Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде басталған «Ұлы Жібек жолы» көрмесіне француз тілді елдердің (Франция, Бельгия, Швейцария және Марокко) төтенше және өкілетті елшілері ортақтасып, Франкофония мерекесі мен Франкофон көктемі-2018 оқиғасына орайластырылған шара баспасөз мәжілісіне ұласты. «Ұлы Жібек жолы» көйлектер көрмесінің ашылуы тек арнайы шақырылғандарға арналды.
Жоғарыда атап өткендей, ерекше көйлектерді тігуге француз стилисі Ламин М мұрындық болып, тамаша идеяны Ерлан Жолдасбеков (бренд YERLAN ZHOLDASBEK), Гауһар Ахметова (бренд KIORI), Эльмира Маемерова (бренд MIREL MARAT), Жарқын Баймаханов (бренд JARKYN BAIMAKHANOV), Алексей Чжен мен Лария Жақамбаева (бренд ONE-TO-ONE), Тамара Ламанукаева (бренд TAMARA LAMANUKAEVA) сынды отандастарымыз жүзеге асырды. Және бұл дизайнерлер Kazakhstan Fashion Week Ұлттық сән апталығының тұрақты қатысушылары.
Ал ісмерлік өнерінің туындыларына тоқталсақ, оның әрқайсысы өзіндік тақырыптарға ие. Көрмеге қойылған көйлектер «Кешір, Арал», «Таңбалы тас» (авторы Ерлан Жолдасбеков), «Томирис патшайым» (Камилла Ким), «Халықтар достығы» (Гауһар Ахметова), «Бабалар мұрасы» (Эльмира Маемерова), «La soif noire» (Жарқын Баймаханов), «Жиһан кезу уақыты» (Алексей Чжен мен Лария Жақамбаева), «Амага патшайым» (Тамара Ламанукаева) деп аталады.
Kazakhstan Fashion Week PR-директоры Ботагөз Алдоңғарованың айтуынша, осы жобаға тартылған дизайнерлер оны тамаша идея деп тауып қана қоймай, өз қабілеттерін танытудың ерекше мүмкіндігі деп қабылдаған. Осылайша қазақстандықтар прет-а-порте үлгілерін тудыра отырып, сән әлеміне өз қолтаңбаларын қосты.
Әрбір көйлектің тақырыбы ғана емес, тігілу тарихы да бар. Маталар Франциядан әкелініп, оның ою-суреттері бірнеше ай бойы салынған. Мәселен, Камилла Кимнің үлгісі бірнеше жүздеген мата тіліктерінен тұрады. Және мұның бәрі жымын білдірмей қайта құралған. Қысқасы, әрбір көйлекті тудырудың өз күрделілігі мен пәлсафасы бар десек болады.
Бұрнағы жылы да Алматыдағы Франция елшілігі мен Француз Альянсы осы жобаны жалғастыру үшін Ламин М-ды Қазақстанға шығармашылық сапармен шақырған-ды. «Ұлы Жібек жолы» тақырыбына біріккен «алып» көйлектердің бірлескен жаңа коллекциясы – осы арт-резиденцияның нәтижесі.
Көрме 10-13 сәуір аралығындағы Қазақстан Ұлттық сән апталығы басталғанша жалғасады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ