бөлек өздерінің қызметкерлеріне арнап Өскемен металлургиялық кешенінде мерекелік шара өткізіпті. «Ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген жұмысшыларымызды назардан тыс қалдымайық деп осындай шара ұйымдастырдық. Шақырылған әншілермен қатар өзіміздің өнерлі қызметкерлеріміз де өнерлерін паш етті. Балаларға арнайы алаңқай жасадық. Мерекені отбасымен, жақын адамдармен, әріптестермен қарсы алғанға не жетсін?!», - дейді «Қазцинк» ЖШС атқарушы директоры Тұрарбек Әзекенов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше