Aptanews.kz
Ал жеке тұлғаларды несиелендіру 12,4 пайызға артқан. Қаражатқа шаққанда компанияларға берілген займ ауқымы 500 миллиардқа төмендеген, ал халыққа берілетін займ керісінше, осындай сомаға өскен. Бұл банктер назарының қарапайым халыққа бұрыла бастағанын көрсетеді. Себебі олардан қарызды өндіріп алу оңай. Сайып келгенде бұл экономиканың дамуына үлкен қауіп төндіреді. Өйткені өндіріс және ұсыныс саласын несиелендірудің орнын тұтыну саласын несиелендіру басады. Бұл баға өсіміне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Тұтынушылық несиелердің негізгі бөлігі отандық тауарларды сатып алу үшін емес, импорттық электрониканы, жиһаздар мен киімдерді тұтыну үшін алынатыны дәлелденген.
Екіншіден, жеке тұлғаларды несиелендірудің қарқыны тым жоғары. Жалпы әлемдік тәжірибе несиелендірудің дұрыс өсімі халықтың қаржылай табысының және жалпы экономиканың өсіміне сәйкес болу керектігін көрсетіп отыр. Қазақстанда халықты несиелендірудің 12 пайызға ұлғаюы Ішкі жалпы өнімнің небары 4 пайызға артуы мен азаматтардың шынайы табысының 2,5 пайызға төмендеуі жағдайында орын алып отыр. Бұл өмір сүру деңгейін қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін халық тұтынушылық несиеге жүгінуге мәжбүр дегенді білдіреді, яғни олар несие арқылы өздерінің төмен табыстарын толтырады.
Елімізде банктік несиелендіруден басқа онлайн-несиелендіру де қарқынды жүріп жатыр. Онлайн-несиелендіру 350 пайызға өскен. Оны ешкім реттемейді. Бұл займдар бойынша сыйақы өте жоғары, жылдық үстемақы шамамен 700 пайызды құрайды.
Қазіргі таңда біз мынадай өте қауіпті жағдайды бақылап отырмыз: банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен жартылай заңсыз займдар бойынша онлайн-кеңселер қазақстандықтардың табыс деңгейінің және қаржылық сауаттылықтарының төмендігін пайдаланып, несиелік өнімдерді сатудың агрессиялық саясатын жүргізуде. Сөйтіп жаңа несиелер ескі несиені жабу үшін алынады да, қазақстандықтар қарыз құлдығына түседі. Қаржылық «фастфуд» нарығының қарқынды өсуі халықтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр.
Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, ескі несиені жабу үшін жаңа несие алу арқылы халықтың үнемі қарызға батуына қарсы екенімізді жеткіздік. Сонымен қатар несиелендіру бұлай жалғаса бермеуі керектігін ескерттік. Борышты қайтару бұқаралық мәселеге әкеліп соқтырып, әлеуметтік шиеленісті ушықтырады және шынайы экономикалық секторға зиянын тигізеді. Осыған орай уақыт оздырмай Үкімет несиелендіру нарығында азаматтарымыздың құқығын қорғау бойынша кешенді шара қабылдауы қажет.
Айқын ҚОҢЫРОВ,
Мәжіліс депутаты