«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.
«Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.
Төменде Ақмола облысы, Ақкөл ауданынан фоторепортаж беріліп отыр.
![301111-29](http://old.egemen.kz/2011img/301111-29.jpg)
Ақкөл – ақшағалалы көлдің ғана емес, тіршілік атаулының тұтқасына баланған ақ тілектердің айдынын әспеттейтін қастерлі ұғым. Жақсылықтың жетегіндегі бабаларымыз ну қарағайлы, сұлу қайыңды, мөлтілдеген мөлдір көлі бар осынау өңірді Ақкөл атаған екен. Қайтерсің, көп жылдар аудан атауы Алексеевка болып ақтаңдақтанып тұрды. Тәуелсіздігіміздің арқасында Ақкөліміз қайта оралды. Ауданның арғы-бергі тарихын, жетістіктерін жіпке тізіп бітіре алмаспыз. Бір білеріміз, бұл өлкенің әні мен сәніне, «гәккулеткен» тіршілігіне қол соқпайтын адам жоқ. Өмір әнін шығарушы да, шырқаушы да, абыройын асқақтатушы да қарапайым әрі жайдарман көңілдегі – ақкөлдіктер.
Бүгінгі Қазақстанның күре жолы – «Астана-Бурабай» алты жолақты автобанының бойындағы Ақкөл қаласына Халық қаһарманы, армия генералы, Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы салтанатты көшемен кіріп келгенде бойыңызды ұлтымыздың ғаламат рух қуаты биіктетіп, жаныңыз жадырап сала беретіні хақ. Генералдардың ең жоғары шеніндегі Сағадат ағамыз осында туған! Ел қуанышына үнемі ортақтасып жүреді.
Жалпы, Ақкөл Тәуелсіздігіміздің ғақлия тарауларына өзіндік таңба қалдырып келе жатқан құт мекен десе болғандай. Мұнда «Қазсат» жүйесіндегі ғарыштық басқару орталығы орналасқан. Мұнда тарихи қысқы Азияданың үш дүркін жеңімпазы Александр Червяков тұрады. Осы қарашаның орта шенінде тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевпен 20 жылдық мерейтойымыздың құрметіне өткізілген тікелей телебаянда Ақмола облысы бойынша Азат ауылындағы заманалық «SC Food» ЖШС экспорттық бағыттағы ет өндірісі кешенінің таныстырылымы өткізілді. Алысқа құлаш сермеген ауылға мемлекеттің қолдауымен АҚШ-тан 539 құнажын, Австралиядан 407 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Дәл осындай жоба «Новорыбинский К» ЖШС-інде де жүзеге асырылуда. Шаруашылық әу баста француз селекциясындағы «Обрак» тұқымды 347 бас ірі қара сатып алса, алдағы кезде оның саны 3-4 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Осы орайда, ата-бабаларымыз малдың басын санамаған дегенді басшылыққа алғанменен, Арқа төсіндегі Қараөзек ауылында 11 түйенің маң-маң басып жүргені талай жайдан дерек береді деп ойлаймыз.
Негізінде ауыл шаруашылығы экономикамыздың тұрақты да табысты, басым бағыттағы саласы екендігін қайталап жатпайық. Ақкөлдік диқандар биыл 124 мың гектар егістіктің жалпы түсімін 176 мың тоннаға жеткізді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,2 есе артық. Гектар берекесін 20 центнерден асырғандар табыс көзін ылғал сақтағыш технологиямен байланыстырады. Биыл 113 мың гектарды қамтыған озық әдістің арқасында ақкөлдіктер барлық шығындардың 3 есе азайғандығын есептеп отыр.
Бұл ауданда кембағал, кемтармын деп айтатындар некен саяқ. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқаламаса да» Тәуелсіз елдің азаматы әрқашан алдын ойлайтынын бағамдаймыз. Осы ауданның әкімі Асқарбек Үйсінбаев бұған дейін Бұланды ауданын басқарғанында аудан орталығында қазақ мектебі жоқ еді, оны ашты. Ақкөлге келсе тағы да сол жағдай. Оны да ашты.
Ақкөл әлі де алда бола беретініне сенімдіміз.
Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.