Аймақтар • 26 Наурыз, 2018

Оңтүстік қызғалдақ фестиваліне шақырады

1442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қызыл кітапқа» енген, айырықша қорғауды қажет ететін қызғалдақ – Оңтүстік Қазақстан облысының символы.  Сол алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызылда көптеп өседі. Көктемгі тамаша көріністі қызықтауға еліміздің және алыс-жақын шетелдік қонақтардың мүмкіндігі молая түспек. Яғни, енді Оңтүстікте жыл сайын сәуір айында «Қызғалдақ фестивалін» өткізу қолға алынады.

Оңтүстік қызғалдақ фестиваліне шақырады

Жалпы облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген  республикалық және халықаралық жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Әр ауданда өткізілетін шараларда өңірдің әлеуеті мен ерекшелігі ескерілмек. Мысалы, қызғалдақ фестивалінен кейін мамыр айында «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» тақырыптарында үлкен іс-шара  өткізіледі.  Сондай-ақ,  жыл сайын «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» атты жастар форумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Өңірдегі мектеп бітірген түлектерді жаңа өмірге  Ордабасы тауынан аттандыру дәстүрі қолға алынады.

Биылғы жылы «Қымызмұрындық» іс-шарасын Бәйдібек ауданының тау баурайында өткізу жоспарланып отыр. «Оңтүстіктің дара тұлғалары» тақырыбы  аясында ай сайын елге танымал зиялы қауым, ғалым, қоғам, мемлекет қайраткерлері жастарға дәріс оқитын болады. КСРО Суретшілер одағының 12 мүшесі Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылынан шыққан.  Осыған орай, Төлеби ауданында халықаралық, республикалық дәрежедегі суретшілер мен мүсіншілердің заманауи өнер биеналлесін өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында қазан айында жыл сайын «Safari Shardara» шарасы басталады.  Қызылқұм өңірінде, Сырдария өзенінің бойында, Шардара теңізінің жағалауларында сейіл-серуен, сафари, су жарыстары, күзгі джаз, гитара фестивальдерін  ұйымдастырып, өлкемізді Қазақстанның тұрғындары мен шетелдіктерге таныстыру көзделіп отыр. Тамыз айында «Қауын fest»  ал, қыркүйек айында «Агро fеst» фестивалін өткізу де жыл сайынғы дәстүрге айналмақ.

Спорттық  жарыстар өткізу де бұқаралық сипат алады. Мысалы, Төлеби ауданында  «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу қысы», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы»  іс-шараларын өткізу жоспарлануда.  Қыс айларында «Салбурын – саятшылық мерекесі»  мен «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты іс-шаралар жас ұрпақ бойына бабалар салтын сіңіріп, саятшылықты, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға септігін тигізбек. Ал Сарыағаш ауданында жыл сайын «Open Saryagash» атты халықаралық, республикалық деңгейлерде гольф жарыстары өткізіледі.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Әйгерім Бегімбет