Аймақтар • 26 Наурыз, 2018

Қарағандыда қоқыс өңдеу зауыты салынуда

851 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаланы да, даланы да басып кеткен қоқыс үйінділері – қоғамдық проблема. Одан құтылудың тиімді жолдары талайдан бері қарастырылып келеді. Қарағандылық «Горкомтранс» ЖШС қазіргі уақытта қоқыс өңдеу зауытын салуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен шұғылданатын кәсіпорын көп ұзамай өңірдегі ғана емес, республикадағы алғашқы қоқыс өңдеу ұйымына айналатын сыңайлы. 

Қарағандыда қоқыс өңдеу зауыты салынуда

Облыста осы бағытта бірнеше жыл бұрын қолға алынған жобалар сәтсіз болып, ақыры қоқыс өңдеу тақырыбы мүлде қозғаусыз қалған еді. Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде бүгінге дейін қоқыс өңдейтін кәсіп­орын жоқ. Қалдықтарды сұ­рыпт­ап, өңдейтін, жоятын шағын компаниялар ғана бар. Айталық, 2012 жылы ашылған астаналық қоқыс өңдеу кешені екі жылдай ғана жұмыс істеді. Одан ке­йін қаражаттан қиындық көріп, жұмыс­керлеріне еңбекақы төлей алмай, ақыры жабылып тынды.

Осындай тағы бір кешен Алматы қаласында салынып жатыр. Білуімізше, биыл іске қосыл­мақ. Қоқыс қалдықтарын шыға­рып, залалсыздандыратын шағын қызмет көрсетуші компаниялар әр өңірде бар. Қарағанды облысында қатты тұрмыс қалдықтарын жинау, сұрыптау және өңдеумен айналысатын алты кәсіпорын бар. Алайда, соңғы бес жылда қоқыс қалдықтарын өңдеумен бір ғана компания – жылына 100 мың тоннадан артық қоқысты сұрыптайтын «Горкомтранс» ЖШС шұғылданады. Сонымен қатар кәсіпорын Қарағанды, Саран, Шахтинск, Теміртау қала­лары­нан, Абай ауданынан жеткізі­летін қоқыс қалдықтарын жинауға арналған полигоны бар қоқыс өңдеу кешенінің құрылысына күш салуда. Бұл жобаны жүзеге асы­руға «Горкомтранс» ЖШС 800 миллион теңге бөлді.

– Қазір компания қоқыстарды сұрыптау жұмыстарын жүргізуде. Желінің қуатын жылына 100 мың тоннадан 200 мың тоннаға де­йін жеткізу бойынша шаралар атқарып жатырмыз, – дейді «Гор­комтранс» ЖШС-нің бас директоры Марат Бимағамбетов. – Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Қоқыс өңдеу зауытының қуаты жылына 300 мың тонна болуы тиіс. Құрылыс­ты біз шартты түр­де үш кезеңге бөлдік. Оның ал­ғаш­қысын, яғни қоқыстарды сұрыптауды бастадық. Бұл желі арқылы қалдықтардың 80 пайызы – пластик, картон, шыны, алюминий өтеді. Айта кету керек, пластик салынып жатқан зауытта өңделеді. Қалған шикізаттар біздің материалдармен жұмыс істейтін компанияларға жібері­леді. Екінші кезең – желіні жетіл­діру жұмыстары. Бұл кезеңде біз жабдықтар сатып аламыз. Мәселен, зауытқа пакет жырт­қыш­тар мен қалдықтарды сүзе­тін сепараторлар қажет. Бұл жаб­дықтар ТМД аумағында жоқ. Оны Еуропадан жеткіземіз. Ал үшінші кезеңде қатты тұрмыс қалдықтарын өңдейтін биогаз кешенін жасау қажет. Жалпы, зауыт 2019 жылы іске қосылуы тиіс.

Марат Бимағамбетовтің ай­туын­ша, ауқымды кешен құры­лысы облыс әкімдігі мен фин ком­паниясының көмегімен жүргі­зілуде. Жобаға қатысушылар былтыр меморандумға қол қойған болатын. Облыс әкімдігі «Горкомтранс» ЖШС-нің қуатына серіктес қалалардан қоқыс таситын қызмет көрсетушілер тартуды өз міндетіне алды. Ал финдер құрылысқа көмектеседі. Қоқыс өңдеудің қыр-сырын әлі күнге жетік меңгере қоймағандықтан, Еуропа елдерінің тәжірибесіне сү­йенуге тура келеді. Тұрмыстық қал­дықтар бізде осы уақытқа де­йін өңделмей келді. Іріп-шіріп жат­қан қоқыс үйінділері ауа мен су­ды, топырақ қабаттарын аяусыз лас­тап жатыр. Ал Еуропада бәрі таза. Қоқыс қалдықтары түріне қа­рай бөлек жиналады. Яғни, плас­тикті бір, шыныны екінші кон­тей­нерге тастайды. Біз алдымен сон­дай тәртіпке үйренуіміз керек.

Негізі, Қарағандыда қатты тұрмыс қалдықтарын бөлек тас­тау үшін жүздеген контейнерлер қойылған. Алайда, халықтың басым бөлігі соған мән бермес­тен, қоқыс толы қалтасын ортақ үйіндіге лақтырып жібереді. Дегенмен, кәсіпкерлер халықтың қоқысты бөлек жинау мәдениетіне үйренеріне сенімді. Оны әрине, уақыт көрсетеді. Тіпті болмаса, келешекте табиғаттың өзі тәртіпке мәжбүрлері сөзсіз.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ